Жолдау – қазақ елінің нақты бағдары
2017 ж. 23 ақпан
3246
1
Қазақстан халқы Тұңғыш Президентіміздің халыққа Жолдауын әр жыл сайын тың жаңалықтармен күтеді. Дәстүрлі түрде сабақтасып келе жатқан Елбасы Жолдауы – Отанымыздың ішкі және сыртқы ахуалына серпін берер маңызды әрі сенімді бас құжатына айналды.
Президент Н.Назарбаев елдің дамуына арнаған көпжылдық стратегиялық жоспарларды ұсынып отандастарын жасампаздыққа жетелеп келеді. Бүгінде қазақ елін бүкіл әлем таныды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырын басып өттік. Қалыптасу мен жаңаруды еңсерген мемлекетіміздің көз тіккен көкжиегі дамыған 30 мемлекет қатарынан өз орынын алу.
Мәңгілік елді мұрат еткен еліміз әлемдік деңгейде іргелі істердің ұйытқысы болып келеді. Елбасымыздың бастамасымен әлемдік діндер съезінің өтуі Қазақстанның беделін асырып, әлемді тұрақтылық пен бейбітшілікке шақырды. Сондай-ақ, биыл елордамыз Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткелі отыр. Баламалы энергия тақырыбын арқау ететін шараға, бүкіл әлем көз тігіп отыр. Таяуда Алматыда өткен «Универсиада-2017» спорт ойындарын атап өтпеуге болмас. Әлемнің 57 мемлекетінен 2 мыңнан астам спортшы бақ сынаған дүбірлі додада еліміз екінші орын алып, үлкен нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ, әлемдік спорт сарапшыларының оң бағасына ие болған универсиаданың ұйымдастыру жұмыстары арқылы еліміздің абыройы тағы да асқақтай түсті. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараларды Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында алғашқы болып өткізіп келеді.
Мұның барлығы да Тәуелсіздіктің қазаққа берген сыйы. Қазақстан, қазіргі таңда азулы алпауыттар санасатын зайырлы мемлекет. Президент осы жылы өзінің отандастарына арнаған жиырмасыншы Жолдауын жариялады. Егер жиырма жылға шегінсек, 1997 жылы 10-қазан күні Президенттің «Қазақстан-2030» стратегиясын жариялағаны есімізге түседі. Бұл Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы еді. Алғашқы Жолдауда яғни «Қазақстан-2030» стратегиясында алға қойылған межелерді еліміз мерзімінен бұрын іске асырды. Міне бұл отанымыздың алға қарай ілгері дамып келе жатқандығының айғағы.
Президент 20 жылдан бергі Жолдауының әрбірінде еліміздің жан-жақты дамуына арналған басымдықтармен Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келеді. Биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» аталатын Жолдауында ҚР Президенті Отанымыздың барлық салаларының табысты дамуының бағыт-бағдарын меңзеп отыр.
Елбасының Жолдауларында еліміздің ауыл-аймақтарын дамыту жолдары назардан тыс қалған емес. Президент биылғы Жолдауында: «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс», – деп агросекторға мақсат қойды. Қазіргі таңда елдің ауылшаруашылық өнім өндіру ісінде қарыштап даму байқалады. Дүкен сөрелерінде қазақстандық өнімдер самсап тұр. Мұның барлығы да ауылға жасалған жағдайдың әсері деп білеміз. Біз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысы жеміс-жидек пен көкөніске, мал шаруашылығына қолайлы мекен. Қазіргі таңда ауылдарда жас кәсіпкерлер мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдаулардың есебінен істерін дөңгелетіп отыр. Ауылшаруашылығын, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған көптеген мемлекеттік бағдарламалар агрокәсіпке үлкен серіпіліс беріп келеді.
Президент Н.Назарбаев жаңа Жолдауында тағы ауылшаруашылығын айналып өтпеді. Халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілеттілікті артыра түсуді меже етіп қойды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Мәселен, «субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет», – деді. Сондай-ақ, «жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет», – деп шегеледі. Халқымыз бабадан жерді еміп өніп отырған шаруа халық. Таяу бесжылдықта «Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын», – деп нақты жол көрсетті Н.Назарбаев.
Қазақстан халқының тұрмыстық әл-ауқатының дұрыс болуына мән беріп отыратын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты ел Үкіметіне бірнеше тапсырма беріп отыр. 2017 жылғы 1-шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылатын болды. Демографиялық өсімнің жыл сайын 400 мың балаға жетіп, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік артқанын айтып, 2017 жылғы 1-шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсірілетінін жария етті.
Міне бұл Қазақ елінің нақты бағдары. Жыл өткен сайын қазақ елі қарыштап дамудың даңғылына түсті. Зейнет жасына келген біз бұл жетістіктерді көріп әрдайым мерейіміз тасып отырады. Ел жаңалықтарынан Отанымыздың әрбір өңірінде тұсауы кесіліп жатқан өндіріс ошақтарын көріп көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Ұлы даланы мекендеген Қазақстан халқы бейбіт өмірмен Мәңгілік елге бет алып келеді.
Кеңес Сәдібеков,
ОҚО Отырар ауданы
«Балтакөл» ауылының тұрғыны.
Зейнеткер
qazaquni.kz