ӨЗГЕРІСТЕРДІ ӨЗІНЕН БАСТАҒАН ЕЛБАСЫ
2017 ж. 15 ақпан
3848
5
Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда, 2015 жылғы 25-сәуірде президенттік сайлаудан басым дауыспен жеңіп шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына реформалар дәуірінің орнайтындығын, Конституциялық өзгерістер кезеңінің келетіндігін, сол үшін «бес институционалдық реформаларды» ұсынғандығы есімізде.
Мемлекеттік құрылыстан бастап, биліктік бөлінісіндегі уақыт талабына қарай түрленуі келешек ұрпақтың қамын ойлайтын қадамдарды кешегі 25-қаңтардағы Президенттің қазақстандықтарға жасаған Үндеуіне куә болдық.
Аталған Үндеуді біржақты шешім дегеннен аулақ болған Президент басты заңнаманың өзгерісін қазақ қоғамына талқылауға ұсынды. Көптен бері күткен жұрт Елбасының жеке бастамасын қызу қолдауға, алуан ұсыныстардың қоғамдық пікіріне салып талқылап та кетті.
Әрине, мемлекеттік сарабдал саясатының мұндай құрылымдық өзгерістері бүгін пайда болған жоқ. Ең алдымен алғаш рет, бұл өзгерістерге толы реформалардың мәселелері еліміздің сонау ОБСЕ-ге төрағалық етудің алдында Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында Еуропалық Одақпен жасасқан бірінші келісімшарттың аясында басталды. Содан бері, қоғамның түбегейлі байсалды өзгерісі елдегі және геосаяси аймақтағы экономикалық-азаматтық даму үдерісінің негізінде жүріп, өз кезегінде 2015 жылдың 21-желтоқсанда Еуропалық қауымдастықпен жасалған екінші келісімшарттың негізгі қағидаларымен ішінара саяси аспектілерімен толықтырылған болатын.
Жалпы, мұндай демократиялық бағыттағы конституциялық өзгерістерге ТМД елдері бойынша Ресей, Украина, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінде жүргізілді. Әсіресе, Армения респубикасында 2015 жылдың күзінде өткен конституциялық реформалардың сарыны Елбасының бастамасына жақындау. Саяси партиялардың Парламенттегі басым дауысымен ел Үкіметін жасақтауы, министрліктердің жауапкершілік аясы, Президенттің тек дәстүрлі билікте 7 жылға сайлануы, басым міндеттемелерді Үкіметке табыстауы сияқты ұқсастықтар болса, Қорғаныс, Сыртқы істер саласында толығымен атқарушы билікте жасақталуы берілген. Бұл жағынан қазақстандық реформалар да Қорғаныс, Сыртқы істер, қауіпсіздік саласы тікелей Президент құзырында болуымен айқындалады. Яғни, жаңа өзгерісте Қорғаныс, Сыртқы істер министрлерін Елбасы тағайындап, кейбір Үкімет басшысының актілерімен, шешімдерін алып тастау құқығы қарастырылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, билік бөлінісінде биліктік тепе-теңдік саясатын ескерілгені көрінеді. Екіншіден, қорғаныс, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздіктің Президент билігінде шоғырлануы да, түрлі баланстық деңгейілерінің сақталғаны анық.
Егер әзірбайжандық реформалық моделінде вице-президенттік билік тармақтары қарастырылып жатса, қазақстандық үлгіде президенттік биліктен бірте-бірте парламенттік билікке ауысып жатқандығымен байланыстырылуда.
Биліктік құзыреттердің бөлінісімен салалық министрліктердің әрбір жауапкершіліктері жоғарылап қана қоймай, конституциялық деңгейде заң шығарушы биліктің атқарушы билікті жасақтауға, бақылауға, шешім қабылдауға толық міндеттері арттырылып, Парламенттің құзыреті күшейтілген.
Бір сөзбен айтқанда, саналы түрде Президент өз билігін Парламент пен Үкіметке бөліп берді. Яғни, егемендік жылдардың алғашқы 25 жылдығында күшті вертикальді президенттік билік қиын-қыстау кезеңдерінде өз-өзін ақтаған саясаттың үлгісі болды. Президенттің «Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым» дегенінен, әрбір реформалар қоғамның өзгеруінен бұрын «Біз де өзгеруіміз керек» деп өзінен бастау алатындығын көрсетті. Бұл, әрине, ұлт тарихында жарқын елді түбегейлі дамуға бастайтын қадамдарға өз ерік-жігерімен батыл бастаған мықты билеушінің, көреген саясаткердің әрекеті деп бағалануы тиіс. Мықтылық ұғымын қозғағанда, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Конституцияға енгізілуі көзделіп отырған бұл өзгерістер Қазақстандағы демократиялық үдерістерді жетілдіру жолында, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс болатыны анық. Біздің саяси жүйеміз «Мықты Президент, Беделді Парламент, Есепті Үкімет» тұжырымдамасына негізделген» деп жоғары бағасын берді.
Өмірде бір ғана нәрсе күтпейді, бұл – уақыт. Міне, осы бүгінгі уақыттың сұранысы мен талаптарына жауап беретін Елбасының еліміз үшін елеулі Үндеуі дүние жүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс болып саналады. Адамзат тарихы талай билеушілердің биліктік реформаларында тоталитарлық, деспоттық режимдерін орнатуға ұмтылған қилы замандардың куәгері болды. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақстандық конституциялық реформалық үлгі тарихтың саяси даму сахнасында өзіндік орнымен қалатыны сөзсіз.
Мақсат Жақау, аймақтанушы
qazaquni.kz