Қазақтың жері Қыдырәлінің тоқалының арқасында сатылмай қалған екен ғой
2016 ж. 09 желтоқсан
13214
22
"Тоқал алатынымды айту арқылы қазақтың жерін сатқызбадым" деген Қыдырәлі Болмановқа Андерсен атындағы сыйлықты кезексіз беру керек!!!
Белгілі әнші Қыдырәлі Болманов "Время" басылымына сұхбат беріп, әйелі Қарақаттың "Қыдырәліге тоқал алып беремін" дегенді неге айтқанын өзінше түсіндірді. Бұл туралы "Қазақ Үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Той-томалақтан қалыс қалмайтын, одан қалса, "Қарақаттай" қуыршағын Қытайдағы мамандарға 2 юаньға жасатып, елге әкеліп отандық өнім ретінде бәленбай мыңнан сататын (елден естуімізше) әншіміз шектен шығып кеткенін байқамай қалған-ау дейміз.
"Мен тоқал туралы әңгімені тегін таратпадым. Бұл мамырдың 19-ы болатын. Ел елең-алаң шақты бастан кешіріп жатты. Мен желтоқсан оқиғасын бастан өткерген адаммын. Сондықтан, жастар алаңға шықса, оларды үшінші жақ пайдаланып кетуі мүмкін екенін білдім. Жағдай қорқынышты еді. Өте ауыр күндерді бастан кешірдім. Қолымнан түк те келмегесін, жылап отырдым. Сосын тоқал туралы ой келді. Қарақатқа "Тоқал туралы жаз" дедім. Ол басында түсінбеді. Оған бәрін ұқтырдым. Менің тоқал алуым туралы бүкіл ел айтты. Сондықтан, жастар алаңға шықпады.", - дейді Болманов.
Өз әнін өзі тыңдап масайрап қалғаннан сау ма екен, әйтеуір, Болмановтың бұл сөзі ел ағаларының көңіліне де, жалпы, өзін осы елдің саналы азаматымын деп есептейтіндерге де жақпады. Жақпайтын жөні де бар.
Кеше ғана жер сатылмауы үшін алаңға шығып, ақыры бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған Макс Боқаев пен Талғат Аян секілді, өзге де елім деген ұлтжанды ағалардың ісін көрдік. Оның қасында Болмановтың сандырағы, елдің жер үшін күресеміз дегеніне "дәрет сындырғаны" секілді.
Бұған дейін сәләфиттердің "Біз халықты алаңға шығармай, халыққа қарсы болып, Үкіметке көмектестік. Енді билік сәләфизмге неге қарсы шығады?" деп көкігенін көріп едік. Оларын ашықтан-ашық әлеуметтік желідегі парақшаларына жазған еді және. "Андижанда бір әпкем бар, мұнан да өткен сорақы" дегеннің тап өзі болды. Сәләфиттер бір жағынан қиғылықты салған кезде, мына әншіңіз тоқал алып жатырмын деп елді алаңға шығартпай қойыпты ғой.
О заман да, бұл заман, Қыдырәлінің қуаршақтары туралы болмаса, өзі туралы естімегенімізге қанша жыл болды. Қуыршақ дегеннің өзінде де қорқынышты түс көргендей еске аламыз ол ойыншықтарды. Баламызға "Бал-баласын" әпереміз десек, масқара, бағасы қатардағы маманның айлық жалақысымен бірдей. Мұндай қуыршақты Қыдекең қалталы қазақтарға арнап шығарған-ау, өзі де байшыкеш "БОМОНД"-тың қатарында жүруге әуес қой. Әйтпесе, елім деген ер болса алдымен ақшаны емес, халықтың әлеуметтік жағдайын ойласа керек-ті. Жер үшін алынбай қалған тоқалын сөз қылмай-ақ қоялық, түге...
Айтпақшы, шымкенттің "сыра патшасы" Төлешов деген "жер сатылмау үшін бәленбай мың доллар бердім" деп шыққанын естіп едік. Ойда жоқта Төлешов емес, Бөлешов шығып, "түгенбай мың доллар беріп, тоқал туралы айтқыздым" деп жүремесе игі еді. Бұл күнде бәрінен де күдіктенетін боп қалдық.
Танымал журналист Арман Сқабылұлы Фейсбуктегі парақшасында тамаша ой айтты осы турасында:
"Таңға дейін жылап отырып, жұрт жер мəселесі үшін алаңға шығып кетпесін деп "ТОҚАЛ" тақырыбын ойдан құрастырдым. Əлеуметтік желідегі халық соған алданып, алаңға шықпады. " Қыдырəлі Болманов "Время" газетіне берген сұхбатында шамамен осылай көсіліпті. Ойпырмай, Қыдырəлі болмаса қырылып қалғандай екенбіз-ау, ə?..", - дейді Арекең.
Расында да, ел болып Болмановтың тоқалын сөз еткеніміз қалай болғаны. Өзіміз де түсінбей қалдық қой.
Асылы, ендігі біздің билік Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі секілді құзырлы органдарды ұстамаса да болады екен. Болмановты штаттан тыс "Бал-бала" етіп алса жетіп жатыр. Әлдебір сын сағаттарда әлеуметтік желіге Қыдекеңнің қырық өтірігін өрбітіп жіберсе болғаны. Біз соған иланып, жата береміз.
Әй, бірақ, ендігі Болмановтың тоқалдары бізге қызық болмайды-ау. Келесіде не туралы айтады екен? Қарақат жеңгеміз "Қыдырәліге бір түніне бір тоқалдан сыйладым" деп жүрмесе жарар еді. Құдай бетін ары қылсын...
Алтай Сағидолда,
qazaquni.kz