ҚАРЫЗ ҚАМЫТЫН КІМ КИГІЗІП ОТЫР?
2016 ж. 02 желтоқсан
1930
0
Банкке берешегі бар адамнан қарызды күштеп қайтару әдісі болашақта заңмен рұқсат етілуі мүмкін. Оған қарсы шыққан адвокаттар «Коллекторлық қызмет» туралы заң жобасы қабылданса, борышкерді қорқыту, мүлкін өртеп, дүниесін қирату сияқты тәртіпсіздіктер белең алуы мүмкін деп қауіптенеді.
Ал құжатты талқылауға кіріскен төменгі палата депутаттары коллекторлар көмегімен несиені ғана емес, азаматтардың бір-біріне берген қарызын қайтаруды да заңдастыру керек деп санайды. Қарыз алып оны қайтармау мәселесі еліміз үшін қаншалықты өзекті?
Рас, несие қамытын кигендер саны елімізде көп болғанымен, оны қайтаруға асығатындар аз. Бүгінгі күннің өзінде 1 миллионнан астам адам банк алдындағы берешегін өтей алмай жүр. 1-ші қарашадағы мәліметке сәйкес қайтарымсыз кредиттер көлемі 687 миллиард теңгеге жеткен.
Қарызға өмір сүру қалыпты жағдайға айналып барады. «Бірінші кредиттік бюро» сараптамалық орталығының мәліметінше, жыл басынан бері тұрғындарымыз 1 триллион 22 миллиард теңге несие алған. Бір өкініштісі, қаржы институтына жүгінген қазақстандықтардың дені пайыздық үстемесі ең жоғары «кепіл затсыз кредит» түрін таңдаған. 100 мыңнан астам адам несие карталарына тапсырыс берсе, 26 мыңы ипотека алу үшін қарызға батқан. Тағы 20 мың тұтынушы автонесие рәсімдесе, 15 мыңы кепілге қойылатын мүлік арқылы берілетін несиеге сұраныс берген.
Анығын айтсақ, бұл банктердің берген құрғақ ақпараты ғана. Ал, осы жағдайға не себеп болды деген сұрақ ешкімді ойландырмай ма? Банк атаулыға үстемені көтеріп пайда тапса болғаны. Несие алушылар болмаса сол тойымсыз банктер қалай пайда табар еді? Шетелден 1 пайызбен қаржы алып өз халқына 20 пайызбен несие берулері заңды ма? Алдымен осы мәселенің басын ашып алу қажет. «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасы о бастан талас тудырғаны белгілі. Енді сол мәселе қайта көтерілді. Қарызын қайтара алмаса банктер неге жұртқа несие таратады? Сондықтан көпшілікке күш қолданатын заңды қабылдамас бұрын біздің депутаттарға оның нақты себептерін жан-жақты зерттеген дұрыс болар еді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz