Сапарбаев 500 адамды қысқартқан қытай компаниясын жауып тастау керек екенін айтты
2017 ж. 30 қаңтар
2634
5
Ақтөбе облысының билігі 2016 жылы 499 адамды қысқартқан "Великая стена" қытайлық мұнай компаниясына қатаң талаптар қойды. Бұл компания орташа жалақы мен әлеуметтік төлемдер сомасын да азайтқан болып шықты. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев кәсіпорынды жабу керектігін айтты, - деп хабарлайды "Диапазонға" сілтеме жасап tengrinews.kz.
"Барлық жақта жалақы өсіп жатыр, ал сіздерде қысқарту. Барлық кәсіпорын әлеуметтік міндеттерін орындап келеді, ал сіздер орындамайсыздар. Онда сіздердің компанияны жабу керек. Бізге проблемалық компанияның қажеті жоқ. Осы "Великая стенаның" ісімен айналысатындай басқа ісіміз жоқ па? Қалған 900 қызметкерді жұмысқа тұрғызамыз, бұл проблема емес, ал компанияны заң аясында жауып тастаймыз", - деді әкім.
Ал ЖШС басшысы Чжан Цзюнь өз кезегінде компанияның қызметкерлерді не үшін қысқартқанын айтып, ақталды. "Қызметкерлердің жалақысы компанияның барлық шығынының 28 пайызы. Бұрғылау бойынша материалдық шығын, оның ішінде дизель отыны - 30 пайыз. Тағы да 30 пайыз бу қондырмаларының амортизациясына жұмсалады. Сондай-ақ, көлік шығындары бар. 2016 жылы жұмыс көлемі аз болғандықтан, шығынымыз 1 миллиард 600 миллион теңге болды", - деп мәлімдеді ол.
Сапарбаев "Великая стенаның" құрылтайшылардан 100 миллион доллар алғанын, бұл қаражаттың кәсіпорынның барлық керек-жарағына жетіп-артылатынын айтты. Бас директор болса бұл қаражаттың 24 миллион доллары банкке қайтарылғанын, қалған бөлігінің Қытайда сатып алған материалдың төлемі екенін айтты.
"Адамдардың 60 пайызын қысқартсаңыздар, қытай қызметкерлердің де 60 пайызын қысқартыңыздар. Қысқарту болғанда, бірінші кезекте қытай мамандарын, басқа шетелдіктерді қысқартыңыз. Екіншіден, 3-ші және 4-ші категориядағы қытай қызметкерлерін жұмысқа алуың қажеті жоқ, Қытайдан келетін мамандардың категориясы 1-ші және 2-ші болуы керек", - деді облыс әкімі.
"Бірінші өзіңіз қараңыз, компаниядағы жұмысшылардың саны - 900 адам, олардың ішінде 66 адам, яғни 7 пайызы. Біз 3-ші және 4-ші категориядағы қытай мамандарын неге аламыз? Себебі барлық құрал-жабдығымыз Қытайдан, олар істен шыққанда, ақауды жоюға қытай мамандарының мүмкіндіктері көбірек", - деп жауап берді Чжан Цзюнь.
Сапарбаевтың "Мұндай мамандар Қазақстанда жоқ па?" деген сұрағына қытай компаниясының басшысы былай деп жауап қатты: "Осы жылдар бойы біз сіздердің мамандарды оқытып келдік".
"Оқытсаңыздар, олар қайда? Жұмысқа тартпасақ, не үшін оқыттыңызлар - деп сұраған әкім кейінгі сөзін өз қоластындағыларға қазақ тілінде жалғады. - Бұлар біздің мамандарды оқыттық дей ме? Олар қайда? Қайда қарап жүрсіздер? Ендеше былай: 3-ші және 4-ші категориядағы қытай мамандарына рұқсат бермеңіздер! Бұдан ештеңе шықпаса, визаны да бермейміз".
Осы диалогтан кейін қытай компаниясының басшысынан қысқартуға ұшыраған қанша қызметкердің "Великая стенаға" оралатыны жайлы сұралды.
Чжан Цзюнь "уақы беруді" сұрады. "Ақпанда екі бұрғылауды ашамыз, яғни 114 адам жұмысқа оралады. Есептеп көрсек, 2017 жылы жұмыс көлемі максималдық деңгейге жеткенде, жұмыста 800 адам болады. Алайда әзірше жұмыс көлемі орташа, 600 адам жұмыс істейді. Барлық қызметкерді қайтарамыз деп уәде бере алмаймын, бірақ сізден уақыт сұраймыз", - деді ол.
Сапарбаев ақтөбелік биліктің байланысы жақсы екенін, сондықтан "Великая стена" басқа өңірлермен жұмыс істей бастаса, Чжан Цзюнге қолдау көрсетуге уәде етті. Нақтырақ айтқанда, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ, Ресей өңірлері. Алайда әкім компанияны жабу мәселесін қайта көтерді.
"Құрылтайшыларға хат жолдау керек. Кәсіпорынның экономикалық жағдайын жақсартпаса, құзырлы органның көмегімен банкроттыққа дейін бару үшін шара қолданамыз. Бізге проблемасы көп компанияның қажеті жоқ. Ақтөбе облысының экономикасы бұл компанияға тәуелді емес. Қазір 900 адамның 422-сі бұл компанияда жұмыс істемейді. Қалған 500 адамға біз жұмыс тауып береміз", - деді облыс басшысы қоластындағыларға.