Елімізде әлі күнге дейін Ленин атындағы 352 көше бар
2017 ж. 07 қаңтар
3224
4
Елімізде әлі күнге дейін Лениннің атында 352 көше бар. Сондай-ақ, жалпы солтүстік өңірде 650 елді мекен атауының тек 35%-ы ғана қазақшаланған деп хабарлайды «Қазақстан» ұлттық арнасына сілтеме жасап Baq.kz.
Ресми мәлімет бойынша Қостанай қаласының тек 15%-ы, Петропавл қаласының 12%-ы, Шығыс Қазақстан облысы көшелерінің 18%-ы қазақшаланған. Ал Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Елерке Төрехан атауларды қазақшалауға кедергі болған негізгі себептерге тоқталды.
«Біріншіден, елімізде 7 жыл көлемінде мораторий болды. Екіншіден, елді мекенде көшенің атауын ауыстыру үшін ең алдымен бір ай бұрын көше атауының өзгеретіндігін халыққа жариялайды. Олар белгілі бір жерге жиналады. Сол уақытта дауыс беру хаттамасы толтырылады, қол қойылады. Осы жерде көптеген азаматтар қарсылық білдіреді. Соның салдарынан көптеген көше атаулары ауыстырылмай қалады», - дейді сарапшы.
Айта кетейік, кеңестік дәуір мен оның көсемінің атымен аталған көшелер Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Атырау мен Маңғыстау облыстарында мүлдем жоқ екен.