Қирандының астында жатқан сәби ескі бесіктің арқасында аман қалған
2017 ж. 09 қаңтар
3528
5
Аружан есімді сәби Шымкентте құлаған үйдің астында қалып қойып, ескі бесіктің арқасында аман қалған деп хабарлайды Otyrar.kz.
Ал, бесікте ұйықтап жатқан нәрестені үйіндінің астынан Руслан Бахрамов шығарып алған. Апат болған маңға жақын жерде тұратын Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының 6506 әскери бөлімінің қызметкері Бахрамов Руслан Богданович қатты шыққан дыбысты естіп көшеге жүгіріп шыққан.
Құлаған үйден баланың жылаған дауысы мен көмек сұрап айқайлап жатқандарды естіген Руслан Бахрамов бірден әйеліне жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметін шақыруға бұйрық беріп, өзі қиранды жаққа бет алған.
Бахрамовтың батыл да қайсар әрекетінің арқасында, үйіндінің астынан Жұмалиевтер отбасы шығарылды: Жұмалиев Д.Д. оның әйелі және бір жастан асқан бүлдіршін. Бірақ, өкінішке орай, сәбидің анасы жарақатының ауыр болғанына байланысты қаза тапты.
Анықталған мәліметтер бойынша, төтенше жағдайдың орын алуына газ-ауа қосындысының жарылысы себеп болған. Қазіргі уақытта ТЖД қызметкерлері апаттың нақты салдарын анықтап жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қаңтар күні сағат 03:30 шамасында Шымкент қаласында Халықтар достығы көшесінде газ-ауа қосындысының жарылысынан барақ тәрізді салынған 2 қабатты жеке тұрғын үй опырылып кеткен болатын.
Жарылыстың қатты болғаны соншалық, сол маңға жақын жерде тұратындар жер сілкінді деп ойлаған.