Төлен ӘБДІК: Президенттің «Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар» деген бір ауыз сөзі керек!
2016 ж. 26 қараша
3613
4
Өркениетті елдерде мемлекет басшысына ашықтан ашық жағымпаздану, мақтау үрдісі жоқ
"Мұхтар Шахановтың үлкен қоғамдық проблемаларды көтерген «Қырғыз эвересі» атты кітабында Орталық Азия елдеріндегі жеке басқа табыну, жағымпаздық секілді келеңсіздікке арналған тарау бар. Сонда Түркменбашы Сапармұрат Ниязовты құдайға теңеп өлең шығарған ақын туралы сөз болады. Әрине кезінде бұған көбіміз күлген болатынбыз. Бірақ көп ұзамай өзіміздің де басымызға келетінін байқамаппыз. Ондай ақындар өзімізден де табылып жатыр. Министрлер мен облыс басшыларын былай қойғанда, мекеменің директорларына шейін «Президенттің тапсырмасы бойынша» демей, сөз сөйлемейтін болды. Президент тікелей тапсырма бермесе, түк істемей отыра беретін секілді. Мақала жазса болды, мемлекет басшысын көкке көтеріп, мақтау нормаға айналды. Сәл-пәл болса да ыңғайсыздану деген жоқ. Әрине, басшыны сынағаннан гөрі, оны мақтау тиімді болуы әбден мүмкін. Бұл арада Президенттің өз басы туралы әңгіме жоқ. Әңгіме қоғамдағы этика жайында. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сөз бар. Ал жағымпаз одан асқан жағымсыз. Жағымпазды көргенде, мешкеймен жылап көрісуге болатын секілді. Әдетте жағымпаздық тоталитарлық жүйе мен дара биліктің тұсында дамиды. Кешегі кеңес заманында мемлекет басшысын жер-көкке сыйдырмай мақтау міндет секілді болатын. Көсемді мақтаған ақын-жазушылардың атақ-даңқтары жер жарды. Ұмытпасам, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы, бүкілодақтық үлкен бір жиында Горбачевты жарыса мақтап жатқанда, комсомолдың бірінші хатшысы, жас жігіттің: «Жолдастар, Горбачевті мақтай бермеңіздер, мұндай ұлы адамды мақтаудың қажеті жоқ»,– деп, жұртқа басу айтқан болып, өзі олардан да асып түскенін көріп, бүкіл ел күлген еді. Ол заман өтті. Өткендегі сорақылықтарды қайталау – ел болмаудың белгісі. Өркениетті елдерде мемлекет басшысына ашықтан ашық жағымпаздану, мақтау үрдісі жоқ. Интернетке қанша үңілсем де, Обаманы, Саркозиді, Маркельді, тіпті бізге жақын Ресейдің президентін Құдайға, пайғамбарға теңеген, роман, поэма жазған белгілі ақын-жазушыларды кездестірген емеспін. Бұл ауру қоғамды ілгері бастырмайды, әлемдік қауымдастық алдында беделімізді түсіреді, күлкі қылады. Осы арада Президенттің: «Ау, ағайын, қойыңдар, мені ұятқа қалдырмаңдар»,– деген бір ауыз сөзі керек сияқты".
Төлен Әбдік, жазушы