Жанат Бақыт: Орнымды «крышасы» мықты біреуге керек деген соң босатуыма тура келді
2016 ж. 18 қараша
6450
3
Көпшілікке көгілдір экран арқылы танымал болған тележүргізуші, асыл жар, аяулы ана, бүгінде бірнеше жұмысты қатар алып жүрген іскер келіншек Жанат Бақытпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Қарапайым әрі еңбекқор Жанат ханым қызметі мен кәсібі, отбасы мен қазіргі ұйымдастырып жатқан байқауы жайында кеңірек тоқталып, бақытты отбасының құпияларымен бөлісті.
—Көңіл-күйіңіз қатты түскенде, қатты ашуланғанда не істейсіз?
-Дүние төңкеріліп кетсе де орнынан қозғалмайтын адамдар болады ғой, мен сондайлардың бірімін. Күйіп-пісіп, бақырып-шақырып ашу шақырған кезім болмапты. Бұған қасымдағылар куә. Бұрын «неге осы ел сияқты ұрсысып, жаға жыртыспайды екенмін?» деп мінезіме көңілім толмайтын еді. Ал қазір есейе келе, Алланың маған берген ең үлкен сыйы-көркем мінез, оның ішінде түбі алтынға жеткізер сабырлық екенін түсініп жатырмын. Біреу ренжіте ме «Ол неге өйтті? Ал менен қандай қате кетті?» деп өз-өзімнен сұраймын. Сосын барып шешім шығарамын. Өзгенікі дұрыс емес пе, ақырын ақылмен жеткіземін. Есесіне ауыр сөзбен жүрегін жараламаймын. Сол ашумен жеңіске жеткен адамды көрмеппін.
-Бірнеше жылғы телевизия саласындағы жұмысыңызды ауыстыруға не себеп болды? Неге прокуратура?
-…Ойлап қарасақ, мәңгі ештеңе жоқ. Тіпті сіз де, мына мен де бұл өмірге қонақпыз, бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Оның қасында қолдың кірі-қызмет деген не, тәйірі!
Көгілдір экран алдында 12 жыл қызмет еттім, эфир арқылы xалыққа танымал болдым. Кәсіпке кетуіме де осы жүргізуші болуым себеп болды. Өкпем жоқ. Бет бояп, дап-дайын мәтін оқып, яки, ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүрдім. Ол жұмыс ұнады өзіме. Бірақ іштей ұялатынмын. Мен мәтін жазбадым, қара жұмысты істеп жүрген журналистің дайын подводкасын ғана оқыдым. Сөйтіп жүріп 12 жылдың қалай зу етіп өткенін байқамай қалдым. Не өспедім. Не өшпедім. «Мен осы қашанғы отырам? Ерте ме, кеш пе, эфирді жас буынға босату керек болады ғой? Неге жас кезімде қимылдамасқа? Кейін 40-қа не 50 жасқа дейін отырсам, кету мүлде қиын болмай ма, сонда басқа қызмет таппай сансырап қалмаймын ба?» деп күнде өз-өзімнен сұрайтынмын. Сөйтіп жүріп тұрмысқа шықтым, екі баланы өмірге әкелдім, жаңалықта да жүре бердім. Бірақ ақыры батыл шешім қабылдауыма мына жайт түрткі болды!
Бірде «КТК» арнасының жаңа бастығы Қанат Саxариянов шақырып, тез арада орнымды босатуымды өтінді. Себебін сұрап ем, «орның басқа адамға керек боп тұр» деп ашығын айтты. Қызым 2 жаста еді, заң бойынша 3 жасқа толғанша шығуыма, немесе шығаруына рұқсат жоқ еді. Мен ғана емес, сол арна ашылғалы қызмет етіп келе жатқан бірнеше мықты дикторға қысым көрсетілді. Ашығын айтқанда, «крышасы мықтысы» қалуы тиіс болды. Бұл намысымызға тиді, әрі ойлана келе осылай болғаны жөн сияқты көрініп, бір-ақ күнде кетіп қалдым. Мен оған өкінбеймін. Кеткеннен жақсы болмасам, жаман болмадым. Әйтпесе не өспей, не өшпей неше жыл отыратынымды Құдай білсін!
Өткен аптада Қанат Саxариянов та (КТК-ның сол кездегі басшысы) орнын босатты, қызметтің «мәңгі емес» екенін түсінген болар ол да. Жалпы кез келген дүниенің «уақытша» екеніне көніп, псиxологиялық тұрғыда дайын жан-мықты адам дер ем!
Дәл сол сәтте мемлекеттік қызметтен ұсыныс түсті. Келістім. Ол жұмыс өзіме ұнады, өзімді жаңа қырынан көрсеттім. Көрсетер едім-ау. Бірақ… Мемлекеттің жұмысы болған соң таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін қызметте отыруың керек. Керек емес, шарт! Ал тұңғышым биыл мектепке барды. Оны апарып, әкелу керек, қосымшасы, бассейні бар, қызымды балабақшаға апарып, әкелу керек. Үйдегі қатып қалған заңдылық бойынша кешкі 7-де тамақ дайын болу керек. Газет бар. Дүкен бар. Жұмыскерлерім бар. Қысқасы, алдымда екі таңдау болды: карьера қуалап, прокурор болу немесе отбасы. Мен екіншісін таңдадым, әрине…
-Дикторлыққа қайта оралуыңыз мүмкін бе?
