АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУ БАҒДАРЛАМАСЫ НЕГЕ БҰЛЫҢҒЫР?
2017 ж. 15 ақпан
3560
0
Біз негізінен аграрлы елміз, ауыл шаруашылығын дамытуға өте мол мүмкіндігі бар мемлекетпіз. Оны дәлелдеудің де қажеті жоқ. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы төрт түлігін өсіріп, оның тұқымын асқан шеберлікпен асылдандырып келгені қазаққа ғана емес, бүкіл дүниежүзіне мәлім. Ондаған жылдар жерасты байлығын игеруге баса мән беріп, ауыл шаруашылығы шетте қалып қойғаны жасырын емес. Дегенмен соңғы жылдар ата кәсібімізге қайта оралу байқалады. Соның бірі - Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама жобасын айтуға болады. Енді аталмыш жоба жайында өз пікірімізді білдірсек артықшылығы болмас.
Көлемі 132 беттік құжат «бісміллә» дегенде «Бағдарламаны 2017-2021 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 1 801,3 млрд. теңге, оның ішінде: 2017 жылы – 350,8 млрд. теңге, 2018 жылы – 351,2 млрд. теңге, 2019 жылы – 343,3 млрд. теңге, 2020 жылы – 365,1 млрд. теңге, 2021 жылы – 390,9 млрд. теңге бөлінеді» деп басталады. Бірақ, неге 2019 жылы 8 млрд.теңгеге азаятыны айтылмаған.
«Елдің ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі өнімдері бойынша сыртқы сауда тауар айналымының көлемі 2015 жылы 3,2 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылдың көлемінен (3,8 млрд. АҚШ доллары) 17,7%-ға төмен».
Біріншіден, аталған көрсеткіштердің азаю себебі неге көрсетілмеген? Екіншіден, бұл екеуін бірге қосып есептеген қаншалықты дұрыс болады, бұлай етуге қандай негіз бар?
«Тамақ өнімдері өндірісінің жалпы шығарылымы 2015 жылы 1,1 трлн. теңгені құрады, бұл нақты мәнде 2011 жылдың деңгейінен 13 %-ға жоғары».
Жақсы, өткен 5 жылдағы өсім 13 пайызды ғана құрапты. Ал, алдағы 5 жылда оны 30 пайызға көбейтпек ойда екенбіз.Ненің арқасында? SWOT-талдауда көрсетілген ғылыми-зерттеу, тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды енгізу деңгейінің төмендігі; ветеринария және тамақ қауіпсіздігі деңгейінің төмендігі; жоғары капитал сыйымдылығы; өзін-өзі ақтау мерзімінің ұзақтығы; еңбек өнімділігінің төмендігі секілді салмақты кемшіліктерді қандай артықшылықтар арқылы жеңетіндігіміз, соның арқасында ғана көздеген межеге жететініміз неге жазылмайды? Ағылшынның «күш, әлсіздік, мүмкіндік, қауіп» дегенді білдіретін төрт сөзінің бас әріптерінен құралған бұл SWOT-талдаудың міндетінің өзі алдымен осы төртеуін анықтау, оларды байланыстыратын тізбекті табу, содан соң оны стратегиялық есепке пайдалану емес пе?
SWOT талдауда «АӨК саласының күшті жақтарына «Қазақстан аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленуі»; «Қазақстан жан басына шаққандағы жыртылған жерлердің алаңы бойынша әлемде екінші орынды иеленуі»; «ауыл халқының көптігі (барлық халықтың 43%-ы), жұмыспен қамтылғандардың жоғары үлесі» жатқызылыпты. Алдыңғы екі фактордың не себепті күшті жақтарға жатқызылғаны мүлдем түсініксіз. АҚШ-та халықтың 3% ғана – 9 миллиондай адам, бұл біздің ауыл тұрғындарынан сәл-ақ көп ауыл шаруашылығымен айналысады. Есесіне олар 300 миллионнан аса өз халқын асырап қоймай, әлемнің көптеген еліне экспортқа өнім шығарады. «Жұмыспен қамтылғандардың жоғары үлесіне» келсек, бұл сөз, жұқалап айтқанда шындыққа онша жанаспайды.Оны Бағдарламаның өзі де мойындап тұр. «Жыл сайын 18 жоғары оқу орны ауыл шаруашылығының шамамен 2 500 маманын шығарады. 2016 жылы түлектердің мамандығы бойынша бар болғаны 55%-ы, ал ауылдық квота бойынша оқуды бітіргендер арасында түлектердің бар болғаны 43%-ы жұмысқа орналасты. ЖАО деректері бойынша АӨК шаруашылықтарының шамамен 80%-ы ауыл шаруашылығы кадрларымен қамтамасыз етілмеген. Оның ішінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін жұмыскерлердің тек 12%-ының жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар болса, бұл ретте оның барлығы бірдей аграрлық білім емес».
