«Ықсановтың расында да турашыл азамат екеніне көзім жетті»
– Иә, менің Қызылорда облысында сот төрағасы болуым Әуелбековтің басшылық еткен жылдарымен тұспа-тұс келді, – деп бастады сөзін Өтеген аға. – Оған дейін республиканың Әділет министрлігінде, Жоғарғы сотта жұмыс істедім. Басында «Атырауға, Ақтөбеге облсоттың төрағалығына барасың ба?» – дегенде онша ыңғай білдіре қоймағанмын. Сонан соң осы Қызылорда ұсынылды. Және «бұл жолы бармасаң, келесіде ешқайда ұсынбаймыз» деген ескертуді қадап айтты. Сондықтан амалсыз «мақұл» дедім. Оның үстіне «қазақтың қалың ортасы ғой, несі бар, барсам барып, жұмыс істеп көрейін» деп ойладым…
Сол тұста облысты басқарып тұрған «Әуелбеков аса қатал, талапшыл, бірақ, өте іскер адам» дегенді жиі еститінбіз. Жұрт: «Қызылордаға дейін ол Торғай және Көкшетау облыстарын басқарған, сол жақтарда тәртіп орнатқан» деп айтатын. Былайша айтқанда, «кімсің?», «Әуелбековпін» дейтіндей, Қазақстандағы айтулы да беделді обком хатшыларының бірі-тін.
Адам баласы өмірде кем-кетіксіз, қателіксіз болған ба? Солай демекші, қызмет бабымен, жұмыс барысымен араласқанда байқағаным, Еркін Нұржанұлы кей мәселелерде қызбалыққа салынып, белден басып, асыра сілтеп жібереді екен. Ол кісімен менің келіспеушілік пен қайшылығым соған байланысты туды.
Сол жылдары (1988-1989) облыс көлемінде мынадай бір оқиға орын алды. Мүмкін кейбіреулердің есінде шығар. Оны уақытында газеттерде шулатып жазды да. Жаңақорған ауданындағы «Түгіскен» совхозының директорын біреулер түнде үйіне келіп өлтіріп кетеді. Кеңестік тәртіптің кезі ғой. Бұл қылмыстық істің бетін ашуға прокуратура, милиция органдары шұғыл кіріседі. Өкінішке қарай, көрген куәлар, айғақ заттар жеткіліксіз, жоқтың қасы. Тек марқұмның әйелі қараңғыда біреулердің сұлбасын танығандай болады. Оның өзі нақты емес, көмескі. Дегенмен, тергеудің нәтижесімен күдікті ретінде бір-екі адам ұсталып, соның негізінде іс сотқа өткізіледі. Әдетте мұндай жауапты істерді өзім қолға алып қарайтынмын. Сол жолы республика әділет министрі телефон шалып, «жақында Мәскеуде судьялардың үлкен жиыны болады. Сонда сөз сөйлейсіз, дайындалыңыз», – деді. Бұл да жауапты шаруа, сондықтан істі амалсыз орынбасарыма тапсырдым. Сондай негізді себептерге байланысты істі сотта қарау біраз уақытқа созылды. Екіншіден, мұндай мәселеге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Күдікті ұсталғанымен, оның ар жағында адамның өмірі-тағдыры тұр. Мүмкін, қылмысты ол емес, басқа біреу жасаған шығар. Сондықтан қылмыскерді соттап, жаза қолдану үшін оның кінәсін, қылмысын бұлтартпай мойындататындай нақты дәлелдер болуы керек. Оған қоса «осымен шауып өлтірген» деп алынған балтаға жұққан қанды Алматыдағы республикалық сараптама орталығына жібергенімізде, олар жарытып ештеңе айта алмады. Сол үшін оны Мәскеуге жіберуге тура келді…
