Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалімге қатысты шу шықты. Шағымданған ата-ана 23 жастағы мұғалім 3-ші сыныпта оқитын қызына жыныс мүшесін көрсетіп, қолымен ұстатқан деп отыр. Қазір бұл оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал оқуын қызыл дипломмен аяқтап, биыл ғана денешынықтыру пәнінің мұғалімі болған азамат бұлай істеді дегенге ұжымы сенбей отыр.
Ақтөбеде оқушы қызға «ұятты жерін ұстатқан» ұстазға қатысты шу шықты
2017 ж. 23 ақпан
3804
4
Соңғы екі-үш күннен бері Ақтөбедегі бұл мектептің ұжымы да, оқушылар мен ата-аналар да мектеп қабырғасында «осындай болыпты» деген оқиғадан кейін естерін жия алар емес. Оқушы қыздың ата-анасының түсірген шағымына қарағанда, мұғалім үшінші сыныпта оқитын өзінің оқушысын мектептегі таса жерге апарып, жыныс мүшесін ұстатқан. Шағымнан соң, өзге ата-аналар да балаларды мектепке жіберуге қорқатын болдық дейді.
«Мен алғаш естігенде есеңгіреп қалдым. Жалған ақпарат шығар деп ойладым. Балаларымызды мектепке жіберуге қорқатын болдық. 8-ші сыныпта сіңілім оқиды. Ойлаудың өзі қорқынышты», - дейді тұрғын Людмила Викторова.
Мұғалімнен зәбір көруі мүмкін деген оқушының ата-анасы әзірге ел алдына шығуды қаламапты. Ал мектеп директоры жас мұғалім «олай істемеді» деп кесіп айта алмайды. Айтуынша, қазір кішкентай қызға тиісті деген мұғалім тергеуге байланысты жұмыстан шеттетілген. Дегенмен, басшылық жас мұғалімнен жаман қылық байқамаған едік деп отыр.
«Ақыл-есі дұрыс, колледж бітірген бала. Арақ ішпейді, темекі тартпайды. Ешқашан ондай жағдайға барған емес. Қазір мен сізге нақты ештеңе айта алмаймын. Неге десеңіз, қазір тергеу жүріп жатыр. Олар бізге нақты ештеңе айтқан жоқ», - дейді Ақтөбе қаласы №16 орта мектебінің директоры Латып Әліби.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиғаға қатысты шағым полиция бөліміне түскен. Қазір мұғалімнің әрекеттеріне қатысты істі полицейлер жан-жақты тексеріп, айналысып жатыр дейді.
Дереккөз: 31.kz