АРЫСТАН АТАМ һәм ЕШКІНІҢ ЛАҒЫ
2016 ж. 05 желтоқсан
2992
1
...Арыстан атамды бұрыннан білемін. Тіпті, оның Алманиядағы үлкен үйінде де болғанмын. Халық "Қара жорға" атап кеткен осынау тағдырлы адам жайлы түсірілген деректі фильмнің сценарийін де жазғаным бар. Жə, айтпағым ол емес еді. Əңгіме ешкінің лағы жайлы болмақ.
...Қыркүйек айы болатын. Арыстан атамыздың Алматының іргесіндегі үйінде əңгіме -дүкен құрып отырмыз. Ортаға буы бұрқырап қуырдақ келген. Пысылдап қайнаған самаурыннан жап-жас жеңгеміз құйған ыстық шəйді үрлей ішіп, тамаққа қол соза бергенбіз.
-Алыңыздар, асап жеңіздер!-деп атамыз бəйек болып жатыр.Біздікі қайбір тəбет дейсіз, бір -екі шұқып барып басылдық.
-Бұл кəдімгі ешкінің лағының еті, - деді Арекең өзі қуырдақты асап жатып, -Мұны күзде жейді. Əсіресе, еркектер көп жеуі керек!..
Мына əңгімесі мені елең еткізді. Өзім де жетпістен асқан атамның төсек жаңғырып, сəби сүйгенін, əлі күнге "Қара жорғаны" қатырып билейтінін білсем де, бір құпиясы бар-ау деп ойлап жүретінмін.
-Бұл лақ шіркін жайлауға шыққанда тау - тастың үстінде секіріп жүреді емес пе!-деп əңгімесін жалғады ол,-Тіпті тынымсыз деген ешкінің өзі шыға алмайтын құз - тастардың үстінде осы лақ жүреді. Ал, адам аяғы жетпейтін сол құз - тастың төбесінде өте сирек кездесетін дəрілік шөптер өседі. Ол əсіресе еркектердің денсаулығына өте пайдалы. Лақ жаз бойы сол шөптерді жеп, нəрін бойына сіңіреді. Күзде мал жайлаудан түскен соң бір ай бойы лақтың етін жесең, ешқашан қартаймайсың!..
...Дастархан басындағы үш еркектің қасықтары қайтадан қуырдақты көсеуге кірісті. Дəмі де керемет болып көрінгендей ме? Асай берер ме едік...сырттан жүгіріп кірген кішкентай қыз Арыстан əкесінің алдына еркелеп отыра кетті. Жетпісінде көрген қызығы ғой! Атам аман болса, лақтың қуырдағы таусылмаса əлі талай қызығын көрер деп ойладым...