Банк несиені төлей алмаған отбасының қызын тартып алмақ болған
2017 ж. 23 ақпан
3091
1
Әке-шешесінен ерте айырылған жетім бауырлар өз бетінше өмір сүріп жатыр. Бағдарламаға мұңын шағу үшін емес, бастарына түскен қиын жағдайды туралы айтуға хабарласқан. Самалдың ата-енесі қайтыс болып кеткен. Осы отбасының келіні. Енесі көзі тірі кезінде балаларын оқыту үшін банктен несие алған. Алайда, ауруын асқындырып, қайтыс болып кеткен. Ата-анадан айырылған төрт бауыр жалға үй алып тұрады.
«Несие қарызын өтемегеніміз үшін банк бізден “Аружанды тартып аламыз, интернатқа өткіземіз” деп қорқытады. Аружан 7-сыныпта. Ол қалай интернатта күн көреді?! Оның бауырлары бар ғой. Банк бізге күнде хабарласады. Бүкіл уайымымыз – осы”, – дейді Самал.
Бұл туралы “Айтуға оңай” бағдарламасында айтылды.
Самал жас болса да, осы отбасының түтінін түтетіп отыр. Келген қонақты құшақ жая қарсы алады. Үлкенге инабатты келін, кішіге ізетті жеңге. Бірақ бұл қуанышты ата-анасы көре алмай кетті. Атасы Мұқатай Мұқаметқалиев осыдан 8 жыл бұрын өндірістік жарақаттан қайтыс болған. Енесі Маржан Дақова немересінің тәй-тәй басып, тілінің шыққанын ғана көрді. Көзінің тірісінде баласын қатардан қалдырмасам деп жүріп ауруын асқындырып алғанын да білмей қалған.
Ата-анадан айырылған төрт бауыр қазір Қызыл Қайрат ауылында үй жалдап тұрады. Үлкендері Әйгерім тұрмыста. Ал Алмат жұмыс істеп жүр. Анасы дүниеден өткен соң оқуының ақшасын төлей алмай, қазір жұмысқа шыққан. Аружан 7-сынып оқушысы. Маржанның балаларды оқытамын деп алған несиесі әлі төленбеген екен. Банк қызметкерлері күнде хабарласады. Балалардың қазіргі уайымы да осы несие. “Аружанды тартып алмау үшін қалай төлейтінімізді білмейміз. Бәлкім пенсиядан төлейтін шығармыз. Бірақ менің пенсиям 25 мың теңге ғана”, – дейді Самал.
Ал отбасындағы екінші ұл Кененді анасының бастықтары жұмысқа алуға уәде еткен екен. Сол уәде бойынша қазір ауруханада жұмыс істеп жүр. Анасы да бір кездері ақ халаттылардың қатарын толықтырған. Ал отбасының тұңғышы, Самал ханымның күйеуі Алмат мырза жүк тасушы әрі сатушы болып жұмыс істейді. Қазір 19 жаста екен. Самалмен мектеп қабырғасында бірге оқып, осыдан үш жыл бұрын отбасын құрған.
“Менің сабағым жақсы. Барлығы – “5”. 7 “А” сыныбында білім алып жатырмын. Маған қазақ тілі, әдебиет және алгебра сияқты пәндер ұнайды. Сабақтан келген соң барлығын жеңгеме айтып отырамын. Мысалы, іс-шараларға байланысты. Қазір неге жылағым келіп отырғанын білмеймін. Ағам мен бауырларым мені интернатқа бермейді. Сол үшін ешнәрседен қорықпаймын. Өскенде визажист болғым келеді. Құдай қаласа, тігіншілікті де үйреніп алармын”, – дейді Аружан.
Төрт бауырдың анасы көзі тірісінде банктен несие алған. Ол ақшаға жер алмақ болып жүргенде, құжаттарынан қате шыққан. Ақыры аналары қайтыс болып, балалары несиені төлей алмай қалған. Осыдан кейін банк қызметкерлері Самал ханымға хабарласып, Аружанды тартып алатындарын айтып қорқытқан.
“Анамыз қайтыс болып, алты ай өткен соң бізге хабар келді. Банк “Біз сіздердің кішкентай қыздарыңызды тартып аламыз. Сіздер бізден алған ақшаға сол қызды бағып отырсыздар. Қалай десек те, біздің дәрежеміз сіздерден жоғары” деді. Мен ол қызды туған бауырларының бағып жатқанын айттым. Оның үстіне біз Аружанды ақшаға немесе дүниеге бола бағып отырған жоқпыз. Екі күннен соң қайта хабарласып, “мұрагерлік бойынша балалары несиені төлейді” деген құжат жасайтындарын айтты. Айтуларынша, бұл түкке тұрмайтын іс екен. Ал енді кеше қызметкерлері хабарласып, “Біз сіздерге олай айтпадық” деп жатыр. Бірақ мен бұл әңгіменің барлығын ойдан шығарған жоқпын. Үлкен кісілер хабарласып, қал-жағдайымызды сұрап отырады. Азық-түліктер әкеліп, қамқор болып жүреді. Мен келін болып түскен кезде енем бар болатын. Ол кісі кіші ұлымды көріп кетті”, – дейді Самал Мұхаметқалиева.
“Айтуға оңай” бағдарламасының редакторлары банкке хабарласқан. Мұнымен қатар, заңгерлердің де көмегіне жүгінген. Заң бойынша, несие алған адамның балаларының мүлкі болмаса, несие шұғыл түрде жабылады екен. Яғни бұл отбасының алаңдауына еш себеп жоқ. Мұны аталған банктың қызметкерлері де растады. Енді “Айтуға оңай” бағдарламасы бұл жағдайды жіті бақылауға алмақ.