Бойжеткеннің хаты: Қазақстанда қыздың құны жоқ, келте кигені үшін де зорлап кете береді
2017 ж. 03 қаңтар
8747
16
Кез келген қыз сұлу болуды, модель болуды армандайды. Менің де кескін-келбетім келісті-ақ. Аяғым түзу, бойым ұзын. Бұл — сұлулылықтың әлемдік стандарты.
Сондықтан студент кезімде осы артықшылығымды ашып тұратын киімдер киетінмін. Қысқа шорты, қысқа белдемше дегендей.
Бірақ мен осылай киінгенде: «Бұтыма қара, дене-бітімімді көр, мені құшағына ал, мыжғылап, құртып таста» деп тұрмын деген ой ешқашан өңім түгілі түсіме енген емес.Мен солай киінгенде: «Мен сұлумын, ешкімнен кем емеспін, мұндай әдемілікті қалай аяламайсың» деп қызыға қараса деп қоятынмын. Қазіргі келте киген оқушылар да солай ойлайтындығына бек сенімдімін. Бірақ еркек қауымы, әсіресе біздікілер мұндайда арам ойға бейім. Оны дәлелдеген менің өмірімде екі жағдай болды. Соңғысынан бастайын. Алматыда таксиде келе жатқанмын. Жаяу жүргінші жолағынан 5-сынып оқитын қыз өтті. Мектеп формасын танытатын белдемшесі келтелеу екен.
Екі көзі жалтыраған балтырға түскен таксиші: «Өстіп көзді қызықтырады ғой» деп салды. Мен шошып кеттім. «Ол бала ғой. Әрі кетсе 5-сынып оқиды» деп ішім мұздап сала берді. «Ой, қайдағы бала, бәле бұлар. Қазір мектепте қыздар екіқабат болып жатыр ғой» — дейді еш саспастан.Аузыма сөз түспеді, ауаны қарманып қалдым. Ішімнен: «Қыздың ата-анасы оны бала дейді, оған еркектер сұқтанып қарап жүр деп те ойламайды ғой. Бұл қоғам не деген сұмдық?.. Өз еркіңе сай киініп те жүре алмайсың» деп түңілдім. Енді өз басымнан өткен жағдайға келейін. 2-курс студентімін. Қысқа шортикпен дискотекаға бардық. Биледік. Дискотека тәмамдалып, бір топ қыз болып жатақханаға қайтып бара жатқанбыз. Тура көкпар тартқандай еңгезердей екі жігіт екі қолтығымнан көтеріп тұра ала жөнелді. Сол құйғытқаннан көлік ішіне бір-ақ басып алып кірді. Такси екен. Оған тарт деді. Олжаларына мәз, ыржалақтап күле береді. Қазір ойласам олардың барлығы шегіп алған екен ғой. Шыңғыра бастап едім, аузымды скочтап, қолымда бұрап байлап тастады. Сөйтсем бұлар да студент екен.
Доп секілді мені ары-бері лақтырып жатақханаларының ішіне кіргізді. Ұзын залмен дөдендетіп әкеліп бір бөлмеге кірдік. Еңгезердей жігітпен бір бөлмеде жалғыз қалдым. Қыз келді деген хабар жетсе керек, жатақхананың барлық еркек кіндіктісі есіктің алдына топырлап алған. Аш есікті дейді.Әлгі енді мені көндіре бастады. Өз еркіңмен беріл, әйтпесе есікті ашып, ана жігіттің барлығын кіргіземін деді. Басым айналып, көзім қарауытып кетті. Есікті шағатын болды-ау деймін, төпелеген дауыс үдей түсті. Ақыры қасымдағы сыртқа шықты.
Суицид дегенде адам ойланып жатпайды екен ғой. Ондай кезде екі таңдау тұрады: жан керек пе әлде ар керек пе деген. Әлгінің шыққанын күтіп тұрғандай мен балконға қарай атылдым.Үшінші қабат екен, салбырап тұрып, қолымды жібере салдым. Жерге ыңғайлы түскен секілдімін, салмағымның жеңілдігі де бар, ештеңе болмады. Алды-артыма қарамай тұра жүгірдім. Көлік жүретін жол, айналасы қалың ағаш, бір тірі адам да, көлік те жоқ. Құтқарыңдар деп айғайлап келемін, тоқтатайын десем бір көлік көрінбейді. Артыма қарасам мен секірген жерден бірнеше жігіт секіріп жатыр. Жан ұшыра алға қарай жүгіре бердім. Бірақ маған ешбір адам жолықпады. Олар ұстап алды… Қайтадан жатақханаға оралдық.
