Қазыбек Иса: Сабыр Мүсілімұлы қазақтың ұлтшыл, ақынжанды жігіті еді...
2017 ж. 17 ақпан
35583
11
Оған деген халықтың ықыласы соншама, ол түрмеде жатқанда сыртынан депутат етіп сайлап жіберген еді...
[caption id="attachment_64856" align="aligncenter" width="604"] Сабыр Мүсілімұлы[/caption]Тәуекел Мүсілімді экраннан көрген сайын өнері мен түр -тұлғасына риза болып жүретін едім. Кейін қазақтың әйгілі батыр жігіттерінің бірі Сабырдың ұлы екенін естігенде, бірден әкесі есіме түсті. Тәуекел әкесіне қатты тартыпты. Ол дұрыс айтады, Сабыр қазақтың батыр, ұлтшыл, ақынжанды жігіті еді.
Сабырмен Алматыда даңқы дүрілдеп тұрғанда кездесудің сәті түспеді. Оның атының өзі көп нәрсені шешіп кететін еді ол кезде... Кейін Шымкентте жүргенде жолығып қалып жүрдік. Алғаш ол өзі келіп жолықты. Өзі қап-қара шашы бұрқыраған, келісті келген, екі иығына екі кісі мінгендей ұзын бойлы еді. Сол кезде сәнге айналған ұзын етекті былғары қара плащ оны тіпті зорайтып көрсететін. Бұл кезең Алматыдан бастап, әр қалада митингілер пайда болып, ұлттық мәселелер көтеріліп, әділдік іздеген жиындар жиі болып жатқан кез еді. Менің ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген, атым шығып қалған ақын-журналист екенім әсер еткен шығар, Сабыр маған құрметпен қарап жүрді. Мен өзім қысылып қалатынмын даңқты батырдың ондай ықыласына. Сол кезде Шымкентте облыс басшыларына, жекешелендірудегі былықтар, сыбайлас жемқорларға қарсы күресіп жүрген белгілі саясаткер-кәсіпкер Өмірзақ Мелдеханов ағамыздың кеңсесінде жолығатын едік. Көбінесе, ол сол жерде болатын, мүмкін істейтін... Әділдік іздегендердің бәрі осы кеңсеге келетін еді.
Сабырға деген халықтың ықыласы соншама, ол түрмеде жатқанда сыртынан оны облыстық мәслихатқа депутат етіп сайлап жіберіп, қызық болған еді. Қарсыласының өзі оңай адам емес еді... Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында болған мұндай оқиға бұрын-соңды болған ба, болмаған ба, білмедім... Ол кезде қазіргідей емес, алғашқы демократиялық кезең, сайлауда әділдік бар еді... Кейін облыс басшылары қатты сасып, қырғын болып, ақыры түрмеде жатқанына сілтеп, мандат бермей қойды....
Бірде бір мәселемен (шамасы Өмірзақ ағаны қорғау үшін) облыстық сотқа бірге бардық. Сонда екеуміз оның бастауымен ұлттық мәселелер, қазақ тілінің ауыр халі жөнінде көп әңгімелесіп, ұлтшыл, намысшыл, қайсарлығына және жан-жақты білігіне қатты риза болған едім. Менің өлеңдеріммен, мақалаларыммен жақсы таныс екенін біліп, жақын тартып кеттім.
Ауырып, жүдеңкіреп жүрген кезі еді ол. Соның өзінде оның жиында болғанының өзі үлкен сес беріп тұратын.
Кейін қайтыс болғанын естідік. Түрмеде жатқанда жұқтырған ауыр кесел ақыры алып тынғандай...
Жатқан жері жайлы болсын жайсаң да, қайсар қазақ батырының!
Әкесінің даңқын өнерде өзінің талантымен жалғастырып жүрген жарқын дарын Тәуекел бауырыма әрдайым Ақ жол тілеймін!
Қазыбек ИСА, qazaquni.kz