Соттағылар осылай қылмыстық істің ақ-қарасын айырамыз деп жүргенде жер-жердегі сияқты, Қызылорда облысында да КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидаттарды ұсыну науқаны басталады. Ол кездегі тәртіп бойынша, обкомның бірінші хатшысы өзі басшылық ететін облыстың бір сайлау округінен міндетті түрде депутаттыққа кандидат етіп ұсынылатын және сайланатын. Сондай үрдіспен Е.Н.Әуелбеков Жаңақорғанға, оның ішінде «Түгіскен» совхозына да барып, депутаттыққа кандидат ретінде сайлаушылармен кездеседі. Жұртшылықпен кездесу үстінде біреулер, сірә, жанашыр, ет жақын ағайындары болса керек, жоғарыда айтылған совхоз директоры К. Садановтың өліміне қатысты сұрақ қояды. Және де «кінәлі қылмыскерлер белгілі болса да сот пен құқық қорғау органдары істі сөзбұйдаға салып, жазаламай-соттамай отыр» дегенді айтады. Обком хатшысы Е. Әуелбеков мұны өзіне түртіп, жазып алады да, келген бойда обкомның бюросын шақыртып, онда «Түгіскен» совхозы директорының өліміне байланысты қозғалған қылмыстық істің тергеу барысын арнайы мәселе етіп қаратады. Осыған орай бюроның барысында облыстың ішкі істер басқармасының бастығы Е.Демесіновке, прокурор С.Үмбеталиевке, сот төрағасы Ө.Ықсановқа шүйлігіп, ауыр-ауыр сөздер айтады. Тіпті, ашу үстінде «өз еріктеріңмен өтініш жазып, қызметтеріңнен кетіңдер!» дегенге дейін барады. Демесінов пен Үмбеталиев үндемейді де, Өтеген Ықсанов өз кезегі келгенде мұның бәрінің асығыс тұжырым екенін айтып, бюроның шешіміне өзінің келіспейтіндігін білдіреді. Ал, «өз еркімен өтініш жазу мәселесіне келетін болсақ, ондай өтінішті мен сізге емес, жоғарыдағы өзімді тағайындаған органға жазамын» дейді. Әрине, бұл сөз обком хатшысының шамына тиеді. Сөйтіп, бірінші басшының ыңғайына қарай, обкомның бюросы үшеуі де өз еріктерімен қызметтерінен кетулері керек деген тұжырыммен тарайды.
– Арада екі-үш күн өткенен кейін мен Үмбеталиевке келдім, – дейді Өтекең. – «Еркін Нұржанұлына барып мән-жайды түсіндірейік. Кеше ол қызбалыққа салынып, ашу үстінде айтқан болса, енді сабасына түскен шығар», – дедім. Прокурор әріптесім де бұл ойымды мақұл көрді. Партиялық және қызметтік әдеп бойынша обкомның бірінші хатшысына бару үшін алдын ала хабараласып, қабылдауға сұрану керек. Сондай тәртіппен Үмбеталиев бірінші хатшыға телефон соғып, айта беріп еді, Әуелбеков: «Мен сізге түсінікті тілмен айтқан сияқты едім. Өз еркіңізбен қызметтен кету жөнінде өтініш жазыңыз. Ықсановқа да солай деп сәлем айтыңыз!» – деді де, телефон тұтқасын қоя салды. Мен де қасында естіп тұрмын. Екеуміз де үнсіз қалдық. Енді не істеу керек? Үмбеталиевті қайдам, мен өзім мынадай әділетсіздікке күйіндім. Амалсыз салым суға кетіп, үйге қайттым…
Сонан соң Өтекең үйіне келген соң әрі-бері ойланады. Бәрін талғам таразысына салып, ой елегінен өткізеді. Сөйтеді де, «қой, бүйтіп қарап отырып, көрер көзге негізсіз кінәлі, жазықсыз жазықты болған болмас» деп төрелік пен әділдік сұрап, сол кездегі СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.С.Горбачевтің атына өз атынан арыз-шағым жазып, көшірмелерін КСРО Жоғарғы Сотының төрағасы В.И.Теребиловке және КСРО әділет министрі Г.Б.Кравцовқа жібереді.
Ол шағым хатта болған жәйді ешбір бүкпесіз ашық айтып, облыстық партия комитетінің сот-прокуратура және құқық қорғау органдарының жұмыстарына орынды-орынсыз араласа беретіні, соның кесірінен бұлардың жұмыстарында түрлі кедергілер мен қиындықтар туындайтынын тілге тиек етеді. Өйткені, бұған дейін де облыстағы Қазалы аудандық партия комитетінің өктем әрекетімен бір азаматтың болмашы нәрсеге бола екі жылға сотталып, артынан облыстық сот алқасының араласуымен ақталғаны туралы «Правда» газетінде (1989 ж. 12 қаңтар) «Вместо точки — запятая» деген мақала жарияланған болатын.
