АУРУҒА – ЕМ, САУҒА – ҚУАТ, ШІРКІН, ҚЫМЫЗ...
2016 ж. 23 қараша
4790
0
«Бірінші байлық – денсаулық» деп білген қазақ ежелден дұрыс тамақтануға мән берген халық. Ал тамақ сусынсыз болмайтыны анық. Баяғыдан сүт, айран, шалап, қымыран, тағы басқа да тамаша сусындарды пайдаланып келе жатқан елдің ең маңызды дәмінің бірі – қымыз. «Қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген сөз баяғыдан бүгінге жеткені соның бір айғағы.
Бұл сиқырлы дәмді сусын басқа елдерде бағзы заманнан белгілі болған. Біздің дәуірімізге дейін 8-ғасырда ғұмыр кешкен Гомердің «Иллиадасында» бие сауып, соның сүтімен қоректенетін Агава халқы туралы жазылған. Біздің дәуірімізге дейін 64/63 – 20/24 жылдары өмір сүрген грек саяхатшысы Страбон «Бие сауушы скифтер» десе, ал біздің дәуірімізге дейін 2 ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген грек географы Хиостық Скимн былай деп жазған: «Олар өте намысшыл халық... скифтер жылқыларын сауып, сүтін ішеді».
Біздің заманымызға дейінгі 5-ғасырда ғұмыр кешкен грек тарихшысы Геродот, қазақтың бабалары сақ-скифтер туралы былайша баяндайды: «Скифтер өздерінің құлдарын көздері көрмейтіндей зағип етеді. Бұлай ету себебі – олар ішетін жылқының сүтіне байланысты. ...Сауып болған соң, сүтті ағаш күбілерге құяды. Содан соң зағип құлдарды айналдыра тұрғызып сүтті шайқауға бұйрық береді. Сүттің жоғарғы бөлігі құнды есептеледі, қалғаны ондай бағалы болмайды, сондықтан, олар оны онша бағалы деп есептемейді».
Қазіргі кезде қымызды дайындау, әрине, бөлек әңгіме.
«Тауарих хамса – бес тарих» атты шығарманы дүниеге әкелген тарихшы Құрбанғали Халид: «Қымыз қазақ тайпаларының байырғы тағамы – сусыны» дей келе, осыдан 1200 жылдан ілгері Мысыр патшасы, қыпшақ сұлтаны Байбарыстың қымыз ішкенін жазған. Қымыздың халқымыздың байырғы сусыны екенін «Айман-Шолпан» жырында Маман бидің тоғыз нарға тоғыз саба қымыз артып келетіні жырланғанынан да білуге болады.
Саба демекші, теріден жасалған осы ыдыс қымыз сақтаудың ең бір тиімдісі екенін уақыт дәлелдеді. Қазақтың сабалары көлемі жағынан әртүрлі болған. Сәкен Сейфуллин «Сол жылдарда» атты естелігінде көлемі үлкен саба туралы: «Отаудың ортасында күмістеген үкілі піспекті екі жылқының терісінен істелген үлкен қара саба тұр. Ішіндегі лықылдаған сары қымыздың күшті мас иісі сыртынан аңқиды. Сабаның қасында екі жігіт тершіп кезек-кезек түрегеп керіліп үкілі күміс піспекке сабаны жай, ауыр салмақпен гүмп-гүмп еткізіп пісіп қояды. Екі жігіт қымызды үлкен тегенеге құйып алып, ожаумен сапырып отыр. Бірі ожаумен құйып, екіншісі торы ала тостағандармен жағалай үлестіріп жүр» деп жазады.
Қазақ тұрмысын зерттеуші ғалым Халел Арғынбайдың жазуы бойынша, қымыз үлкен тойларда және ас берілген кезде де сол іс-шаралардың көрінісі іспетті болған: «Әр үйде қонақтарға арналған саба-саба қымыз болады, оның қай ауылдан келгендігін даяшылар өлеңдетіп жариялап жүреді. Сондықтан әрбір саба әкелетін ауыл қымызын дұрыстап әкелуге тырысады. Кейбір даңққұмар байлар асқа апаратын сабаның піспегін күмістетіп, жүздеген литр қымыз сиятындай үлкен етіп жасатқан. Мәселен Ембі бойында болған бір асқа бейсембі Бажықой дейтін бай 10 жылқының терісінен жасалған сабаға жүз шелек қымыз құйып әкелген. Мұндай сабалардың мойын жабдықтан шығарып қойып, ат үстінен піседі екен». Осылай деген ғалым Сырым батырдың асында бес мың шелектей қымыз ішілгендігі туралы да дерек келтірген.
