ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ҚЫЗМЕТТЕН ҚУУ – ЖАЗАЛАУ ЕМЕС
2017 ж. 20 наурыз
2009
0
Жылдар бойы қымбат та сапасыз дәрі-дәрмегімен жұртты шулатқан «СК-Фармация» компаниясындағы былыққа қатысты жаңа деректердің беті ашыла бастады.
Денсаулық сақтау саласының «созылмалы сырқатын» қатаң сынға алып, «мафия» деп атаған Елбасы жаңадан тағайындалған министр Елжан Біртановқа компанияның бүкіл басшыларын қызметтен қуып, тәртіп орнатуға арнайы тікелей тапсырма бергенін білесіздер. Содан болар алдымен оның басшысы дереу орнынан алынған-ды. Мұқият тексерулердің барысында былығы бастан асатын компанияның тағы да бес бірдей басшысы қызметтен қуылды. Құқық қорғаушылар мен тексеруші органдардың айтуынша әлі де талай қылмыстың беті ашылатын түрі бар.
Ал, жұмысынан айырылған директорлардың орнына денсаулық сақтау министрі жаңа адамдарды тағайындап үлгеріпті. Енді олар былыққа батқан «СК-Фармация» компаниясының жұмысын біздегі заңдарға сүйене отырып ретке келтіруге тиісті. Естеріңізде болса, бұл дәрі-дәрмек тасымалына жауапты мекеме алдымен монополияға қарсы заңдарды өрескел бұзғаны үшін дауға қалған болатын. Яғни, басшылары 2010-2015 жылдары шетелден келген дәрілерді ауруханаларға жеткізу мен сақтауды тек бір ғана компанияға жүктеп келген. Сөйтіп, нарыққа өзгелерді кіргізбей, 5 жыл бойы бір серіктестіктің сойылын соғыпты. Әрине тегін емес, сол арқылы өздері мол пайда табу үшін. Медициналық препарат тасымалдайтын фирмалар арасында бәсекелестікті шектеп, бағаның өсуіне саналы түрде ықпал жасаған. Соның кесірінен еліміздегі науқастар қолданатын қажет дәрі-дәрмек қолжетімсіз болып, ауруларын асқындырып алды. Тіпті тұрақты медициналық есепте тұрған кейбір науқастар аса қажет дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігінен өмірімен де қоштасты. «Бұл – қылмыстың көкесі, ұлттың денсаулығына қатер келтіріп, қауіпсіздігіне қол сұқты деген сөз. Бас пайдасы үшін мемлекеттің басты байлығы адамдардың тағдырын тәлкек ету қандай да болса қатаң жаза қолдануға лайық. Ал, жұмыстан қуып жіберу жаза болып табылмайды» – дейді жылдар бойы аурудың азабын тартып келген науқастар.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz