«Кінәсі жоқ адамды қалай соттауға болады?!»
2016 ж. 07 желтоқсан
1851
0
«Мен – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қоры төрағасының орынбасарымын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы өкілімін, мамандығым – заңгер. Бірақ, лицензия алмағандықтан ресми түрде қорғаушы (адвокат) болып істемеймін. Азаматтарды қорғауға мен олардың ресми қорғаушысымен қатар қорғаушы болып танылған туыстарына кеңес беру арқылы қатысамын. Бұл жолғы мен қорғауға қатысып отырған қылмыстық іс бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында кең орын алған жайттың бейнесі сипатты.
Бұдан бірнеше ай бұрын маған Шалдарбек Бөртебаев есімді азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы Қылмыстық түзету жүйесіне қарайтын «Пробация» мекемесінде инспектор болып істеп жүрген ұлы Өмірзақ Бөртебаев пара алды деген күдікпен тұтқындалғанын, бұның жала екенін айтып, көмектесуімді сұрады. Істің мән-жайымен танысқан соң мен Шалдарбекке: «Балаң сотталады. Балаңды кінәсіз болса да кінәлі деп табады. Сот болған күні сот залында қолына кісен салып, түрмеге тоғытады» дедім.
Мен неге олай дедім? Себебі, Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы (ӨҚБ) жаңағы мекеменің аға инспекторы, басшының міндетін атқарушы Таһир Әбдіхалықовтан күдіктеніп, бір жылдан бері аңдып «бағып» жүр екен. Оны ұстаған кезді жасырын түсірген ғой. Сол бейнежазбада флюмининсценттік лампамен тексергенде оның қолынан алдын-ала арнайы бояп қойған ақшаның бояуы шыққаны көрініп тұр. Ө.Бөртебаевтың қалтасынан ақша да, қолынан арнайы бояу белгісі де шықпаған. Негізі, Шодыметов деген азаматтан «Менен еркін жүріп-тұруым үшін ай сайын 15 мың теңге талап етеді» деген арыз Т.Әбдіхалықовтың үстінен жазылыпты. Оның шағымында Ө.Бөртебаевтың аты жоқ. Міне, осының бәріне қарамай, оны да Т.Әбдіхалықовпен бірге күдікті деп санаған.
Одан бөлек, тергеуші Қуанышбеков күдіктілер Т.Әбдіхалықов пен Ө.Бөртебаевтың мүлкін бұғаттау (арестовать) жайлы 2016 жылғы ҚР ҚПК-нің 161, 162-баптарына сәйкес 4-ақпанда қаулы шығарады. Ө.Бөртебаевтың мүлкіне бұғаттау қойылады, ал, 24-ақпанда Т.Әбдіхалықовтың «Нексия» машинасы оның әкесінің атына рәсімделеді. Тергеуші болса өзінің қаулысын тек 26-ақпанда барып сотқа өткізеді, тергеу соты сол күні қаулы шығарады. Тергеуші заң талабына сәйкес он күннен қалмай екеуіне де бұғаттау амалын қолдануға тиіс еді, неге ол заң талабын бұзған? Демек, тергеуші мен Т.Әбдіхалықовтың арасында ақша жүрген деп күдіктенемін. Олай дейтінім, Ө.Бөртебаев кінәсі дәлелденбесе де негізгі күдікті сол болып отыр. Ал, тергеушінің мына қылығы – соның дәлелі. Және Т.Әбдіхалықовтың қолынан табылған бояудың сүртіндісін алып сарапшыларға жібергенде, ол жерде бояу шықпай қалған! Бояудың шықпай қалуына кім мүдделі? Әрине, тергеуші мен Т.Әбдіхалықов екені түсінікті ғой.
Осы деректерді саралай келіп менің «балаң сотталады» деген сөзім Шалдарбекке ауыр тиді. «Кінәсі жоқ балам қалай сотталады?!» деп маған өкпелеп кетіп қалды. Баласы Өмірзақ та «мына кісінің аузы қандай жаман еді...» депті әкесіне. Бірақ, 29.09.2016 күні Шалдарбек маған қайтып келді – Т. Әбдіхалықов 2 млн.теңге төлейтін болып, сот залынан босатылыпты, ал, бұның баласы жеті жылға сотталыпты.
Содан бері үш ай өтті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын бұрмалау орын алып жатыр. Мысалы, сотта Ө.Бөртебаевты ақтап сөйлеген куәлердің сөздері үкімге кірмей қалған. Қамауға алынған кезде Ө.Бөртебаевқа ресми адвокатпен қатар қорғаушы ретінде әкесін немесе туған бауырын алуға болатыны ескертілмегенімен тұрмай, сот әлі күнге әкесі мен інісін сенімді өкілі деп тануға кедергі жасап отырған болатын.
Оны айтасыз, біздің «кодекс талаптарын белден басу орын алып отыр» деген күдігімізді сейілтудің орнына, сот оны қайта қоюлатып жатыр – бейне және аудиожазбаларды, сот отырысының хаттамаларын бергісі келмейді. Ең үлкен заң бұзушылық – процессуалдық, яғғни қылмыстық істі сотқа дейінгі алдын-ала тергеу барысы мен сот тергеуін жүргізудегі заң бұзушылық. Бірінші сатыдағы сот өздерінің заңды бұрмалаған жерін көрсетпес үшін 23.09.2016 жылы сот отырысы болмаған деп көрсетуге тырысып, сот залынаан жазылған бейнежазбаны бермеуге тырысып жатыр. Жалпы, сот тергеуін бейнежазбаға түсіру – ең алдымен соттардың қамын ойлаған, олардың атына айтылатын түрлі арыз-шағымдардан арашалап алу үшін енгізілген шара еді. Яғни, бейнежазбаны көрсету арқылы судья өзінің сот тергеуін әділ жүргізгенін оп-оңай дәлелдеп бере алады. Ал, бұл істе болса қалай? 07.06.2016 сот отырысында судья С.Қабылованың қағазға әлденені жазып, үндемей ғана хатшыға жылжытқаны, қағазды хатшының прокурорға бергені, прокурордың қағазды папкасына салып қойғаны көрініп тұр. Бұл – судья мен прокурор әлдеқандай келісім жасап жатыр деген сөз. Ал, 22.09.2016 сот отырысында Т.Әбдіхалықовтың адвокаты судьяның столына барып, ол жерден өзіне керек қағазды алып, сосын өзінің орнына барып отыруы – екі тараптың біреуінің адвокаты мен судья келісімге келіп жатыр деген сөз. Міне, мұның бәрі барып тұрған заң бұзушылық – бұл жерде ҚР ҚПК-інің 22-бабының 2-тармағы, 23-бабының 4-тармағы мен 5-тармағы, 29-бабының 2-тармағы өрескел түрде бұзылып отыр.
Енді ең үлкен бұрмалаушылыққа келейік 22.09.2016 күнгі сот отырысының хаттамасында «күдіктілер ұсталған кезде оперативтік топтың жасырын түсірген бейнежазбасын, кімнің ақша алғанын, кімнің алмағанын ертеңгі сот отырысында көретін боламыз» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бірақ, бізге 23.9.2016 өткен сот отырысының хаттамасы жоқ дейді. Хаттаманы бергісі келмейді. Демек, біз сот отырысы болмады деп түйіндеуге мәжбүрміз.
Ал, 28.9.2016 сот отырысының судья мен хатшы қол қойған хаттамасында тағы да ақ қағазға компьютерлік қара сиямен баттитып тұрып былай деп жазылған: «Ө.Бөртебаевтың адвокаты Тәшенова: «Кеше бейнежазбаны көрдік, сол кезде бейнежазбаға түсінік беру үшін тергеуші Қуанышбековті шақыру керектігін түсіндік. Менің шақырған өтінішім бойынша тергеуші келді ме?» дегенде, сот «келді» деп жауап береді. «Кіргізіңіз»! Бірақ, өтініш қай күні берілгені белгісіз болып тұр.
