ТАСМАҒАМБЕТОВТІҢ ҮКІМЕТ БАСЫНА КЕЛГЕН ТӨРТ-АҚ АЙДА ҚАЛДЫРҒАН ЕҢБЕГІ

2016 жылдың 13 қыркүйегінде ҚР Президентінің Жарлығымен И. Тасмағамбетов осымен үшінші мәрте Премьер-министрдің орынбасары лауазымына тағайындалған еді.

5 айға жетпес уақыт аралығында вице-премьер И. Тасмағамбетов қандай бастамаларымен көзге түсті? Әлеуметтік салаға қалай ықпал етті? Қамшы порталының аталмыш тақырыпта жазған мақаласын "Қазақ Үні" оқырмандарына да ұсынуды жөн санадық.

«Талғар» төңірегіндегі дауға тоқтау салды

Премьер-министрдің орынбасары И. Тасмағамбетов «Талғар» орта ғасырлық қалашығының маңындағы көпір құрылысын тоқтатуға пәрмен берді. Мемлекеттік органдардың алдын-ала келісілмеген іс-қимылы нысанды әлемдік мұра тізімінен алып тастау қаупін тудырғанын айтқан вице-премьер, Алматы облысының әкімдігіне қорғау аймағынан тыс жаңа айналма жол құрылысын жобалауды, жергілікті жердің бедерін қалпына келтіруді, сондай-ақ, қосымша археологиялық зерттеулер жүргізуді тапсырды.

Осы дауды халықаралық дәрежеде ушықтырмау үшін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Париж қаласында іс-сапармен болып, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Боковамен кездесу өткізді. Кездесу аясында Жібек жолының алғашқы Чанъань-Тяньшань дәлізіндегі 8 қазақстандық ескерткішті ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде сақтау жөнінде келісімге қол жеткізді.

Кейкі батырдың бас сүйегін жерлеу мемлекеттік деңгейде өтеді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасы бойынша 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің батыры – Кейкі батырдың сүйегін жерлеу рәсімі республикалық деңгейде өтеді және оның атын дәріптеуге арналған шаралар ұйымдастырылады.

Мәдениет және спорт министрлігіне Қостанай облысының әкімдігімен бірлесіп Кейкі батырдың кесенесін жобалау және одан әрі құрылысын жүргізу үшін қажетті барлық шараларды қабылдау жөнінде тапсырма берілді. Вице-премьер халқымыздың рухы мен мәртебесін көтеру тұрғысында осынау жобаның тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны жүзеге асыру үшін құзырлы мекемелер және қоғам өкілдерімен бірлесіп іс-қимыл жасауға дайын екенін мәлімдеді.

Бала дәрігерлері қайта оралады

И. Тасмағамбетов үкімет отырысында педиатр дәрігерлерді қайтару мәселесін көтерді. Оның нәтижесінде 2017 жылдан бастап еліміздегі медициналық оқу орындарында педиатр дәрігерлерді дайындайтын факультеттер қайта жұмысын бастамақ. 2007 жылдан бері медициналық оқу орындарындағы педиатрларды даярлау жалпы медициналық бағытқа қосылған еді. Оның нәтижесінде балалар дәрігері болу үшін студенттер резидентураны аяқтауы қажет болатын.

Сондықтан, бұл жағдай аталған мамандыққа деген қызығушылықты азайтты. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2012 жылы «педиатрия» мамандығы бойынша 742 адам, 2013 жылы – 423 адам бітіріп шықса, ал, 2014 жылы тек 7 маман бітіріп шыққан. Бұл балалар денсаулығын қарайтын мамандар тапшылығына әкеп соқтырды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

2017 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Қазірдің өзінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ құрылып, оның басшылығы тағайындалды. Аталған бағдарлама аясында медициналық көмек күндізгі бөлімде оқитын барлық студенттерге қол жетімді болады. Олар үшін салымдарды мемлекет төлейді.

Ал, сырттай бөлімде оқитын студенттер салымдарды өздері немесе ата-аналары төлейді. Егер ата-аналары жұмыссыз ретінде арнайы орталықтарда тіркелсе, төлемді мемлекет жүзеге асырады. Бұған қарамастан, сырттай бөлімдегі студенттің атынан салымдар түспесе, оларды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде орындалады.

Жетім балалар отбасында тәрбиеленеді

Балаларды асырап алуға, патронаттық тәрбиеге және отбасыларына беру арқылы жетім балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің санын қысқарту үшін белсенді жұмыс жүргізіледі. 2017 жылдан бастап балаларды отбасына орналастырудың баламалы формалары көбейіп, асырап алу, қамқорлыққа алу, патронаттан өзге, қабылдау және қонақжай отбасыларын құру формасы енеді.

