Бердібек Сапарбаев: Қазақ қыздары асылып өліп, шаш жұлыспаған
2016 ж. 24 желтоқсан
4995
5
23 желтоқсанда халықпен кездесу өткізген Ақтөбе облысының әкімі қоғамда болып жатқан жағдайларға пікірін білдірді. Қоғамдағы бала тәрбиесі мен қазақ қыздарының жайын айтты деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.
«Қашан қазақ қыздары асылып өліп еді? Қазақ қыздары қашан бір-бірінің шашын жұлды? Қашан олар төбелесіп еді? Қазақ қыздары асылып өліп, шаш жұлыспаған. Қазір жастардың арасында түсік жасату да көп. 13-14 жастағы қыздар жүкті болып жатыр. Оны шешесі білмей ме? Шешесі қызының түнде жүретінін, таң ата келетінін білмейді ме? Неге олар баласынан сұрамайды. Тәрбиелі отбасының балалары кешкі сағат онда үйінде болады. Сондықтан өзіміз жөндеуіміз керек. Бұлай болмайды», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
«Жастардың ажырасуына не себеп? Тәрбие! Оны беретін ата-ана. Полиция оларға ештеңе істей алмайды. Сіздер, біздер болып қыздарымызға, балаларымызға жақсы тәрбие беруіміз керек», - деді әкім.
Облыс әкімі қара жамылған қазақ қыздарының тағдырына алаңдайтынын айтты.
«Жат ағымнан адасқандар туралы көркем фильм мен қойылымдар көрсетіп жатырмыз. Басқалар түсінсін деп. Кеше көрдіңдер, 25 жастағы жігіттер жылап отыр. Қайтып келейін десе жол жоқ. Өмір бойына түрмеде отырады. Осыны жастар көріп, ойлану керек. Ата-ана баласының қайда жүргенін, немен айналысатынын білу керек. Кішкентай баланы қап-қара киіндіріп қояды. 5 жастағы балаға намаз оқытамыз, жаңа туған балаға екпе жасатпаймыз. Сонда не болады? Біз қайда барамыз? Неге болашағымызды ойламаймыз? Ағайындар, бұлай болмайды. Мұнымен бәріміз бірігіп айналысуымыз керек», - деді Бердібек Сапарбаев.