Министрліктің өтірігін шығарды. Оқушы сөмкесінің салмағы 6 келіден асып кетті (видео)
2017 ж. 15 қаңтар
3057
9
ҚР Білім және ғылым министрлігінің өзіне берген жауабына қанағаттанбаған 1-сынып ата-анасы Салтанат Тәжиева өз дәйегін дәлелдеп, министрлік жауабын теріске шығаратын тағы бір видео жариялады, - деп хабарлайды 365info.kz.
Айта кетелік, бірер күн бұрын Алматы облысының 1-сынып оқушысының ата-анасы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаға әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдаған болатын. Онда министрлік жасаған реформаның бастауыш сыныпқа қатысты айқындалып жатқан теріс әсерлері фактілермен атап көрсетіліп, министрге нақты сауалдар қойылады. Бүгіндері бұл видеоүндеуді 155 мың адам ашып қарап, 11 мыңға жуық адам бөліскен.
Әрине қоғамда осындай үлкен резонанс туғызған мәселені ҚР Білім және ғылым министрлігі назардан тыс қалдыра алмады. Салтанат Тәжиеваға министрлік ресми түрде видео түсініктемемен жауап қатты.
Әрине, ол арада 1-сынып оқушысы ата-анасының барлық дәйегі жоққа шығарылады. Тіпті, оқушы сөмкесінің нормаға сай 2 келіден асып кететіндігі де.
«Санитарлық нормалар бойынша, 1-сынып оқушыларының оқулығы 300-400 граммнан аспайды (мәселен, «Жаратылыстану» оқулығының салмағы — 270 грамм, ал оған арналған дәптердің салмағы -200 грамм, «Дүниетану» оқулығы — 300 грамм, дәптері — 196 грамм, «Математика» оқулығы — 400 грамм, математика бойынша дәптер — 300 грамм). Осылайша, бір күнге арналған төрт оқулық пен жұмыс дәптерлерінің салмағы екі келіге жетпейді» делінеді министрлік жауабында.
Басқасын қайдам, мектепке бала сүйреткен әрбір адам министрлік келтірген бұл фактіні жоққа шығара алады. Өз кезегінде Салтанат Тәжиева да қарап қалмай, видео арқылы күнделіктегі барлық пәндерді сөмкеге салып, оны электронды гірде өлшеп, министрліктің өтірігін шығарды.
Оқушы сөмкесінің салмағы 5 келі 235 грамм болды. Одан бөлек дене шынықтыру сабағының қосалқы сөмкесінің салмағы өлшенді: 1 келі 120 грамм. Сонда 1-сынып оқушысының мектепке көтеріп баратын «жүгінің» жалпы салмағы 6 келіден асып кетті.
Енді министр Сағадиев мырза, бұған қалай жауап берер екен?.. Ел кезекті жауабыңызды тағатсыздана күтіп отыр!..