«Көш және Көшбасшы» кеші рух көтерер шара болды
2016 ж. 19 қараша
2882
0
«Көш және Көшбасшы» кешіне ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев келді
Кеше, яғни 18 қараша күні Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында "Қамшы" порталы және Ұлттық арна ұйымдастыруымен "Көш және Көшбасшы" деген мерекелік концерт өтті. Барша Алматы қаласының тұрғындарына Студенттер сарайының есігі сол күні айқара ашық болды. Тегін билет аламын деушілер бар болғаны ережеге сай алдын-ала сайтқа кіріп, тіркелуі қажет еді. Мыңнан астам көрермен жинаған "Көш және Көшбасшы" концерті рухани шөлдеп жүрген қазаққа мөлдір бұлақ болды. Кеш барысында дәстүрлі ән-жыр, қоңыр күй, еңсені көтеріп, рухты жанитын патриоттық туындылар орындалды. Концертте өнер көрсеткен барлық өнерпаз ұлттық мүддені жоғары қоятын азаматтар екендігін ерекше атап өткен жөн. Бір ән орындауға шыққан әлемдік деңгейдегі қазақтың жезтаңдай әншісі Майра Мұхаммедті халық сахнадан жібергісі келмеді. Қалың қазақтың көңілін қимаған Майра "Ағажай, Алтайдай жер қайда-аймен" қоса "Бүлдіргенді" шырқап берді.
Кеш шымылдығын құрметті қонағымыз ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев ашты. Халық алдында сөз сөйлеген министр: " Осының бәрі санаулы күндерден кейін 25 жылдығын атап өткелі отырған Тәуелсіздігіміздің жетістігі. Осы күнді тойлап отыруымыз Тәуелсіздігіміздің арқасы. 25 жыл бойы қоғамда бірлік пен келісімді, тұрақты дамуды орнықтырған, ҚР халқын біртұтас ұлтқа айналдырған Елбасының жемісі" деді.
Сондай-ақ, "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Рауан Сыдықов, ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Арслан Дандыбаев, ақын, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті басшысы Қазыбек Иса, "Нұр Отан" партиясының Алматы қалалық филиалының атынан келген қаламгер Қайыпмұнар Тәбей, Мәдениет және спорт министрлігінің атынан келген журналист Мелдеш Ғалымжан, "Асыл арна" рухани-ағартушылық арнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков, белгілі журналистер Серік Абас-шаһ, Арман Сқабылұлы, Серік Әбікенұлы, Серік Жанболат кештің сыйлы қонақтары болды. "Көш және Көшбасшы" концертінің өткізілу себебінің терең мағынасын түсінген ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзабеков өзінің құттықтау хатын жіберді. Батыс Қазақстан, Ақмола облысы, Жамбыл облысы әкімдері атынан келген өкілдер де кеш қонағы болып қана қоймай, өздерімен бірге бүтін бір облыстың құттықтау-сәлемін жеткізді.
Көпшіліктің арасынан арнайы шақырту алмаса да бой көрсеткен зиялы қауым көп болды. Қазақтық мүддені жоғары қойған республикалық теле-басылымдардың тілші-журналистерін де қарапайым көрермен қатарынан байқап қалдық.
Сәуле Әбединова, журналист: Бүгінгі кеш өте тамаша өтті. Мен кіремін де шығамын деп келген едім. Бірақ, мына кешті қимай, аяғына дейін қалып қалдым. Дәстүрлі, таза, жанды дауыстағы әндерді естіп бір рахаттандым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! Әрбір үшінші қазақ шетелде өмір сүріп жүр деген мәлімет бар. 25 жылда тағдыр тезімен шекара асып кеткен көп қазақтың миллионы елімізге оралыпты. Бұл ойлануға да тойлауға-қуануға да себеп. Қамшыгерлер қазақ көші тоқтамайтынына сенеді.
«Қамшы»