Келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы көтеріледі
2017 ж. 10 наурыз
8090
46
Келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы біртіндеп көтеріле бастайды. Осыған бірінші болып іліккендер, яғни, 2018 жылдың бірінші шілдесінен бастап 58,5 жасында зейнетке шығатын әйелдер зейнетақы көлемінен ұтатын болады.
- 2014 жылы зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту жөнінде концепция да, заң да қабылданды. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап зейнетақы жасын кезең-кезеңімен арттыру басталады. Зейнет жасын 63 жасқа дейін жеткізуді он жыл ішінде жүргіземіз. Ол 2018 жылдан 2028 жылға дейін жарты жылдан көтеріліп отырады. Яғни біздің әйел азаматтарымыз 2028 жылы ғана 63 жасқа келіп зейнетке шығатын болады, — деді үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Дүйсенова.
Осылайша, келесі жылы бірінші қаңтарда зейнетке шығуы тиіс әйелдер жарты жылдан кейін, яғни бірінші шілдеден бастап шығады. Министрдің айтуынша, осы уақытта зейнетке шығатын әйелдер қайта ұтады екен.
- Бірінші шілдеде біз базалық зейнетақының деңгейін көтереміз. Сондықтан бірінші ілінген әйелдердің базалық зейнетақысы екі есеге көбейеді. Сондықтан әйелдер зейнетақы көлемінен қайта ұтатын болады, - дейді министр.
Дүйсенова атап өткендей, бүгінде еліміздегі зейнетақы жүйесінің үш қаржыландыру көзі бар. Ал әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көпдеңгейлі жүйе тұрақты және жақсы зейнетақы алуға мүмкіндік береді.