Қазақ үшін аттың орны алабөтен...
2016 ж. 23 қараша
4609
0
Жүйрік ат жарату, бәйгеге қосу, тұлпар туар құлынды тап басып тану қазақ атбегілерінің байырғы өнері. Сол өнерді ұрпағына үйретіп, ата-бабасының дара жолын жалғап отырған адамдардың бірі – Омаровтар әулетінің ақсақалы Ыбырайахын ата. Өткен аптада Алматы облысының Ұзынағаш ауылына жолымыз түсіп, ол кісімен осы атсейіспен топ жарған сәйгүлік жарату және жеңісті көздеген шабандоздарды тәрбиелеу ісі туралы тілдескен едік.
– Мен қырық жыл шопыр болған адаммын. Ал жылқы өсіріп, бәйгеге қосу ата-бабамнан келе жатқан дәстүр. Кішкентайымда атамыз Қожахметтің «Аттан алыс өскен баланың бойында қазақылық болмайды» деп жүретіні есімде. Ол кісі өмір бойы аттың жалында жүріп оны баптаудың қайталанбас мәдениеті мен осы өнердің ғажайып үлгілерінің қыр-сырын жетік білген. Оның жолын ұлы, менің әкем Омар жалғады. Ол мына партия заманында да ат жүгіртіп, ата дәстүрін сақтаумен келді. Әкемнің көзі тірісінде мен ауыл арасында шопыр болып нәпақамды тауып жүрдім, әкем жылқыларын баптап, немерелерін атқа отырғызып құмарлықтарын ашты. Содан ол кісі дүниеден қайтқаннан кейін бүкіл дүние маған қалды. Мен де өз немерелерімді қалалық мәдениетке бой ұрып, далалық салтты ұмытып кетпесін деп арнайы атқора салғыздым. Өйткені, атқа мінген бала бауырмал, ержүрек, әрі еңбекқор болып өседі. Бұл күнде арнайы бәйгеге қатыстыратын 15 шақты сәйгүлігіміз бар. Барлығы да үлкен бәйгелерден жеңіспен оралып жүр.
– Қазанат қана «Алтын тұлпар» бәйгесін ала алады...
– 2000 жылдардан бастап жылқыларымды асылдандыруды қолға алдым. Алайда, бұл қорада тұрған жылқылардың барлығы шетелден алып келінген деген сөз емес. Біз шетелден тек айғырларды алдырамыз. Сөйтіп, оны өзіміздің биелермен будандастырып, тұқым аламыз. Мысалы, күні кеше елу бір шақырым қашықтыққа жүгіріп, «Алтын тұлпар» аламанынан бас жүлдені жеңіп алған Жаннұр есімді бес жасар атты біз жараттық. Ол өзіміздің қазақы бие мен шетелдік айғырдың құлыны. Ал шетелдің жылқылары қанша мықты болса да мұнша ұзаққа шыдамайды. Әрі кетсе он-он бес километр жүгіреді. Шетелден айғыр алып келудегі басты мақсат – қан жаңарту. Қазақы жылқылардың қаны алмасқанда барып осындай жүйріктер шығады.
Жеңіс оңай келмейді
– Жүйрік жылқы өсірудің сыры біреу ғана. Тек еңбек ету керек. Себебі, атыңды асқақтатар тұлпарды жарату бір бөлек те, оны баптау бір бөлек. Ұзақ ізденіс, үлкен еңбектің арқасында қол жеткізетін дүние бұл. Бұрын әкеміз атты терлетіп келіп, тілімен жалап көреді екен. Сонда тұзы шығып тұрса «Әй, мынаның тері дұрыс алынбапты» деп қайтадан балаларына мінгізіп жіберетін. Содан аттан тұздың дәмі кеткенше терлетіп барып қана, «Бұдан енді тұз шықпайды, бұл келеді» деп оның бәйгеге дайындығын бағалайтын. Ал қазіргі жарату бұрыңғыдай емес, қазір басқаша жаратады. Күніне атты 30 километр жүргізіп жүреді. Содан бәйге жақындаған сайын жиірек жүгіртіп, 10-15 күннің ішінде дайын қылады.