Бұдан біз нені түсінеміз? Яғни, сонау бірінші сатыдағы сотқа дейін-ақ, ӨҚБ жүргізген тергеу кезінде заңды бұрмалаушылық, заң бұзушылық орын алған. Біздің күдігіміз бойынша ақшаны алған – Т.Әбдіхалықов. Т.Әбдіхалықовтың қылмысы түсіп қалған бейнежазбаны тергеушілер де, оларды қорғаштаған сот та көрсетпей, біздің құқығымызды шектеп, неше түрлі қулыққа салып отыр. Біз бұл заң бұзушылықтарды атап көрсетіп, апелляциялық алқаға хат жаздық. Заң бойынша олар бұндай жағдайда ҚР ҚПК-інің 436-бабының 4-тармағына сәйкес істі бірінші сатыдағы сотқа қайтару керек еді, қайтармай отыр.
Одан бөлек бұлар ӨҚБ өздерінің аңду кездегі жасырын тыңдаған сөздері жазылған құжатта оның қай күні жазылғанын көрсетпейді. Кейін арасына Өмірзақ деген сөзді тығып жіберген. Және бізге оны жасырып бермейді. Беруге тиіс. Берілмеуге тиіс құжаттар тізімі бар. Ал, жаңағы құжат оның ішіне кірмейді.
Жасырын жүргізілген тергеу әрекеті не үшін? Кімнің ақша алғанын, кімнің бопсалағанын, талап еткенін анық көрсету үшін. Негізгі дәлел – осы! Ол құжат кәзір жоқ болып тұр. Ал, негізгі дәлел табылмаса, іс кейін қайтарылуы тиіс. Кез-келген күмәнді жайт күдіктінің пайдасына шешіледі.
Апелляциялық сот 30-қарашаға сағат 12.30-ға қойылған екен. Сірә, судьялар сотты түскі үзіліске дейін-ақ бітіріп тастайтынына өте сенімді болса керек... Бұл отырыста сотталған Ө.Бөртебаевтың қорғаушысы Қ.Тәшенова оның өз әкесі Ш.Бөртебаевты да ресми адвокатпен қатар қорғаушы деп тану туралы өтінішін бергенін айтып еді, апелляциялық сотқа төрағалық етуші З.Пірнияз ол өтінішті өткізілген құжаттардың арасынан таба алмады. Содан кейін кешкі сағат 17.00-ге дейін үзіліс жарияланды.
Қорғаушы Е.Дәуренбеков амал жоқ, сотталған Ө.Бөртебаевтан тағы бір рет арыз жаздырып әкелуге аттанды. Кешкі сот отырысы басталған бойда қорғаушы сотталған Ө.Бөртебаевтың арызын оқыған соң, арыз сот хатшысы арқылы төрағалық етуші З.Пірниязға табыс етілді.
Ш.Бөртебаевтың ресми адвокатпен қатар өз ұлының қорғаушы болуына сотқа қатысушы тараптардың ешқайсысы қарсылық білдірмегені себепті бұл өтіініш сот тарапынан қанағаттандырылды. Осыдан кейін сөз сұраған Ш.Бөртебаев жаңадан қосылған қорғаушы ретінде іспен танысып шығу үшін асып-сасып, абдырап 2-3 күн уақыт сұрады. Құдай пендем десе балаңыздың сотына, оның үстіне ол жазықсыз жазаланып жатса, қатысудан сақтасын. Төрағалық етуші Шәкеңнің «тәжірибесіздігіне» түсіністікпен қарады-дағы, соттың келесі отырысын желтоқсан айының 8-жұлдызына белгіледі...
Ж.Әбішевтің сөзін қағазға түсірген Ө.Әбдіуәлиұлы
qazaquni.kz