Бір қолдан екінші қолға өтіп балконнан тартып алғанда мен үлкен фоэға тап болдым. Ол арада мені 20-дан аса жігіт қоршауға алды. Қатты қорқып, дірілдеп, жылай бердім. Бірақ әлгілер маған тәрбие сағатын жүргізетін болып шықты.— Неге балконнан секірдің? Сені мұнда ешкім күштеп әкелген жоқ қой, өз аяғыңмен келдің?, — деді біреуі. — Жоқ, мені күштеп әкелді. Дискотекада жүрген жерімнен алып кетті, — дедім солқ-солқ етіп. — Енді дискотекада, былайынан балтырыңды неге жалтыратып жүрсің? Сені әке-шешең оқып жатыр деп ойлайды, ал сен болсаң… Мынандай сөздерге ішім жылып, мен өлердегі соңғы сөзге көштім: «Ағалар, мен енді ешқашан дискотекаға бармаймын. Мені жібере салыңыздаршы. Сіздердің де қарындастарыңыз бар шығар. Мен сабақты жақсы оқимын. Тіпті, зачеткамды әкеліп бағаларымды көрсетейін» деп қоямын бір үмітпен. Олар бір-бірімен өзара күбірлесті де тез тарап кетті. Ұқпай қалдым. Сөйтсем ертіп келген жігіттің өзіне ерік қалдырған секілді. Ол: «Саған ешкім тиіспейді. Менімен ғана боласың» дейді. «Жоқ, болмаймын. Мен тағы да балконнан секіремін» деп қорқыта бастадым. Ол сасып қалды. Аузына түскен олжадан оңай айырылғысы жоқ. Бөлмеге әкеліп, күшке көшті. Бар дауысыма салып айғайладым. Жаңағы тәрбие сағатын жүргізген ағалардан көмек күттім. Бірақ біреуі де келмеді. Ұзақ алыстық. Тырнадым да, тістедім де. Амал нешік, үлкен күшке қарсы тұрар шама жоқ. «Ой, сен қыз екенсің ғой» деп таң-тамаша. Сол кезде өмірімде бірінші рет жек көрудің не екенін түсіндім. Ол одан кейін салақтап артымнан біразға дейін жүгірді. Бір күні оған: «Мен сені кешіремін, қарғама десең, көзіңді құртып, мені жайыма қалдыр» дедім. Ол өзін жек көретінін түсінді. Күштеп зорлағанмен, күштеп сүйдіре алмайтынын ұқты. Өз жөнімен кетті. Мен де.
Мен оны ертеңінде соттатып жіберсем де болар еді. Құқықтық мемлекетте солай. Сол кезде олар қысқа кигені үшін қызды дырылдатпақ түгілі, тек көз салғаны үшін жазықты болатынын түсінер еді. Бірақ Қазақстанда мен секілді қыздар көп секілді. Өз құқығын білмейтін емес, сол жайттың құпия болып қалғанын қалайтын, өзінің туған-туысының жанын жаралағысы келмейтін қыздар көп. Қыз түгілі қазақ әйелдерінің де күйі солай секілді.Басынып жатса да, ұрып-соғып жатса да үнсіз қалады. Ал арам пиғылдылар нәзік жандылардың осы үнсіздігін пайдаланып, әбден күшейіп алған секілді.
Енді баласындай баланың балтырына қызыға қарап, аузының суын жұтынған ана таксишінің сөзін қарасаңызшы. Біздің қоғамда келте белдемше емес, бетімен кеткен, аялау-қадірлеу дегенді білмейтін, еркектердің келте пайымы, қап-қара пиғылын, арам ойын ең бірінші ауыздықтау керек!..Әсел Қанапьянова, Алматы облысы Дереккөз: 365info.kz