Бәйге атын балаңдай мәпелеуің керек
– Жылқыға жіті көңіл бөлген жөн. Өзім қазіргі уақытта мал шаруашылығымен айналысамын. Балаларым қызметте. Мұнда негізінен немерелерім жүреді. Уақытымен өлшеп тұрып жем-шөбін береді, тазалап, жуындырып, тарап тұрады. Бәрі уақытымен. Бұларға да балабақшадағы балаларға қарағандай қараймыз. Қазір солай бағатын болды ғой. Баяғы заманда атамыз олай істемейтін. Біздің кішкентай кезімізде. Терін алып болғаннан соң жүгенін алып айдап жбереді де, 2-3 сағаттан кейін ұстап алып, бәйгеге қоса беретін.
Бәйгеге қатысқан бала рухты болады
– Осы атқораны салғалы сәйгүліктерімізді баптап, шабандоздарымызды Әділет Ноқатай есімді азамат жаттықтырып келеді. Қазіргі уақытта Асхат және Диас есімді екі кішкентай шабандозымыз бар. Екеуін арнайы дайындықтан өткізіп, сәйгүліктерге мінгіздік. Асхат биыл Жаннұр есімді тұлпарымызбен «Алтын тұлпардан», Диас Қыранмен «Астана жұлдызының» бас жүлдесін еншіледі. Атты асылдандырып, жарату бір бөлек те оны жаттықтыру бір бөлек. Жаттықтырушының еңбегінің арқасында осындай үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бұл ретте, шабандоздардың да еңбегі ерекше. Шындығында да кез-келген бала үлкен аттың үстіне отырып шауып кете алмайды. Қазіргі технология дамыған заманда қызықты компьютер мен қолындағы ұялы телефонан табатын балаларды атқа отырғызып бәйгеден бірінші орын алу деген мүмкін емес дүние. Нағыз шабандоздар өздері бала кезден-ақ белгілі болады. Ат көрсе қызығып, келіп сипалап, мініп көргісі келіп тұрады. «Тиіспе» десең де атты айналып, құмарланып, атқа мініп, ол ат тіпті асауланып теуіп жатса да қорықпай, жанынан кетпейді. «Ата отырайыншы, көрейінші, осыны істейінші» деп тұрады. Атқұмар балалар дүниеге келгенде өздеріне сондай қасиет беріледі деп санаймын. Ол олардың басына Алла тағаланың берген бағы. Бәйгеге қатысқан баланың рухы қашан да биік болады.
Бүгінгі арғымағымыздың бәрі «Дегерестің» аттары
– Жылқы шамамен отыз жасқа дейін өмір сүреді. Аяғынан қалып, бір жері кемтар болып қалмаса бәйгеге қатысып, жүгіре береді. Мына жайылып жүргендер Қазақстандағы ертеден тарихы мен дәстүрі бар атақты «Дегерес» жылқы зауытының тұқымдары. Шетелден алып келген айғырларды осыларға қосып, құлындарын алып, өсіріп, бәйгеге қосып жүгіртеміз. Қазір жүгіртіп жатқандарымыздың барлығы өзіміздің «Дегерес» тұқымдары. Мына биелердің ішінде жиырма бір-жиырма екіге келгендері бар. Шөп-жемі жақсы болса аса қартаймайды, құлын бере береді. Өзіме мына қарагер бие ең ыстығы. Осы іске кіріскелі ең алғаш жүргіткен бием болатын. Талдықорғанда өткен бәйгеден «Нива» көлігін ұтып алған.