Бұлардың барлығы мемлекет тарапынан материалдық қолдауға ие болады. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылмақ. Соңғы мәліметтер бойынша жыл сайын алты мыңнан аса бала Жасөспірімдерді бейімдеу орталықтары арқылы асырап алуға, қамқорлыққа және патронаттық тәрбиеге беріледі.

Сонымен қатар, туған ата-аналарына қайтарылады немесе жетімдер мен ата-анасының қорғауысыз қалған балаларға арналған мекемелерге жіберіледі.

Мемлекеттік ЖОО-ның ректорларын конкурстық тағайындау жанданады

Қазақстан вице-премьері Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына үміткерлерді анықтау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жаңа талаптарға сәйкес ректорлардың тағайындалуы ашық конкурс негізінде жүргізіледі. Республикалық комиссия қарауына жоғарғы оқу орнының бақылаушы кеңесі үштен кем емес кандидатты ұсынады. Комиссия қатысушылардың оқу орнын дамыту бағдарламасын тыңдап, сұқбат жүргізеді. Соның нәтижесінде ЖОО-ның ректоры лауазымына кандидатты анықтайды.

Бұл жаңашылдық қазақстандық жоғары оқу орындарының басқару құрамын сапалы толтыру және басқару дербестігін ұлғайту, сондай-ақ, қоғам алдындағы есептілікті күшейту қажеттігінен туындап отыр. Бұған дейін мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары ҚР Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалып келді. Сондықтан, ректорлар корпусының біраз бөлігі аталған лауазымда 3 жыл сайын 2 мерзімнен аса уақыт иеленіп келді. Нәтижесінде бүгінгі таңда ректорлардың 40 пайызы зейнет жасында немесе зейнетке дейінгі жаста, бұл өз кезегінде басқару ұтқырлығын төмендетеді.

Білім беру жүйесіндегі жаңғырту

Білім сапасы туралы әңгіме қозғағанда алдымен ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі тілге келеді. Осы жүйенің енгеніне 10 жылдан асты. Алайда, жыл сайын бәріміз жарыса осыны талқылаймыз. ҰБТ нәтижелерін талдау бойынша мектеп бітірушілердің жалпы санына алғанда жылдан жылға тестке қатысушылар саны азайып барады. 2011 жылы түлектердің 79 пайызы қатысса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызды құрады. Яғни, мектеп бітірушілердің 30 пайызы осы жүйеге сенбейтінін көрсетеді. Сондықтан, ҰБТ жүйесіне өзгеріс енгізіліп, ол мектепті бітіру және оқуға түсу емтихандары болып екіге бөлінеді.

Бұл оқушылардың білімін терең бағалауға, олардың талдау, жүйелеу қаблетін шыңдауға септігін тигізеді. Одан қалса, жан-жақты жетілген саналы ұрпақ тәрбиелеу және сол ұрпақ арқылы ұлтымыздың мәдени-рухани құндылығын сақтау, жалғастыру міндеті бар.

Кәсіптік-техникалық білім беру саласында мамандарды теориялық және практикалық оқытуды үйлестіретін дуалды жүйе одан әрі жетілдіріледі. Жоғары білім саласында ЖОО-ның академиялық және қаржылық басқарудағы өкілеттігін кеңейтіледі.

Бірқатар мемлекеттік функциялар бизнеске беріледі

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бірқатар мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беруді ұқыпты жүргізу қажеттігін атады. Вице-премьердің төрағалығымен өткен бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеу ұйымдарына беру үшін мемлекеттік функциялар тізімін анықтау жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуді дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселесі қарады.

Еске сала кетсек, кейбір мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру мәселесі Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың бастамасымен жүргізіліп отырған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 97-ші қадамында көрсетілген. Оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылдың қаңтар айында арнайы комиссия құрылған еді.

Жалпы, аталған шараларды орындау мемлекеттік функцияларды қысқартуға, азаматтардың шешім қабылдау үрдісіне қатысуын кеңейтуге, жергілікті өзін-өзі басқару және өзін-өзі реттеуді дамытуға, сонымен қатар, мемлекеттің шығындарын азайтуға бағытталған.

Үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беріледі

2017 жылдан бастап Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беріледі. Сыйақы ұйымдардың жарғылық мақсаттарына, интитутционалды дамуына, қызметкерлердің біліктілігін көтеруге, бірлестіктің материалдық базасын нығайтуға жұмсалады.

Үкіметтің атынан берілетін сыйақы қоғамдық ұсыныстар мен олардың қызметін бағалауды ескере отырып, әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырған ұйымдарға беріледі. Үміткерлерді іріктеу құзыретті орган жанындағы ҮЕҰ-мен іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінде жүргізіледі.

Сыйақы алуға өтінім жолдаған әрбір ұйым кеңес мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған сараптау комиссиясының бағалауынан өтеді.

Тасмағамбетовке артылған сенім

Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов жетекшілік ететін әлеуметтік салада тиянақты шешімді қажет ететін түйінді мәселелер аз емес. Атап айтқанда, халықтың табыс деңгейінің төмендеуіне жол бермеу, жұмыссыздықпен күрес, әлеуметтік саладағы қызмет көрсету сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту т.б. мәселелер бар.

Сонымен қатар, үкіметтің алдында Елбасының әлеуметтік жаңғырту туралы тапсырмаларын, «Болашаққа 100 нақты қадам» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру міндеті тұр. Иманғали Тасмағамбетов ағымдағы жылғы қазан айында жүргізілген эксперттік сауалнама нәтижесінде әзірленген саяси көшбасшылар рейтингін бастаса, қараша айында үкімет құрамының жұмысына жүргізілген рейтингте де ол алғашқы орынды иеленді.

«Саясат-monitoring» тобымен жүргізілген сауалнама барысында сарапшылар Иманғали Нұрғалиұлының қазіргі үкіметтегі ең тәжірибелі саясаткер екенін атады. Мемлекет басшысы күрделі реформалар жүргізуді қажет ететін дағдарысты кезеңде И. Тасмағамбетовке әлеуметтік салаға жетекшілік етуді сеніп тапсырып отыр.

Сарапшылар Иманғали Тасмағамбетовтің тағайындалуымен әлеуметтік салада жүйелілік пайда болғанын ерекше айтуда. Ал, осы салаға жауапты басшылардың іс-әрекетінде жинақылық пен тиянақтылық байқалған. Бұл Тасмағамбетов тарапынан қойылып отырған қатаң талап пен талғамның нәтижесі болса керек.

«Алаш» қозғалысының 100 жылдығы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов Алашорда қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының шығармашылық мұраларын зерделеу және оны жандандыру мәселелерін көтерді.

Вице-премьер еліміздегі Алаштанушы тарихшылар мен әдебиетшілер, отандық кино және телевизия саласының мамандарымен бірлесе отырып, тың бастамаларды – кітап шығару, кино түсіру мәселесін қолға алу қажеттігіне тоқталды. «Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет. Оған бір-екі аптадай уақыт алып, дұрыс жоспар құрып, оны Елбасымен келісіп, уақытын белгілеген жөн. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады. Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық және тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек», - деді вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекеттік меншікке беріледі

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекеттік меншікке беріп, оның мәртебесін республикалық деңгейге көтеру, ғалымның ғылыми еңбектерінің 10 томдығын жарыққа шығару туралы тапсырма берді.

Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінің ғимараты республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілетін болады.

Қазақстандағы кітапхана қоры сандық жүйеге өтеді

Қазақстанда 2020 жылға қарай барлық кітапхана қоры сандық жүйеге өтеді. Аталған сандық жүйе кітапхана қызметінің дамуына оң ықпал етіп, кітапхана қорын құру, сақтау және одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.

«Бұл Қазақстандағы барлық кітапханалардың бірыңғай электронды каталогын құруға көмектеседі. Мұның ізін ала Қазақстан «ТМД елдерінің электронды кітапханасы» жобасына қосылады. Бұл жағдайда ресейлік қорларда сақтаулы тұрған ерекше кітаптар біздің азаматтар үшін де қолжетімді болмақ. Сонымен бір уақытта республикада алғаш рет сирек әрі ерекше кітаптар мен қолжазбалардың орталығы ашылады», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.

Сонымен қатар, оқушылар үшін әдебиет пәні бойынша мектеп бағдарламасына үздік заманауи авторлардың шығармалары енгізіледі. Ал, еліміздің жас тұрғындарына арналған әдеби шығармаларды тегін жарнамалауға мүмкіндік беру қарастырылған. Қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқуды қолдау жөнінде ведомствоаралық кеңес құрылады.

Қазақтың айтысы мен күйі, киіз үйі ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне қосылды

«Қазақтың қасиетті киіз үйі», «Суырып салма айтысы» мен «Күмбірлеген киелі күйі» ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативтік тізіміне қосылды. Ендігі жерде бұл қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы саналады. Осыған орай, вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов ЮНЕСКО сертификаттарын этнографиялық залға үнемі қою үшін Ұлттық музейге салтанатты түрде тапсырды.

