Қазақ ауылында таза орыс тілінде баяндама жасаған полицей тұрғындардың ашуын тудырды
2017 ж. 25 қаңтар
7833
9
Екібастұз қаласына қарасты Бесқауға ауылында қала және ауыл әкімдерінің есеп беру кездесуінде жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Елнұр Букаев таза орыс тілінде баяндама жасап, жұрттың сынына ұшырады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бесқауға ауыл әкімдігінің бас маманы Шынар Жақсылықованың айтуынша, ауылда 475 тұрғын бар. 100 отбасының екеуі ғана өзге ұлт өкілдері. Десе де олардың өзі осы ауылда туып, осы ауылда өсіп-өнгендіктен қазақ тілін әлдеқашан үйреніп алған. Керісінше, мұнда орыс тілін түсінбейтін тұрғындар баршылық. Кілең қазақтардың ортасында орыс тілінде есеп берген полиция бастығын сынға алғандардың бірі - Тілеухан Бәзілханқызы.
- Кеше қала және ауыл әкімінің есебін тыңдадық. Атқарылған жұмыстарына ешқандай сын айта алмаймын. Бірақ, мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін менсінбей, орыс тілінде сөйлеуі тұрғындарға ұнаған жоқ. Мәселен, полиция бастығы дейді, бір қазақтың азаматы өз есебін орыс тілінде берді, бір ауыз қазақша сөйлемеді. Не айтқанынан ешнәрсе түсінбедік. Қандай себеппен бұлай жасағанын да түсіндіріп айтқан жоқ. Есеп беру кездесуге Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Османова да келіпті. Басқарма басшысына қазақтардың ортасында мемлекеттік тілді менсінбей орыс тілінде баяндама жасау қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс екені туралы сұрақ қойдым. Бірақ, оның өзі жарытып жауап бермеді. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл өтті. Елбасымыз да «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп айтып жүреді. Бірақ соны тыңдамайтынымыз өкінішті, - деп налыды ауыл тұрғыны Тілеухан Бәзілханқызы.
Тілеуберді Сахаба