Қымызсыз қазақ өмірінің маңызы жоқ десе де болады. «Қазақы атаулар мен байламдар» атты керемет кітап жазған Жәрдем Кейкин ағамыз кітабының «Сүт тағамдары» бөлімінде қымызға байланысты біршама атаулар келтіреді: «Уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі тарамаған жазғытұрымғы алғашқы қымыз»; «Саумал – әлі бабына келіп аши қоймаған қымыз»; «Қор – қымыздың ашытқысы»; «Қораба – саба түбінде қалдырылған ашытқы қымыз, кейде «Қораба қымыз» деп те аталады»; «Қымыз мұрын – биені байлағанда бірінші ішетін қымыз»; «Жуас қымыз – ащы қымыздың үстіне саумал қосып жұмсартылған қымыз»; «Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз»; «Бал қымыз – әбден пісілген, бойына жылқының не қойдың майы сіңген бапты жұмсақ қымыз»; «Қысырақ қымыз» – бірінші рет құлындаған биенің сүтінен ашытылған қымыз; «Қысырдың қымызы немесе Ту қымыз – қыста қолда ұстаған қысыр биелердің сүтінен ашытқан қымыз»; «Қолбала қымыз – таза, дәмді қымыз»; «Түнемел қымыз – ашытылуы екінші тәулікке ауысқан қымыз»; «Құнан қымыз – ашытылуы үшінші тәулікке ауысқан қымыз»; Дөнен қымыз – ашытылуы төртінші тәулікке ауысқан қымыз; Бесті қымыз – ашытылуы бесінші тәулікке ауысқан қымыз; Сары қымыз – жақсы пісіліп, әбден бабына келіп үйіпілген қымыз; Тосап қымыз – ыдыс түбіне тұнған қоймалжың қымыз.
Қымыздың қандай дәруменді сусын екенін қазақтар әрқашан білген. Көкірек ауруына ұшырағандарға қымызға қазы қосып ішкізіп емдеген. Турасын айтқанда қазақ тіршілігінің қай жағын алып қарасаңыз да қымыздың орны ерекше. Қазақ даласына демеушілігімен белгілі тобықты руының дәулетті адамы Медеу Оразбайұлы «қазаққа керек адам» деп, Әлихан Бөкейханұлы отырған түрменің маңына киіз үй тігіп, он құлынды бие байлап күніге қымызға қоса бір саулық сойып жас ет жеткізіп тұрған.
Қымыздың қазақ денсаулығына игі әсерін шетел ғалымдарының да байқағаны туралы деректі Бейбіт Сапаралы «Адалбақан» кітабында келтірген. 1841 жылы қазақ жеріне аттанған экспедиция дәрігері А.Ягминь қымыз туралы өзінің күнделігіне жазып, қымыз сусынын жергілікті жердегі қазақтар аурудың біраз түріне, әсіресе туберкулезге ем ретінде қолданылатынын, қыстаудан жайлауға шыққан кезде кейбір кісілер қымыздың арқасында тез айыға бастайтындығының куәсі болған. Альфонс Ягмин осы көргендерін 1845 жылы Санкт-Петербург қаласында шыққан еңбегінде баяндаған.
Өткен ғасырларда көкірек ауруынан (өкпе туберкулезі) айығудың жолы қымыз ішу екенін көпшілік жақсы білген. Мысалы, сондай ауруға шалдыққан орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой кезінде қымыз курортына барып, дертінен айыққаны туралы жазушы Сәбит Мұқанұлы «Халық мұрасы» атты еңбегінде жазып кеткен. «Қысқы қаланы алу», «Бояр Морозова», «Суворовтың Альпіден өтуі» тағы да басқа суреттерді салған суретші Василий Суриковтың қымызбен бірнеше рет емделгені туралы қылқалам шеберінің қарындасы өз естелігінде жазады.
