Д. Кенжетай: «САЛАФИЗМ ҚҰБЫЖЫҒЫМЕН» билік пен қоғам біріге күресуі керек
2017 ж. 25 қаңтар
2568
0
Өткен жылы қоғамда дінаралық жікшілдік, салафизм лаңкестігі өрши түсті. Бұл орайда қазақстандық өкімет қолданып жатқан шаралар неге тиімсіз болуда? Осы сұрақтың жауабын қоғамдық тұрғыда тарқатып беруді философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай мырзадан өтінген едік.
Жалпы, өткен жылғы құбылыс – ол тарихи уақыт аралығында қалыптасып, тамырын терең жайып үлгерген саяси исламның белсенділігінің көрінісі. Қазақстанға салафизм өздігінен келген жоқ. Оның бірнеше «асыл арнасы» бар. Біріншісі – жаһандық саясат. Оның мақсаты белгілі: қоғам тыныштығы мен тарихи қалыбына жік салу. Сол арқылы қоғамды отқа орау.
Екінші «асыл арнасы» – ақша. Ақшаға кез келген тендерлер мен жобаларға қол қоятын билік бар. Көз алдымызда «Ақниет» орталығын ашып, оны өзіндік әлеуметтік-мыс жобаға айналдырып, ақша жасап отырған, биліктің басын айналдырып, не үркітіп, дегенін істететін «ұлттық қауіпсіздік конторлары» жұмысын баянды жалғастырып отыр. Бұлар – жағдайдың көрінетін қыры.
Ал енді көрінбейтін қыры бар: ол – адам санасына әсері. Оны діни танымдық саясиланған идеологияға айналған «салафизм құбыжығы» деп атауға да болады. Бірақ ол кімге құбыжық, ал кімге идеал? Ол жағы айтпаса да түсінікті. Ол діни таным исламдағы нақылшылдықты негізге алатын, батыстық жаһандануға қарсы қолдан жасалған ислам фундаментализмі. Оның тізгіні де батыстық ойыншылардың қолында. Аты да «уасатыйия», яғни «орта жол». Бұл жол сунни және шиға арасындағы «көпір» ретінде танылады. Қазір ол көпір Сирияда «салынып», бүкіл Таяу Шығысты отқа орап жатыр.
Ал нақты айтсақ, салафизм «изм» ретінде Ресейге де таптырмас жоба. Сол арқылы үрей мен кез келген сылтаудың орталығын бақылап отыру. Сондықтан себеп көп. Оны ашық айтып, шешім қабылдар билікте қауқар да, мақсат та әзірге көрінбейді.
Қоғамдағы салафизм ағымын ауыздықтау мәселесінде қазақстандық билік тиімді қадамдар жасай алмай отыр. Себебі биліктің өз ішінде де билік бар. Топтар мен мүдделер бар. Қазір дін дегеніңіз сыртқы-ішкі қуаттардың басын қосқан киелі орынға айналды. Оны шешудің көпвекторлы саясаты бар. Билік, мен білетін Дін істері комитеті өз әлінше әрекеті мен шараларын атқарып жатыр.
Жалпы, дін құбылысы материалды емес, ол санаға қатысты болғандықтан да, уақыты келмей, қанша жерден тиімділік іздегеніңмен, оған қол жеткізе қою қиынның қиыны. Қазір бұл мәселені шешуге «аспаннан әулие» шақырсаң да оңалатын сыңайы көрінбейді. Себебі биліктің өзінен бірізді, орталықтандырылған, мемлекеттік мүдде дейтін бір бағыт көре алмадым. Нақты зерттеулер мен қоғамдық-психологиялық, әлеуметтік, экономикалық және жастар саясатында орталықтандырылған механизм жоқ.
Іс-әрекеттер бар, жоқ емес, алдын алу шаралары, ағартушылық… – мұның бәрі игі қадамдар. Бірақ ол науқаншылықтан әрі асқан емес. Бұл жерде, менің ойымша, қоғамдық институттардың белсенділігін арттыру, көпті жұмылдырудың практикалық тетіктерін іске қосқан жөн. Діни танымды сараптап қарағанымызда, ширек ғасыр бұрынғы жағдай жоқ. Қазақ қазір дін туралы сауаттанған. Білімі артқан. Енді танымы мен сезінуі белсенділікке жетсе, биліктің де ісі жеңілдер ме еді деген ойым бар.
Осы ретте Қазақстанда жаңа министрлік құрылды. Құтты болсын!
Ол енді ғана құрылды. Бағалауға әлі ерте. Себебі тындырған ісі көрінбей тұр. Ашыла сала қолданыстағы заң баптарына экстремистік-террористік зобалаңды болдырмау шаралары ретінде өзгерістер енгізуге мұрындық болды. Оның өзі қоғамдық негізде емес, жабық есіктер артында өтті. Оның жетістіктері мен кемшіліктері туралы БАҚ әлі бейхабар. Ол заң шықсын, сосын талқылаймыз.
Министрлік деген атының өзін жақсы ырымға балауға болады. Бұрынғы қордаланған проблемаларды шешуге деген ниет бары байқалады. Бірақ ғылыми-танымдық бағдар басты шарт болмаса, бәрі далбаса. Дін мәселесінде аяқ астынан шешім қабылдау жарға соғады. Дін өте нәзік мәселе. Елбасы дұрыс ескертіп отыр: «…терроризммен күресеміз деп, исламмен күресіп кетпеңдер», – деп.
Негізі, министрлік үшін ең басты тетік – ол зайырлылық функцияларын ғылыми тұрғыдан жетілдіру, комментарий жасау, ұғымдық, танымдық идеологиялық компоненттердің бірыңғай платформасын анықтауы тиіс. Ол үшін – ғылым шарт. Ал әзірге ондай «ақылды қадам» көрінбейді. Кешегі кеңестік жүйеге қызмет еткен ұстанымдар мен тетіктерді сол қалпында қоғамға жұттырғысы келеді. Ол деген нағыз қиянат.
Зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік ұстанымдағы жаңа мемлекет үшін кешегі атеистік секуляризм тенденциясын тықпалаудың арты қайырлы болмайды. «Зайырлылық – атеизм емес» деп алып, өзің кешегі атеистік тенденцияларды басшылыққа алсаң, оныңа кімді сендіресің?! Сондықтан ең басты ұстаным – азамат санасына адалдық пен өзара сенім ұялату – психологиялық, құқықтық және танымдық тұрғыдан билік пен қоғам болып біріге күресудің кепілі болары сөзсіз.
Досай КЕНЖЕТАЙ, профессор.
«Общественная позиция»
(проект «DAT» №1 (365) от 12 января 2017 г.