Сәйгүліктерімізді саудаға салмаймыз
– Жылқыларымызды саудаға салмаймыз. Шетелден айғыр алып келіп, олардан құлын алып, бәйгеге қосуымның басты себебі балаларым атқұмар. Солар үшін, ата кәсібіміз үзілмесін деп жылқыны қолға алғанмын. Жалпы өзіміз бір атадан 150 үй бармыз. Соның 30 шақтысында шаруақожалығы бар, малмен айналысады. Өзім бар, солардың балалары бар барлығымыз осы қораны көтеріп, қазақтың ата салтымен осы кәсіпті нәсіп етіп келеміз.
Атты ата-баба дәстүрімен жаратады
Жүйрік атты жарату, бәйгеге қосу, тұлпар туар құлынды тап басып тану – қазақ атбегілерінің байырғы өнері. Сөз арасында сол өнерді ұрпағына үйретіп, ата-бабасының дара жолын жалғап отырған адамдардың бірі осынау Ыбырайахын атаның сәйгүліктерін бәйгеге дайындап, жүлделі орындарды бағындырып жүрген атбегі Әділет Ноқатаймен де әңгіме өрбіткен едік.
– Атбегілікпен айналысқаныңызға қанша жыл болды?
– Өзім Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасымын. 5-сынып оқып жүрген кезімде атқа құмарттым. Бұл қызығушылығымды байқаған Мақсұт Несіпбаев деген кісі мені өзіне шабандоз етіп алды. Сол кісіден ат баптауды үйрендім, тәжірибе жинадым. Уақыт өте келе бәйгеге қатысатын тұлпарларды жаттықтыруды қолға алдым. Мақсұт ағаммен бірге он жылдай жұмыс істеп, біраз жетістіктерге жеттім. Ыбырайахын атаның жанында жүргеніме үш жылдай уақыт болды. Бұл аз ғана уақыт болғанымен, Омаровтар әулетімен бірге үлкен асуларды бағындырып келеміз.
– Атбегінің жұмыс күні қалай басталады?
– Біздің жұмыс күніміз таңғы сағат алтыда басталады. Жұмысқа келгеннен соң ең алдымен аттарға жем-шөбі мен суын береміз. Сағат тоғызға таяу жеген тамағы қорытылып, кейін аяғына салмақ түсірмеуі үшін аттарды жүргізіп қайтамыз. Түс кезінде аттарды тағы да суғарамыз. Одан кейін сағат түскі үштердің езінде шабандоздарымыз сабақтарынан келіп, аттарды жаттықтыруды бастаймыз. Жаттығу әдетте үш-төрт сағатқа созылады. Одан кейін сағат 8-де кешкі тамақтарын, суын береміз. Сонымен жұмыс күні аяқталады.
– Қарамағыңызда жаттықтыратын қанша жылқыңыз бар?
– Қазіргі уақытта жаттықтырып жүрген 20 тұлпарымыз бар. Олардың барлығын да бәйгеге қатыстырдық. Авто көлік ұтып бергені бар, қомақты қаржылай жүлделерге ие болғаны бар.
– Өзіңіз атбегі ретінде атты қалай жаратасыз?
– Ат баптаудың қыр-сыры көп. Алайда бастысы ақылың мен төзімділігіңді ұштастырып, талмай еңбек ете білу керек. Сонда үлкен жетістіктерге жетесің. Жалпы атбегілердің барлығының жаттығу жұмысы бірдей болмайды. Әрқайсысымыздың өзіміздің айналысатын тәсілдеріміз бар. Мен бұрынғы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр бойынша дайындаймын. Ал, шетелден алып келінетін аттар көбіне дайын келеді. Тек күтімі дұрыс болса болды.
– Шәкірттеріңіз бар ма?
Дайындап жатқан шәкірттерім бар. Олар – Еламан Жақиянов, Ислам Жақиянов, Ислам Рахымғали деген сынды бауырларым. Олардан да келешекте жақсы атбегі шығады деген сенімдемін. Олар қазіргі уақытта өзімнің қолымның астында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақыттары олардың да жетістіктерін көреміз деген ойдамын.
Бетті дайындаған
Айнұр МАРАТ
qazaquni.kz