Күнделікті ең көп пайдаланатын тағамның бірі қант екені белгілі. Ал, бізде 2015 жылы қант қызылшасы 9,2 мың гектарға егілген, бұл 2011 жылдың деңгейінен 49%-ға аз. 2011-2015 жылдар арасында жылына орта есеппен 122,9 мың тонна қызылша алғанбыз, бұл 2006-2010 жылдар көрсеткіштерімен салыстырғанда 99,5 мың тоннаға аз. Осының салдарынан жыл сайын орта есеппен 255 мың тонна көлемінде қант шикізаты импортталған. Бұндай жағдайда қызылша егу алқабы өсудің орнына неге күрт кеміп кеткен? Жалпы, бізге кеңес кезеңінде даңқы көкке өрлеген қызылша өндірісін қайта тірілтуге, импорттық тәуелділіктен құтылуға не кедергі? Ол жайлы сөз жоқ.
Күрішке келейік. 2011-2015 жылдар арасында 93,5 мың гектардан 98,5 гектарға өскен егіс алқабының әр гектарынан орта есеппен 39,2 центнерден өнім алыппыз, жылдық орташа көрсеткіш 368,2 мың тоннаға жеткен. Жыл сайынғы ішкі қажеттілік 330 мың тоннаны құраған. Соның өзінде орта есеппен 17,4 мың тонна күрішті импортпен алып отырыппыз. Ал, экспорт 55,6 мың тонна болған.
Бірақ, бұл көрсеткіштердің ішінде шағалалы Шардара ауданының үлесі жоққа тән. Себебі, кеңес кезіндегі 30 мыңдай гектардың бүгінде мың гектарына да күріш егілмейді. Біздің үкіметіміз сонда Қызылқұмдағы неше ұрпақтың қанша бейнетімен игерілген осынша алқапты «не істесеңдер өздерің білесіңдер» деп жайбарақат қарап отырған күйі қала бере ме? Күріш егуге арнап жасалған қаншама иррагияциялық құрылыс, құрылым құрдымға кеткені ме? Күйреген, бұзылған ен дүниені қалпына келтіріп, одан түскен өнімді экспортқа шығарып, табыс табуға болмай ма? Нарық әлемі – қатыгез әлем, бәсеке әлемі, ол жерде ешкім ешкімді құшағын жайып күтіп отырмайды. Бірақ, өз елінің дамуын өнімді экспортқа бейімдеп шығарудан бастаған Жапон, Кәріс, Малайзия, Қытай, тіпті 30 жыл соғыста кіп-кішкентай жерінің сау тамтығы қалмаған Вьетнам елінің іс-әрекетінен неге үлгі-өнеге алғымыз келмейді?
Стратегиялық шикізаттың бірі – мақта. Бағдарламада «2011-2015 жылдар аралығындағы кезеңдегі әртараптандыру бойынша қабылданған шаралар шеңберінде мақтаның егіс алаңы 61,3 мың гектарға кеміді» деп, ол бейне бір жетістік ретінде көрсетілген. Мақтаны ішкі тұтыну көлемі: 2011 ж. – 259,4 мың тонна болса, 2012 ж. – 244,6 мың, 2013 ж. – 202,2 мың, 2014 ж. – 274,8 мың, 2015 ж. – 170,5 мың тоннаны құраған. Бұдан күнделікті өмірімізде мақтаға деген қажеттілік кеміп барады деген түйін жасауға бола ма? Жоқ. Таза мақтадан тігілген көйлекке, басқа да бұйымдарға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Тек қана бізде мақтаны ары қарай тереңдете өңдейтін, одан жіп шығаратын, киім тігетін өндіріс дамымай жатыр дегенді білдіреді. Бес жыл ішінде 587,7 мың тонна мақта шикізаты экспортқа шыққан. Шикізат пен дайын өнім бағасының арасындағы айырманы қазір 5-сынып оқушысы да біледі. Жоқ әлде шикізатты өңдеу мәселесі министрліктің құзырына жатпай ма? Жатпаса, неге біз агроөнеркәсптік кешенді дамыту бағдарламасын талдап жатырмыз?
Өнеркәсіп демекші,Бағдарламада жүн өндірісі жайлы бір ауыз сөз жоқ. Неге? Жүнді жателдіктер «Алтын талшық» деп атайды. Оны жерге ексең де өспейді. Біз соның қадіріне жете алмай отырмыз. Министрліктегілер жүннің қытайлықтар әкеткенін әкетіп, әкетпегенін ауылдағылар отқа жағып жатқанынан хабары бар ма екен? Кеңес заманының өзінде түйенің жүнінен көрпе тігілгенін олар біле ме екен? 1980-жылдардың аяғында, кооперативтер жаппай ашыла бастағанда тайлақ жүнінен тігілген бешпенттер пайда болып еді, олар содан бері жаппай сауда айналымына түскен жоқ. Қазір моңғолдар жүннен тоқыған бұйымдарын басқа елдер тұрмақ жапондардың өзіне сатып жатыр.