Горбачев бастаған «Қайта құру» науқанының белең алып, жариялылықтың шарықтап тұрған шағы. Облыстық сот төрағасы Өтеген Ықсанов жазған шағым хаттың жауабы көп күттірген жоқ. Ұзамай Мәскеудің тапсырмасымен Алматыдан республика партия орталық комитетінен Қызылордаға арнайы комиссия сау ете қалады. Республикаға танымал, беделді саналатын обком хатшысының абыройын ойлады ма екен, келген комиссия мүшелері Өтеген Ықсановпен және қалған адамдармен сөйлесіп, мәселені ушықтырмай, ресми қағаздар толтырып, қаттамай-ақ, екі тарапты татуластыру жолымен шешуге әрекет жасайды. Өзінің асығыстықпен асыра сілтеуге жол бергенін енді сезген Е.Н.Әуелбеков те бұларды шақырып сөйлесіп, қателігін мойындап, кешірім сұрағандай болады. Бірақ, мәселенің бұлай шешілуіне Өтекең көнбейді. «Рас, алыстан ат сабылтып, арнайы комиссия келген екен, тексерсін, істің ақ-қарасын анықтасын. Әйтпесе, жайдан-жай арызқой, жалақор атанар жайым жоқ», – дейді.
Сондықтан арыз жазушының талабы бойынша комиссия іске кіріседі. Тексеру барысында біраз жайдың беті ашылып, анықталады. Шағым хатта жазылған келеңсіздіктердің көпшілігі рас болып шығады. Соның негізінде 1989 жылдың 24 наурызында Қызылорда облыстық партия комитетінің арнайы бюросы өтеді. Бюрода коммунист Е.Н Әуелбеков орынсыз қызбалық танытып, ауыр сөздер айтқаны үшін СОКП мүшелері Ө.Ықсанов, Е.Демесінов және С.Үмбеталиевтен кешірім сұрайды. Обком бюросында басшылыққа мұндай ағаттықтың екінші рет қайталанбауы қатаң ескертіледі. Сөйтіп, бюродан Ықсанов, Демесінов және Үмбеталиевтің жүздері жарқын болып шығады. (Бұл жөнінде «Правда» газетінің 1989 ж. 29 наурыздағы нөмірінде «Вместо точки – окрик» деген мақала жарияланады). Газеттің Қызылдорда облысындағы меншікті тілшісі Дмитрий Гутеневпен болған кездесуінде Е.Әуелбеков: «Мен үшін бұл жағдай үлкен сабақ болды. Ықсановтың расында да таза, турашыл азамат, білікті маман екеніне көзім жетті», – деп ағынан жарылады.
Болғанына бірталай уақыт өтіп, сарғайған осынау құжат-қағаздарға үңіле отырып, мен Өтекеңе:
– Қаулының мына бір жерінде сізді де Әуелбековтен кешірім сұрады делініпті. Не үшін кешірім сұрап едіңіз? – деген сұрақ қойдым.
– Оның да қызық реті бар, – деді ол кісі күліп. – Мен жоғарыға жазған хатымда Әуелбеков өзін Гогольдің әйгілі «Ревизор» шығармасындағы дуанбасы (городничий) сияқты сезінеді дегенмін. Оны мен жай әдебиеттегі кейіпкермен салыстырып айтқанмын. Комиссия мүшелері «осы арада сіз кішкене артық кетіпсіз. Қанша айтқанмен, бірінші басшы ғой. Кешірім сұрай салыңыз», – деді. «Мақұл» деп мен де кішілік танытып, кешірім сұрадым…
Жалпы өмір, адамның тағдыры деген қызық қой. Ешкім де алдында болашақта не күтіп тұрғанын болжап біле алмайды. Сол айтқандай, арада біраз уақыт өткеннен кейін Қызылорданың облыстық партия комитетінде Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің КСРО Жоғарғы Кеңесіне қызметке ауысуына байланысты ұйымдық мәселе қараған пленум өтеді. Сонда «хан сыртынан жұдырық» дегендей, бірқатар азаматтар белсене шығып сөйлеп, бірінші хатшының атына қатты-қатты сындар айтады. Солардың көпшілігі күні кешеге дейін «сіздікі дұрыс!» деп шыбындаған аттай бас шұлғып, қызмет істегендер еді. Бүгін болса, басқаша сайрап отыр. Зал ішінде олардың ешқайсына да қосылмай, облыстық соттың төрағасы Өтеген Ықсанов үндемей отыра береді. Біреулер бұған: «сіз де қиянат-жәбір көріп едіңіз ғой, сөйлемейсіз бе?» дейді. Өтекең болса: «қызмет бабында ондай-ондай қарама-қайшылық пен қателіктер бола береді. Ол кісінің жеке басына, азаматтығына қояр кінәм жоқ», – деп сөйлемей қояды. Оның мұндай турашыл принципті ұстанымы өзіне айқын әрі түсінікті болғанымен, «жел қай жақтан тұрса сол жаққа бұрылып», құбылып үйренген жағымпаздар мен жандайшаптарға түсініксіз еді.
