ҚУАТ КӨЗДЕРІН ҚАЛАЙ АРЗАНДАТУҒА БОЛАДЫ?
2017 ж. 28 наурыз
2308
3
ОЛ ҮШІН САЛА ЖҰМЫСЫНА ЖАСАНДЫ ЕМЕС, НАҚТЫ РЕФОРМА ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТ
Жанар-жағармай, электр қуаты қымбаттаса кез келген тауарлар мен азық-түліктің бағасы да көтерілетіні дау тудырмайтыны ақиқат. Бұған біз талай рет көз жеткізген болатынбыз, әлі де басымыздан өткерудеміз. Электр қуатын тарататын компаниялар біріккенде ғана тариф төмендемек деп есептейді депутаттар. Осы мәселеге қатысты заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Соңғы кезде Парламенттің қос палатасында елімізде бағаның шарықтап кетуі туралы бірнеше рет арнайы сөз болғаны белгілі. Әсіресе күнделікті қолданатын тауарлар мен дәрі-дәрмек, азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауы қарапайым тұрғындардың тұрмысын ауырлатып жібергені жайында жиі айтылып жүр. Оған ортадағы делдалдар кінәлі деген айыптар да тағылып жатыр. Ол да негізсіз емес. Ештеңе өндірмей-ақ алып-сатарлықпен бағаны білгенінше көтеру – қылмыс, халықты қанау. Бұл туралы талай жылдар айтылып, жазылып келгенмен жоғары деңгейде тек қана соңғы кездері ғана нақты назар аударыла бастаған секілді. Бүгінде Қазақстанда электр энергиясын тарататын 160 кәсіпорын бар екен. Оның тең жартысы жекеменшіктің қолында. Енді Энергетика министрлігі соларды біріктіріп ірі компанияға айналдыруды көздеп отыр. Сөйтіп саннан сапаға көшіп, жарық беруді жүйелі жолға қойып, жұртты жарылқамақ. Шенеуніктердің сендіруінше, ұсақ фирмалар біріктірілгенімен жұмысшылар арасында жаппай қысқарту орын алмайды. Сонымен қатар атқамінерлер қараусыз жатқан электр желілерін жеке қолға өткізбекші. Министрлік осындай ауқымды реформалар қуат көзін тасымалдаудың бағасына оң әсер ететініне сенімді сияқты. «Бұдан тұрғындар да ұтады. Өйткені бұл тарифтің арзандауына әкелуі тиіс» – дейді Энергетика министрлігінің комитет төрағасы Сұңғат Есімханов. Дұрыс делік, бағаны арзандату керек. Бұл туралы аз айтылып жатқан жоқ, бірақ нақты іс жоқ. Мысалы, бір кездерде осыдан 4-5 жыл бұрын іссапармен отын-энергетика орталығы Екібастұз қаласында болғанымыз бар. Көмірі дәп түбінде ашық әдіспен алынатын, бір емес екі бірдей электр өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі стансасы бар қалада қуаттың бір киловаты 4 теңге болса алыс аймақтарда ол 10-11 теңгеге бағаланған болатын сол уақытта. Ал, стансадан киловаты небары 1 теңгеден шығатын электр қуаты сонда қалай қымбаттап кеткен? Әлде оны машинамен немесе пойызбен тасымалдап жатыр ма? Тағы да сол ортадағы делдал компаниялардың тойымсыздығынан болып отырған жағдай. Бір қызығы, баға көтеріліп, қыруар пайда тапса да олар электр желілерін жаңартқан емес, сол баяғы кеңестік кезеңде салынған жүйе, түскен пайда із-түзсіз жоғалуда. Ал, жүйелер болса істен шығып, апатты жағдай орын алуда. Оны біз бюджет есебінен жөндеп, ауыстырудамыз. Сонда халықтан жиналған қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Естеріңізде болса, бұл туралы депутаттарымыз «Компаниялар құрылғыларды жаңартудың орнына өздеріне қымбат көлік пен кеңселеріне жиһаз сатып алып жатыр!» деп дабыл қаққан болатын. Ол да кезекті науқаншылық болып қала берді, айтылды, қалды. Тойымсыз компанияларға ешкім ешқандай нақты шара қолданған жоқ. Одан бері де баға ондаған есе өсіп кетті. «Нарық заңы бар, бәрін өзара бәсеке шешеді» деп шіренген шенеуніктер міз бақпай отырып алды. Шынын айтсақ бұл жолғы реформалары да ешқандай оң нәтиже бермесі анық. Неге? Біріншіден, ұсақ жекеменшік компанияларды біріктіру барлық мәселені шешпейді. Оларды біріктіргенмен тұтынушыларға жеңілдік болмайды. Өйткені бағаны олар өлсе де төмендетпейді. Араны ашылған жеке кәсіпорындардың жұмысына нақты қатаң тексеру жүргізіп, бағаны бақылауға алу қажет. Өндірілген өнімнің өзіндік құнын анықтаудан бастап, тұтынушыға жеткенге дейінгі ұзын-сонар аралықты түгелдей тексеріп, негізсіз қойылған бағаны анықтап, түбегейлі өзгерістер жасамаса болмайды. Қуат тарататын кәсіпорындарға барып көріңізші, екі-үш қабат кеңседе кірпіктері мен тырнақтарын бояп, телефонмен өсек-аяң соғып отырған қызметкерлерді көресіз. Солардың бәріне жоғары жалақы төленеді. Осы жерде ашығын айта кетелік, олардың жалақысы көмір қазып, ми қайнатар ыстық цехта электр қуатын өндіріп жатқан кеншілер мен энергетиктердікінен бір де кем түспейді. Не үшін? Кеңседе отырғандардың қарасы желілерді жөндейтін жұмысшылардың санынан көп. Қазіргідей компьютер, электронды байланыс толықтай қамтылған заманда олар не бітіріп отыр? Осы да «жаңа жұмысы орнын ашу» бағдарламасы болып па? Жоқ, бұл жемқорлыққа жол беру болып табылады, халықтың ақшасы босқа шашылып жатыр. Енді біз неге осындай ұсақ жекеменшік компанияларды көбейтіп жібердік дегенге тоқталайық. Алдымен айтайық, кез-келген қарапайым адам ресми заңда жазылғандай өз алдына жекеменшік кәсіпорын аша алмайды. Ол үшін жоғарыда жақсы танысың болуы қажет, біздегі шындық осы. Ал, турасын айтсақ, осы кәсіпорындардың иесі – сол жергілікті және одан да жоғары отырған шенеуніктер. Әрине, өз атына емес, таныс-туыстарының атына тіркеп қойған. Сенбесеңіз ірі құрылыс компаниялары, қоғамдық көлік мекемелері секілді орындардағы басшыларды алып қараңызшы. Олардың көбісі бұрындар әкімдік немесе министрлікте жоғары лауазымда істегендер немесе солардың таныстары болып шығады. Олай болса, бұл компаниялардың жұмысын дұрыс жолға қою ешкімнің қолынан келмейді. Өйткені жоғары жақтан тіреп отырғандар оған ешқашан жібермейді, өздері пайда табуы керек. Сондықтан да біздегі реформалар басталмай жатып нәтижесіз аяқталып жатады. Елбасының «Жаңа жұмыс орындарын ашыңдар, жұмыс орнын қысқартпаңдар!» деген игі тапсырмаларын біздің шенеуніктер осылайша орындап, өз пайдаларына бұрып алған. Бұл жемқорлыққа жол ашатын жағдай бір ғана энергетика саласында ғана емес, жылу, су, газ беру сияқты көптеген қызмет көрсету жүйесін түгелдей жайлап алған. Бұдан кейін қайдағы реформа туралы сөз болуы мүмкін?.. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz