Өгей анасы өлтірген 11 жасар Өркеннің әжесі келініне өлім жазасын сұрап отыр
2017 ж. 27 қаңтар
2099
0
Алматыда 11 жастағы өгей ұлы Өркен Азаматұлын өлтірген келініне енесі өлім жазасын талап етіп отыр деп хабарлайды КТК арнасы.
"Ол жалған ақпарат! Халық не айтып жатыр мен білмеймін, қандай кешірім? Кешірім тұрмақ оны түрмеде шірісін деп Алладан тілеймін! Алла жазасын берсін! Ешқандай кешірім жоқ!", - дейді Өркен Азаматұлының әжесі Бағдагүл Есімбекова.
Өгей шешенің қолынан өлген Өркен 1 жас 4 айында-ақ отбасыға жарымаған екен. Сол кезде әке-шешесі ажырасып, баланы нағашылары қолына алған. Одан кейін анасы тұрмысқа шығатын боп, 8 жасында әкесіне әкеліп тастапты. Десе де, әкесінің басқа отбасы болуына байланысты бала әжесімен бірге тұрған.
Ата-анасыз өскен Өркен өте алғыр болған екен. Математикадан түрлі жарыстарға қатысып, шахмат ойнаудан да алдына жан салмапты.
Естеріңізге сала кетсек, Өркен Азаматұлының жоғалып кеткендігі туралы оның әжесі полицияға 19 қаңтарда шағым түсірген. Мектеп оқушысы Наурызбай ауданындағы саяжайлардың бірінде өлтірілген. Жедел іздестіру шарасынан кейін қылмысқа қатысы бар деген 5 адам 21 қаңтарда қолға түсті. Ресми өкілдің мәлімдеуінше, бұл істі марқұмның өгей анасы сыбайластарымен бірге жоспарлапты.
Қазір алматылық жеткіншекті өлтірді деген күдікпен 5 бірдей адам - 37 жастағы өгей ана, оның бірінші некеден туған ұл-қызы және 2 сыбайласы қамауда отыр.
Олар 11 жастағы Өркен Азаматұлын саяжайға алдап апарып, сол жерде азаптап өлтірген.