Осы бір қасиетті сусынның емдік қасиетінің қандай екенін жақсы білген дәрігер Р.Кноблок Мәскеуде күнделікті шығып тұрған «Русские ведомости» газетіне жариялаған: «Қымызбен емделу жайында» деп аталатын мақаласында қымыздың емдік қасиеттеріне кеңінен тоқтала келіп: «Москвада жаз айларында осы сусынмен емдеу бір сәт те үзілмейді. Енді күз бен қыс уақытында да сол ізгі іс жалғасын тапса екен. Қатерлі тамақ аурулары, қанның азаюы, босанғаннан кейінгі әйел организмінің қалыпқа келуі – мұның бәрі де қымыз сусынымен жүзеге асқан болар еді» деген ой қорытады. Кейін осы мақала төңірегінде бірнеше пікірталастар, қостау пікірлері жарияланып отырған. Онда Москвадағы қымызханалардың бар саны онға жететіні, орналасқан мекен-жайлары, қымызбен емделудің толық курсы 90 сом, әр бөтелкесі 50 тиын тұратыны, т.б. жайлар тізбеленеді.
Патшалық Ресейдің пәрменімен жер аударылып көптеген жылдар қазақ даласында өмір сүрген поляк халқының қайсар ұлы, революционер Адольф Янушкевич қымыз туралы туыстарына жазған бір хатында былай баяндайды: «Қазақтардың бізге айтуы бойынша ауру-сырқаулар жаздың жылы таза ауасында ешқандай ем-домсыз қымыздың арқасында жазылып кетеді».
Атақты драматург Владимир Иванович Немирович-Данченко 1879 жылы танысы Ф.Нефедовтің қымызбен емделіп жақтанын біліп оған: Қымбаттым Филлип Демидович, сіздің денсаулығыңызды жөндеп жатқан қымыз жасасын! – деп хат жолдаған. Бұл драматургтің хаттар жинағының бірінші томында алғашқысы болып жарық көрді.
Қазақтар туралы көптеген сурет салған атақты орыс суретшісі Василий Верещагин де қымызды жақсы көрген. «Русско-казахские литературные отношения» атты кітап жазған ғалым Кальсим Шакировна Кереева-Канафиева атақты суретшінің қымыздың дәмін алғаш рет қалай татқанын былай баяндайды: «Айырбас жасалынатын аулада суретші алғаш рет қымыздың дәмін татты. Сусын өте қышқылтым болып көрінді». Шет елдің белгілі тұлғаларының бабаларымыздың күнделікті ішкен сусынына бұлайша көңіл бөлуі оның шөл қандыру сапасының биік болуымен қатар емдік қасиетінде екені айдан-анық.
Халық арасында сиқырға толы осы бір сусын туралы, хандар жастығын қайтару үшін, хас сұлулар көркін жоғалтпауы үшін қымызға шомылған деген небір аңыз-әңгімелер де тараған. Бұл әңгімелердің шығуы да қисынсыз емес.
Қымызға байланысты осындай бір оқиғаны халқымыздың ұлы жазушылары Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин басынан кешкені белгілі. Қаламгер екі дос бір ауылға барған сапарында жаңа туған нәрестенің дүниеге келгенінің куәсі болады да баланың кіндігін Бейімбет Майлин кеседі. Сол жерде жаңа туған сәбиге Ғабит Махмұтұлы «Биаға» деп Бейімбет Майлиннің есімін береді. Жазушының осы «Биаға» атты әңгімесінде болған оқиғаны былай деп жазады: «Горький жаңа туған баланы теңіз суына шомылдырды ғой, біз қымызға шомылдырдық. Бала жаңа дүниеге келгенін сезініп баж етіп қалды». Әңгімені ары қарай оқыған оқырман жаңа босанған ананың да қымызға шомылғанын біледі.
Жоғарыда келтірілген деректердің бәрі де қазақ үшін қымыздың орны бөлек, шипалы сусын екенін дәлелдейді. Қымыз жасқа да кәріге де бірдей сіңімді сусын.
Бүгіндері балалары түрлі тәтті сусындарға бой ұрып қалған замандастарым бұл сөзіме күдікпен қарар. Бірақ, мен өз сөзіме сенімдімін. Сондықтан тағы бір дерек келтірейін. Жамбыл ақынның хатшысы болған ақын ағамыз Ғали Орманның күнделігінде мынадай жазу бар: «15-мамыр, 1940 жыл. ...Жәкеңді ауруханаға апардық. «Бармаймын», – деді. «Балаларыма бір көрініп, мауқымды басып келейін», – деді. Қымыз ішті». Қымыз ішкен ақын Жамбыл 1940 жылы тоқсан төрт жаста болған. Жастайынан небір қиыншылықты көріп өскен Жамбылдың жүз жасау сырының бір себебі өмір бойы қымыз ішкендігімен байланысты екені күмән тудырмайды.
Қазақ халқы денсаулыққа пайдалы осы бір шипалы сусынды ғұмыр бойы пайдаланатын болар.
Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы
qazaquni.kz