Жүннің қасында тері шаруашылығы қоса аталуы заңды. Ал, бүгін жылына Қазақстанда сойылатын майда және ірі малдың нақты санын ешкім білмесе керек. Өйткені, теріні өңдеп, дайын өнім шығарып жатқан адам байқалмайды. Рас, тері жиналмайды емес, жиналады, бірақ, оны сізден өте арзанға сатып алады. Мал сойған адам оны апарып өткізуге тұрмайды деп есептейді. Жиналған терінің қызығын түріктер көреді. Оларға бүгін тағы да қытайлар қосылды. Түркия бүгінгі таңда әлемдік нарықтағы теріден жасалған киімнің үлкен бір жүйесін иеленіп отыр. Біз бұдан 25 жыл бұрын тері күртке, плащ, пальтоны Түркиядан қалай тасыдық, әлі солай тасып жатырмыз. Ал, сол түріктеріңізге тон тігуді үйреткен Алтайдан Гималай асып 1950-жылдардың ортасында Түркияға барған біздің аталарымыз екені Хасан Оралтайдың «Елім-айлап» көшкен жұрт» деген кітабында шынайы суреттелген. Ата-бабамыз киген «тайжақы», тайдың терісінен жүніне сыртына қаратып тіккен күлапарасы бар сулықты (капюшоны бар плащ) сәнді де ыңғайлы етіп шығарсақ, жаңбырлы елдерде нағыз өтімді тауарға, қазақ өнеркәсібінің бірегей брендіне айналар еді. Себебі, су теріге мүлдем тимейтіндіктен біріншіден, жеңіл, екіншіден, кептіруді керек етпейді. Жүн мен теріні жинау, өңдеу, одан дайын өнім шығарумен кеңес кезінде Жергілікті өнеркәсіп министрлігінің кәсіпорындары айналысушы еді. Енді ондай министрлік те жоқ, шикізатқа ие де жоқ...
Бағдарламада бал шаруашылығы жайлы да сөз жоқ. Ал, жапондар 1945 жылдан атом бомбасының шабуылына ұшыраған халқының денсаулығын қалпына келтіру үшін осы бағытта арнайы бағдарлама қабылдап, оны мектеп оқушыларына тегін жегізген еді. Біздің республикада атом сынағы жасалмаған аймақ аз. Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде Отырар ауданында «Кетпенқалған» деген жерде, Арыс ауданының аумағындағы Монтайтас стансасының, Шардарадағы Мұрын-Қарақ тауының маңайында, Созақтағы Бетпақ-Дала мен Мойынқұм қиылысында жасырын сынақтар болыпты. Созақтағы уран ұңғымасаның қаншасы арнайы ерітінді құйылып бекітілмей, ашық-шашық жатқанын ешкім нақты айта алмайды. Соның салдарынан облысымызда бұрын белгісіз ауру түрлері пайда болып жатыр. Ол удың бетін қайтарар балды жеткілікті мөлшерде жеп отырған қазақ баласын сіз қайдан көрдіңіз?
«Экспорттық әлеуетті дамыту» бөлімі. «Ең жоғары экспорттық әлеует ішкі тұтынылуы қазіргі уақытта өз өндірісімізбен толықтай қамтамасыз етіліп отырған басым өнім түрлері – сиыр еті, қой еті, шошқа еті бойынша байқалады. (Демек, жылқы етімен өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебі айтылмайды.) Бұл ретте, негізгі міндеті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін төменде көрсетілген индикативті экспорттық бағыттар бойынша экспорттық арналар құру болатын (2021 жылы) АӨК-нің экспорттық орталығы арқылы мақсатқа бағытталған экспорттық саясат жүргізілетін болады (орысшадан тіке аударған соң көрген күнің осы – Бағдарлама авторларының не айтпағын түсінудің өзі қиын):
мың тонна
Өнім ЕАЭО ТМД Қытай Иран Ауғанстан Басқа елдер Барлығы
Сиыр еті 30 40 70
Қой еті 4 3 3 10
Шошқа еті 5 5 10
Бар-жоғы 90 мың тонна. Орысша айтсақ, «комментарий излишни».
Жалпы, біздің пайымдауымызша, бағдарлама алыс болашақты болжауға арналған стратегия емес, жақын жылдарда нақты көрсеткіштерге жетуге бағытталған дүние болғандықтан, а) онда сала бойынша да, өңір бойынша да кім қай нәрсеге жауапты екендігі; б) қай жылы қандай нәтижеге ненің арқасында жететіндігіміз анық көрсетілуі тиіс. Сонда ғана бұл бағдарлама нақты іске асыратын жоспарға айналады. Ал, жалпылама жоба нәтиже бермесі белгілі.
Әзиз Әлмәмбетұлы
qazaquni.kz