"Хабардың" тілшісі шекарада тапаншамен ұсталды
2017 ж. 01 сәуір
5626
2
Талантты, танымал тележурналист Әбдез Рахманұлы шекарада тапаншамен ұсталды. Мұндай ақпаратты еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанннан» оқып таңқалғанымыз рас. Әбекеңнің басына «үйіріліген қара бұлтты» басылымның сүйіншілеп жазғаны несі деп ойладық басында. Сөйтсек оқиға былай болған екен...
Әбдез Рахманұлы «Хабар» арнасының Өзбекстандағы меншікті тілшісі ретінде жұмысқа кіріскен тұста хизбутшылар Ташкенттің бірнеше жерінде жарылыс жасап, елдегі тыныштықты сақтап тұру үшін барлық салада өте қатаң тәртіп қолға алынады. Алдымен шекара жабылады. Мемлекеттің ішінде де барлық жерде тексеру, тінту, аракідік атыс-шабыстың даусы естіліп қалатын. Әбекең сол жақта түсіріліп, монтаждалған сюжетін Шымкентке жеткізіп, облыстық телеарна арқылы Алматыға жіберіп жүріпті. Өзге жол да, әдіс те жоқ. Ол үшін шекараны кесіп өтуі керек. Кейде кеден бекетіне келіп, Тәшкен жақтан, сағаттап рұқсат күтіп отырған кездері де болған. Отбасы Алматыда тұрады. Өйткені, Тәшкенде қазақша оқытатын мектептің реті келмеген. Бірде көктемгі каникулға әкесін сағынып іздеп келген балаларын Шымкенттен пойызға отырғызып жібермекші болып, жолға шығады. Мініп жүретін көлігі сол Өзбекстанда шығатын, ел «бөлке нан» атап кеткен «ДАМАС». Артынған-тартынған сөмкелері бар. Шекараға жақындай бере милиция тоқтатады. Қызметтік куәліктерін көрсеткенімен оларға аса әсер ете қоймайды. Тексеру сөмкелерді тінтуге келгенде, бір шетінен қылтиып тапаншаның ұңғысы көрінеді. Әрі қарай Әбдез Рахманұлының өз сөзімен сабақтайық.
«Бірінші болып менің өзім шошып кеттім. Салған жерден біреулер білдірмей әдейі тастап жіберді ма, деген ой келді. Кәдімгідей сасқалақтадым, анда-санда айтатын өзбекшемді де ұмытып қалдым. Ашулансам орысшаға көшіп кететінім бар. Боқтық та кетіп қалды. Оны байқаған милиция ентіге ұмтылды. Шынымен тапанша. Әйелімде үн жоқ, қызым мен 9 жасар ұлым машинаның бір бұрышына тығылып қалыпты. Мен «иманымды үйіріп», түрмені көзіме елестете бастадым. Ақырын саусағының ұшымен ұстап, тапаншаны алды. Ары-бері аударып көрді. Арғы жақта тұрған командирін шақырды. Мен тіпті дем алудан қалдым, көзім шарасынан шығып барады. Әбден қорқып қалғандықтан-ау шамасы әйелім боп-боз болып отыр. Бір кезде балама тіл бітті. Жыламсырап, «менің пистолетім ғой» деді. О, Алла тура шын тапанша. Милиционер де аса сенбей тұр. Маған жан бітейін деді. Үйде жүргенде қызыма ойыншық пистолетімен су шаша берген соң ұрысқаным есіме түсті. Сол кезде барып, арқамды жуып тер аққанын сездім. Қайтадан бар білетін өзбекшемді тілімді бұрап тұрып айтып, түсіндіре бастадым. Адам жоқ жаққа бағыттап, шүріппесін басқан кезде тыз етіп су атылды. Милиционер екеумізде кереғар екі сезім. Мен пәледен құтылдым ғой деймін, ол «қап, бір мақтау есітер едім» деп тұр, қатуланып маған қарап. Шекарадан бері өткен соң, Қазақстанға, жолдың шетіне шығып тоқтап, бәріміз ішек-сілеміз қатып күлдік. Менің қисайтып өзбекше сөйлегенімді әйелім мен балаларым естеріне түсіріп, келекетіп салады. Баламның қорқып дірілдегені сонша әпкесінің қойнына тығылып, әншейінде аузы жабылмайтын, тілінен айрылып қалғанын айтамыз. Әйелімнің сөз таба алмай «ой-ой-ой» дей бергені. Әбден күліп біткен соң баламды біраз қуырып алдым. Қайдағы пәлені тауып алғандығын айтып. Бірақ, ол шекарада сонша тексеретінін қайдан білсін» деп жазады басылым.
Дереккөз: oinet.kz