ҚАМАУДЫ АЙЫППҰЛ АУЫСТЫРА АЛА МА?
2016 ж. 23 қараша
2126
0
Елімізде орташа деңгейде қылмыс жасағандар түрмеден айыппұлмен құтылмақ. Еліміздің қылмыстық атқару жүйесінде ауқымды реформа басталғалы жатыр. Енді алаяқтық, ұрлық, бұзақылық жасағандар бірден түрмеге тоғытылмай, айыппұлмен құтылуы мүмкін.
Бірақ бұндай жеңілдік адам өлтіру, зорлау сияқты аса ауыр қылмыс жасаған қаскөйлерге жүрмейді. Ішкі істер министрлігі «Пробация туралы» заңға енгізгелі жатқан өзгеріске сай, қылмыс жасаған жасөспірімдер мен жасы 58-ден асқан әйелдер және жүкті келіншектердің де абақтыны айналып өтуге мүмкіндігі бар. Өйткені қазір түрмелерге сотталғандар сыймай жатыр екен. Ішкі істер министрлігі бұрындар Мәжіліске қылмыскерлерге жазаны күшейтіп, айппұлды үстелеу керек деген ұсыныспен келетін. Бұл жолы керісінше, кейбір заң бұзған азаматтарды бостандықта алып қалудың жолдарын қарастырыпты. Өйткені қазір онсыз да 40 мыңнан астам адам абақтыда отыр екен. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыповтың айтуынша оларды бағып-қағуға Үкімет жылына 35 миллиард теңге жұмсайды екен.
Сонымен енді ұрлық, бұзақылық, алаяқтық сынды аса ауыр емес қылмыс жасағандардың пробациялық қызметке жүгінуге құқығы бар. Сотқа дейін арнайы инспекторлар күдіктіні жан-жақты зерттейді. Жанұясымен кездеседі, жұмыстағы әріптестерінен мінездеме алады.
– Әр адамды жеке қарау керек. Оның отбасы болса, бала-шағасы болса, әйелі болса, жасы келген қарт болса, оларға осындай пробациялық мүмкіндік беру қажет, – дейді Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым.
Бірақ қоғамдық ұйым белсенділері бұған қарсы. Пробацияны тәуелсіз мамандарға беру керек деп отыр.
– «Пробация» қызметіне Ішкі істер министрлігі араласпағаны дұрыс. Ол азаматтық ведомство болуы керек және құрамына алдын-ала дайындықтан өткен қоғамдық ұйымдар, еріктілер кірсін. Пробацияны тек 2-3 жыл жаза кесілген қылмыскерлерге пайдаланған жөн, – дейді құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағанбетова.
Елімізде бұған дейін пробациялық қызметті тек шартты түрде жаза арқалағандар қолданатын. Енді азаматтар сотқа дейін, сондай-ақ, жазасын өтеп, бостандыққа шыққан соң да пайдалана алады.
Бірақ Ішкі істер министрлігі пробациялық қызметтің талаптарын бұзған инспекторларға жаза белгілеуді ескермепті. Заң жобасында полицейлердің жауапкершілігі туралы мүлдем жазылмаған дейді депутаттар. Ал құжат бекітілсе, түрмелердің біразы босап қалатын түрі бар. Сөйтіп, бюджеттің миллиардтары да үнемделмек.
Бұл жерде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің де пікірін ескеру қажет сияқты. Мәжіліс төрағасы айппұлды арқалаған ұрылар мен алаяқтар ертең ақшасын төлей салып келесі қылмысқа кірісіп, осы заңды өздеріне бизнес етіп алулары мүмкін деген күдігін ашық айтты. Сондықтан бұл жерде жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс сияқты. Түрмедегі адамдардың санын азайтамыз деп қылмысты көбейтіп алуымыз ғажап емес.
Зейнолла АБАЖАНОВ
qazaquni.kz