Сонымен бірге, еліміз 2017 жылы ЮНЕСКО-ның аталған тізіміне «Асық ұлттық ойыны» номинациясын енгізуді және «Қорқыт мұралары» көпұлттық номинациясын үйлестіруді жоспарлап отыр. ЮНЕСКО-ның тізіміне мұраларды тіркеу Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға, сондай-ақ оларды қорғау бойынша ұлттық деңгейде жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етеді.

Қазақстандық киноны дамыту үшін заңнама нығайтылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов ұлттық кино өндірісінің басты жетістіктерін атай келе, оны дамытуда заңнаманы нығайту қажеттігін атады. Елімізде тұңғыш рет әзірленіп отырған «Киноматография туралы» заң жобасы қабылданады.

Ол наурыз айында Үкiмет қарауына ұсынылып, мамырда Парламентте қаралады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, отандық кинематографияны 2050 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының жобасы дайындалады. Құжат осы саланың дамуындағы негізгі тәсілдерді құқықтық тұрғыда бекітуге бағытталған. «

ЭКСПО-2017» көрмесі әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар үшін қол жетімді болады

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өтетін мәдени бағдарламалар тұрғындар үшін қол жетімді болу қажеттігін атады.

«Ең маңыздысы, біз міндетті түрде тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобына тегін билет тарату мәселесін пысықтауымыз қажет. Олар осынау ауқымды шараға дайындалған көлемді әрі қызықты репертуарды тікелей өздері тамашалап, көру мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Міне, осы сұрақты ерекше бақылауға алуымыз шарт. Әсіресе, бұл қаланың және мәдениет министрлігінің аясында өтетін шараларда ескерілуі керек», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.

2017 жылы балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты стандарттар мен ережелер қайта қаралады

Ағымдағы жылы мектептегі тамақтану, құрал-жабдық, киім үлгісі, спорт және басқа да балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты стандарттар мен ережелер қайта қаралады. Сондай-ақ, орта білім беруге қатысты апатты және үш ауысымдағы мектептердің орнына 56 нысан құрылысы салынады, 2,5,7 сыныптарда жаңартылған бағдарламамен бес күндік оқу аптасына көшіп, бітіру және оқуға түсу емтихандарын бөлу арқылы жаңа форматта ҰБТ өткізіледі.

Кәсіптік-техникалық білім саласында «жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жүзеге асыру қарастырылуда. Алдын-ала мәлімет бойынша ол 47,3 мың адамды қамтиды, 67 жұмысшы мамандығы бойынша жаңа модульдік бағдарлама әзірленіп, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру үшін 5200 оқытушы мен өндірістік оқыту шеберлері оқытылды.

Жоғары және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім саласында корпоративті басқару қағидасы енгізіліп, ішкі аудит қызметі құрылады. ЖОО-ның ұйымдастыру-құқықтық формасы өзгеріп, коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға өтеді. ЖОО-на мемлекеттік аттестация халықаралық аттестациямен ауыстырылады.

***

Жинақтап келгенде, бұл Иманғали Нұрғалиұлының Үкімет басшылығына келген 5 айға жетпес уақытта ғана атқарған еңбегі. Алматы әкімі кезінде аңызға айналған, Астананы гүлдендірген Иманғали Тасмағамбетов сонау 1995 жылы-ақ Үкіметте маңызды қызметке жетіп үлгерген аса тәжірибелі, халық арасында өте беделді, саяси тұлғалардың арасындағы тым ықпалды саясаткер.

Қашан да мемлекетшілдігімен көрініп жүрген Тасмағамбетовтің Алаш Арыстарын ардақтауға тағы да ат салысқаны халық арасында жоғары қолдауға ие болып үлгерген елі. Қазақ зиялыларын дәріптеуге, қазақ өнері мен мәдениетін жандандыруға, салт-дәстүрін насихаттауға баяғыдан қамқор болып келе жатыр. Оған ЮНЕСКО қамқорлығымен қазаққа танымал мәдениет және ғылым саласының адамдарының мерейтойын өткізгені; Абай Құнанбаев пен Жамбыл Жабаевтың — 150 жылдығын, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Әлкей Марғұланның ғасыр тойларын өткізгені дәлел. Ол, Париждегі Мұстафа Шоқай тұрған үйге де арнаулы барып ескерткіш тақта орнатқан.

Сөз соңында, Мәскеу қазаққа бөтен жер емес. Қазақтың ұлы көсемі Әлихан Бөкейханның сүйегі жатқан жер. Иманғали Нұрғалиұлы Ресейдегі дипломатиялық қызметінде де туған халқына, Қазақстанға қалтқысыз еңбек ететіні анық. Жаңа қызметте Тасмағамбетовке қызметтік табыс пен саяси жеңіс тілейміз!

Нұрғали НҰРТАЙ