ПИРОТЕХНИКА ДЕГЕН ПӘЛЕДЕН ҚАШАН ҚҰТЫЛАМЫЗ?
2016 ж. 07 желтоқсан
2702
2
ҚР ПАРЛАМЕНТІ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА!
Бізде заң қабылдау жағынан кемшілік жоқ. Бір емес, Парламенттің екі бірдей палатасында жүздеген депутаттарымыз тек қана осы заң қабылдаумен ғана айналысып отыр. Салалық министрліктердегі мамандарымыздың ұсынған жобасын бақайшағына дейін тексеріп, оның қоғамға тиімді, қолданысқа қолайлылығын бақылап, кем-кетіктерін көздеріне шұқып көрсететін де солар. Тіпті бұл салада кәдімгі өндірістегідей жоспар құрып, биыл бәленбай заң қабылдауымыз керек деп өздеріне алдын ала міндеттеме қабылдайтыны да бар. Дұрыс, заң дер кезінде қабылданса қоғам белгілі ережемен өмір сүріп, алған бағытымыздан адаспайтын боламыз. Әрбір адамның құқығы сақталып, заң аясында жүргеніміз жөн. Рас, бірнеше қайнауы ішінде жүрген шикі заңдар да қабылданып кеткен кездер болды. Мәселен, Жер кодексіне, жол жүру ережесіне, салықтық мөлшерлемелерге, кәсіпкерлікке қатысты бірқатар заңдар қоғамда наразылық тудырғанына да куә болдық. Әрине, бұл жерде депутататтарымызға реніш білдіруге әркім құқылы. Себебі билік тармағындағы халыққа ең жақыны депутаттар емес пе? Екіншіден, халық оларға сенім артып сайлаған соң, талап етуге тиісті. Тұрғындар бар мұңын сол халық қалаулыларына айтады. Солай болу керек те. Өкінішке орай біздің депутаттар сайлаушылардың пікіріне үнемі құлақ аса бермейді, Үкіметтің жетегінде кетіп қалатыны бар. Ал, заң жобасын ұсынған салалық министрліктер бірінші кезекте тек қана өздерін ойлайтыны белгілі. Содан барып көпшіліктің наразылығы пайда болады. Елбасымыз айтқандай халыққа керегі жоқ заң кімге керек? Сондықтан алдымен үкіметтің емес, халықтың мүддесін ойлау қажет. Осындай наразылықтар болмас үшін депутаттар белсенді жұмыс істеуі керек. Өкінішке орай, бізде белсенді депутаттарды саусақпен санап алуға болады. Сенаттағы Қуаныш Айтаханов, Мәжілістегі Азат Перуашев, Мұхтар Тінекеев, Нұртай Сәбильянов, Зағипа Балиева сияқты бірең-сараң депутаттар ғана заң жобаларының шикілігін айтып шыр-пыр болып жатады. Қалғандары Мәжіліс залында отырғанмен қаралып жатқан мәселенің оларға мүлдем қатысы жоқ секілді әсер қалдырады. Мақұл делік, оны да әрбір депутаттың өз ар-ожданына қалдырдық. Халық қалаулыларының мына бір мәселеге назарларын аударсақ деп едік. Міне тағы бір кезекті жылдың соңына келіп жеттік. Енді екі-үш аптадан соң тағы бір жаңа жылдың табалдырығын аттамақпыз. Бүгіннің өзінде көшеде жарылғыш тарсылдықтар пайда болды. Қытайлық пиротехникаларды емін-еркін сатып алған балалар айналасына маза бермей, көшені басына көтеруде. Оны қаланың кез-келген жерінен алуға болады. Тіпті түнде де тыныштық жоқ. Бұл бір. Екіншіден, сол балаларымыз өз бастарын қатерге тігіп жүр. Жыл сайын жаңа жыл мерекесі күндері жүздеген бала жарақат алып жатқаны жалпақ жұртқа мәлім. Бірі қолдарынан, бір көздерінен айырылып мүгедек болып қалды. Бірақ, осыған назар аударып, бұған біржолата тыйым салу керек деген пендені көрмедік. Сонда қалай, біздің өз балаларымызға жанымыз ашымағаны ма? Әлде бұл бір дөкейдің жеке-дара бизнесі ме? Қалай десек те пиротехниканы қолдануды тоқтатсақ қаншама балалардың денсаулығы сақталар еді. Үшіншіден, жарылыс сау, ересек адамның да жүйкесіне қатты әсер ететінін ғалымдар баяғыда дәлелдеген. Оған жарылыстан бөлінетін улы газ бен өрт қауіпін қосып қойыңыз. Төртіншіден, осы бір түкке тұрғысыз пиротехникаға қаншама қаржы жұмсалады. Соның орнына оқушыға қажет құрал-жабдықтар сатып алса анағұрлым пайдалы болар еді. Айтайын дегеніміз, пиротехника атаулыны тоқтатып, оның бірде-бір түрін елімізге кіргізбеу керек. Онсыз да ондаған жылдар қытайлықтардың қалтасын қалыңдатып, өз басымызға қатер төндіріп келеміз. Баланы шапалақтағанды ата-аналық құқығынан айырып түрмеге тығатын заң шығарғанда, сол балаларымыздың басын осы қатерден қорғауға неге заң қабылдамасқа? Пиротехникасыз да өмір бойы жаңа жылды қарсы алып келдік емес пе? От шашуға байланып қалған ештеңе жоқ. Қазір ата-ананың балаға қатты ұрсуына да болмайды. Бара-бара бала мен ата-ананың рөлі алмасып, енді балаларымыздың айтқанымен жүретін шығармыз. Қазақта «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген мәтел бар. Өз баласын шапалақпен құйрықтан бір тартқан да қылмыс болып кетті. Еуропаға еліктейміз деп біз өз менталитетімізді мүлдем естен шығардық. Сонда баламыз бұзақылық жасаса учаскелік полицияға арыз айтып, сотқа шағымданатын болғанымыз ба? Ал полицейдің учаскесінде мыңдаған адам бар. Бір полицей мыңдаған баланың қайсы бірін қадағалап үлгереді? Бұл жерде де біз заңымызды артық қыламыз деп тыртық қылғанымызды мойындауымыз керек. Соңғы кезде балаларға қатысты зорлық-зомбылық саны өсіп кетуіне байланысты заң қатайтылып жатыр. Дұрыс, қылмыскерлер қатаң жазалануы керек. Бірақ, тең құқықты – кең құқық деп түсінетін балалар үлкендерге деген құметті ұмытты. Енді үлкендер олардың алдында құрдай жорғалайтын жағдайға жетті. Осы да тәрбие болып па? Демократия деп далбалақтап жүргенде бұрынғы ата-баба салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі айдалада ескерусіз қалды. Біз осы жағына баса назар аударуымыз керек. Елбасымыз айтқандай әр елдің өз демократиясы бар, бәрінде бірдей батыстық немесе америкалық демократияны бірден орнату мүмкін емес. Заң жобасын қарағанда өз ұлттық тұрғымыздан саралап, ғасырлар сынынан өткен озық салт-дәстүрлерімізді негізге алғанымыз абзал. Еуропа мен Қазақ елі арасында жер мен көктей айырмашылық барын естен шығармағанымыз жөн. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz