Алматы тұрғынына айналған әрбір екінші азаматтың бас қайғысы пәтер мәселесі болар?! Бұл шаһарды он, тіпті жиырма жылдан астам уақыт мекен етіп жүрсе де, тұрақты баспанасы жоқ жандар жетіп-артылады. Жалдамалы пәтерді жағалаған ағайынға қарап жекеменшік үйге қол жеткізудің мүмкіндіктерін жоққа шығаруға болмас. Бүгінде жеке баспана алуға ұмтылған азаматтар үшін тұрғын үйге ие болудың бірнеше жолы бар.
Баспаналы болудың оңай жолдары
2017 ж. 20 ақпан
8382
6
Ең әуелі пәтерді мемлекеттік бағдарлама бойынша алуға болатынын көпшілік жақсы біледі. Бұл – балалары бар жас отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге арналған бағдарлама. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ қорының көмегімен алдын-ала несие алу арқылы жүзеге асырылады.
Жекеменшік пәтерге қол жеткізудің тағы бір жолы – үйді несиеге алу. Сіз алдымен пәтерді алып, ал содан кейін ипотекалық несиені төлейсіз. Бұл іске банктер, сақтандырушылар және бағалаушылар араласады. Дегенмен несиеге үй алған адамның қарызы ұзақ мерзімге созылатыны белгілі. Табыстың тұрақсыздығы, инфляция, келеңсіз жағдайлардың орнауы белгіленген уақытта несиенің төленбей қалуына әкеледі. Тұрғын үйге қол жеткізудің бұл жолы кей кезде баспаналы болудың бақытына емес, керісінше қарызға белшеден батырып, қайғылы жағдайға душар етіп жатады. Әсіресе соңғы кездері мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан мамандар несие арқылы баспана алуды таңдамауға кеңес береді.
Жеке пәтерге ие болудың тағы бір жолы ретінде ғимарат құрылысына үлескер болып қатысуды атап өтуге болады. Дегенмен бұл әдіс қомақты қаражаты бар жандарға арналған. Ондай қаржы көзі болған жағдайда қала маңынан жер телімін сатып алып, өз күшіңмен қалауың бойынша үй тұрғызу әлдеқайда тиімді.
Үй алудың тағы бір жолы ретінде «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының бағдарламасын ерекеше атап өтуге болады. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйлер кейіннен сатып алу мақсатында жалға беріледі немесе бірден сатылады. Жалға алу мерзімі 15 жылды құрайды. Осы мерзім аяқталған соң пәтер жалға алушының меншігіне өтеді. Сан жылдар бойы жалдамалы пәтердің әлегін тартып, өз үйіне жете алмай жүрген жұрт үшін бұл бағыт – таптырмас мүмкіндік. Себебі ай сайын жалдап отырған пәтердің құнын өзге біреуге санап беру – қаржыны желге ұшыру екені анық. Сондықтан да біреудің босағасында өмір сүріп, қалтаңды қаққанша, болашақ пәтеріңе ақша құйған әлдеқайда тиімді екенін пәтер жалдаушылар жақсы түсінеді. Бұл бағдарламада ең бастысы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» төлемге қабілетті екендігіңізді растап берсе, болғаны. Құжаттарды жинап, тіркеліп қойғаннан кейін алысқа барудың қажеті жоқ. Конкурсқа үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы электронды түрде қатысасың. Сондықтан өтініштер қабылдау уақыты басталған сәтте шапшаңдық қажет болады. Бабың мен бағың қатар шауып, тізімге алғашқылардың бірі болып ілігіп үлгерсең, жаңа пәтерге ие боласың. Осындай жолмен «Самұрық-Қазына» қоры қаладағы бірнеше тұрғын үй кешендерінің пәтерлерін таратқан еді. Солардың арасынан «Асыл Арман» деп аталатын 9 қабатты 22 үйден тұратын алып үй кешенін атап өтуге болады. Атауын дәл тапқан бұл үйлер қаншама қазақтың сан жылғы арманын жүзеге асырды. Бүгінде бұл кешенде тұрып жатқан халықтың саны 20 мыңға жетеді. Бұл тек бір мысал ғана. Жалпы республика бойынша алатын болсақ, жекеменшік пәтерге қол жеткізудің бұл бағыты өзінің оң нәтижесін беріп, қанша мың отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Шетелдің тәжірибесінен алынған аталмыш бағдарлама еліміздегі тұрғын үй қолжетімділігін біршама арттыра түсті.
Жазира Берғалиева, El.kz