Одан бері де қаншама уақыт өтті. Заман өзгерді. Кейбіреулер фәниден бақиға аттанды. Енді біреулер жасы жетіп, зейнеттік демалысқа шықты. Өтекеңнің пайымдауынша: «Әуелбековтер өз дәуірінің перзенті. Олар партияға, өзі өмір кешкен қоғамына барынша адал қызмет етті. Идеяға, мақсатқа қалтқысыз сенді. Жан аямай жұмыс істеді. Өзіне де, өзгеге де талап қойды. Елге сіңірген еңбегін, жасаған жақсы істерін жоққа шығаруға болмайды. Қайта оны естен шығармай, кейінгі ұрпаққа тағылым етіп айтып отыру парыз. Кейбір қателік, аяқты шалыс басу кез-келген адамда болады».
Өтеген ағамыз да бүгінде зейнеттік демалыста, жасы сексеннің сеңгіріне жақындады. Бірақ, бәрібір баяғы көзқарас пен ұстанымынан айныған емес. Бәрінен де өмірде немқұрайдылардан, екіжүзділерден қорқу керек. Дүниеде неше түрлі сұмдықтар солардың әрекетімен болып жатады. Әйгілі поляк жазушысы Бруно Ясенский айтқандай: «Дұшпаннан қорықпау керек, азар болса атып кетер, достан да қорықпау керек, көп болса сатып кетер. Бәрінен де немқұрайдылардан қорқу керек. Өйткені, жер бетіндегі бар жауыздық іс-әрекет: сатқындық та, сұрқиялық та солардың үнсіз келісімімен болып жатады».
Бірді айтып, бірге кетеміз-ау! Осы орайда еске түседі. Шамасы 1996 жылы болуы керек. Жоғарғы Сотта Қылмыстық істер алқасын басқарып тұрған Өтеген Ықсановтың тікелей бастығы Жоғарғы сот төрағасы М. Малаховтың (жоғарғы суретте сол жақтан бірінші) парақорлығын әшкерелеп, елді шулатқаны бар. Ол кісі сонда: «менде еш бұлтартпайтындай дәлел мен айғақ бар» деп айтып еді. Мұндай батырлығы мен батыл қадамы үшін өзі қысым мен қудалау да көрді. Алқа төрағалығынан қатардағы судьяға ауыстырылды. Артынан оны басшылық «көкелеп» көндіріп, өз өтінішімен доғарысқа жіберді. Сөйтіп, елімізде зейнеткердің саны бір кісіге артқанымен, республиканың Жоғарғы соты білікті де аса тәжірибелі, турашыл бір судьясын жоғалтты. Малахов Жоғарғы соттың төрағалығынан қызметтік этиканы бұзғаны үшін кеткенімен, ықпалды қамқоршылары оны қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып жіберді. Осылайша Малаховтың аты ұмытылғандай болып еді. Алайда, мен оның фотосуретін 2013 жылы 20 қарашада өткен республика судьяларының съезінен көріп қалдым. Ол еліміздің Жоғарғы сотын әр жылдары басқарған төрағалар: Т.Айтмұханбетов, М.Нәрікбаевтармен қатар төрде отыр. Ал, қатардағы судьядан – Жоғарғы соттың қылмыстық істер алқасының төрағасына дейін өсіп, сот төрелігін адал жүзеге асыруға қалтқысыз қызмет етіп, жүйені дамытуға бір кісідей еңбек сіңірген ардагер заңгер Өтеген Ықсанов Қазақстан судьяларының съезіне делегат болмай-ақ қойсын, құрметті қонақ ретінде де шақырылмаған. Мұны қандай қисын мен себепке жатқызуға болады.
Осыған қарағанда бізге адал, турашыл судьялар аса керек емес сияқты. Былай сырттай бәріміз шындықты, ақиқатты қолдаған боламыз. Жеме-жемге келгенде шыншылдардан, ақиқатшылдардан шет айналамыз. Неге? Қоғам үшін зәру осы бір сұрақтың жауабы мені үнемі ойландырып, толғандырады.
Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
Қазақстанның құрметті журналисі
almaty-akshamy.kz