Назарбаев қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады
2017 ж. 01 наурыз
4824
1
Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.
Форумға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов мемлекет органдарының басшылары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысуда.
Маңызды жиында Гүлшара Әбдіқалықова елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс айту күніне арналған құттықтау сөзін оқып берді.
«Алғыс айту күні – бұл біздің мемлекеттік және қоғамдық күнтізбемізде жақында ғана пайда болған ерекше күн. Алайда аталған жас мерекенің тарихи тамыры тереңде жатыр. Ол мейірімділік, рақымдылық, бір-біріне көмек пен өзін-өзі құрбан ету сынды адамның ең асыл қасиеттері көрініс тапқан алмағайып заманды еске салады.
Алғыс айту күнін атап өте отырып, біз, бір жағынан, халқымыздың рухани қаһармандығына құрмет көрсетіп, өткенге көз жүргітеміз. Екінші жағынан, адамгершіліктің негіздері арқылы жол тартылған болашаққа зор сеніммен қараймыз.
Біз отанымыздың әлеуетін мейлінше еселей түсуге көмектесетін табыстарымыз бен сын-қатерлерге ризашылық білдіреміз», - делінген хатта.
Сонымен қатар елбасы Қазақстан халқына алғыс айтып, оларды мерекемен құттықтады.
«Мен тәуелсіз елімізді бірлесіп құрып жатқан Қазақстан халқына ынтымағы мен ерік-жігері үшін алғыс айтамын. Қайырымдылық пен өзара көмек көрсету дәстүрінің одан әрі нығая түсетініне сенімдімін. Алғыс айту күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Барлықтарыңызға бақыт, отбасыларыңызға игілік, достық пен өсіп-өркендеу тілеймін», - делінген хатта.