-Біз білмейміз. Тек Алла біледі. Ол қаласа, бір-ақ күнде диктор боламын. Мысалы, бизнес туралы үш ұйықтаса түсіне кірмеген мені, кәсіпкер келіншек болады деп кім ойлаған. Шыны керек, миллионнан әрі шатасатынмын. Математиканы суқаным сүймейтін. Алайда Алланың қалауымен бір-ақ күнде «бизнес-уомен» боп кеттік. Бірақ «Оралыңызшы, сағындық сізді» деген xалықтың лебізі көп, мүмкін бір күні эфирге қайта шығармын, кім білсін. Әзірге сәл демалып, кәсіпті аяқтан тұрғызсам деймін…
-Сән үйіңіздің жұмысы қалай жүріп жатыр? Киімдердің дизайнына тікелей өзіңіз ат салысасыз ба? Әлде кәсіби дизайнерлермен бірлесе атқарасыздар ма?
-Бәрі аяқ астынан болды. Эфирге қазақша киініп шыққан жалғыз жүргізуші мен болдым (басшылыққа бұл ұнаған жоқ, әлбетте!) Сосын ел сұрай бастады, киімімді сатып алғылары келді. Ойлана келе бір-ақ күнде дүкен аштым. Мен «аша салдым» дегенге, мықты шіріген бай әйел екен деп ойлап отырған боларсыз, олай емес. Кез келген бизнес-тәуекел. Басталмай жатып тақырға отырмауды ойлап, әуелі көрейін деп, арендасы арзан жер тауып, ішін өзім жуып, ақтап, үйден жиһаз апардым! Елдің сұранысын көрейін дедім. Тфа-тфа, сұраныс болды. Бұл ретте мені қолдаған дизайнерлер: Аңсаған Мұстафа, Әлия Әлімбекқызы, Гүлзира Қази, Ғани Көбеев, Айсұлу, Димаш РМ, Жасбұлаққа алғыс зор. Аяқтан тұруыма көп көмектесті. Сосын жайлап орталықтан дүкен аштым. Баспалдақтың келесісіне қадам бастым, яғни, мен әлі төмендемін. Биікке шығу үшін уақыт, шыдамдылық, төзім, сабыр керек.
Бұл жолда көп нәрсеге көзім жетті. Мен центрде жылтырап жүріп бұрын, өмірді көрмеппін. Қазір кімнің-кім, ненің-не екенін үйреніп қалдым. Талайы алдап кетті, сапалы деп сапасыз нәрсе тығып жіберді, талайы ұрысты, айтпасты айтты, қорқытты, бірақ қателеспеу үшін қателесу керек екен. Енді дизайнерлермен саннан гөрі сапаға жұмыс жасап жатырмыз. Басты миссия-отандық киімнің бағасын қолжетімді қылу. Дизайндарын жайлап өзім сызып жүрмін, жалпы бұл жұмысым ұнайды. Вокзалда ауыр сөмке көтеріп басқа қаладағы дүкендеріме зат саламын, немесе таңғы 4-те пойыздан зат күтіп аламын. Несіне намыстанам? Мен еңбек етіп жүрмін. Адал еңбек. Өз кәсібіңде өзің жүгірмей, «Ой мен Жанат Бақыт ем» деп, тек қияли фотомды интернетке қойып, «күштісің» деген комментарийге сеніп, аяқты аспаға көтеріп жатсам, біреу ауызыма тамақ сала ма? Жоқ! Қазір құлап жатсаң, кешегі «досым, әріптес» дегенің танымай, үстіңнен басып өте береді… Өмір сондай!
-Қазір сіз ұйымдастырған байқау барлық әлеуметтік желі арқылы кең таралып, желі қолданушылары белсенді түрде қатысып жатыр. Бұл байқаудың мақсаты не? Өз көлігіңізді ұтысқа тігу не үшін қажет болды?
-Білесіз бе, Теңге! Қазір алдау-арбаудың көбейіп кеткені сонша, баласы анасына, анасы туысына сенбейтін боп барады. Ал мен осы сайыс арқылы «әділдіктің, сәттіліктің» не екенін көрсеткім келеді, әрі көргім келеді. Ғажайыпқа сену керек адам. Ойлаңызшы, дүкеннен 6 мыңға әшекей сатып алып, қымбат джип ұтып аласың! Мен жеңімпаздың сол кездегі көңіл-күйін көргім келеді. Егер мен солай ұтып алсам, қуанғаннан жылайтын ем! Ойынның әділ болатынына xалықтың көзін жеткізу үшін, радио, телеарнамен келісіп жатырмын. Тікелей эфирде xалық өз көздерімен көреді, сол жерде қоңырау шаламыз. Қазір күні-түні қателік жібермеуді қадағалап отырмын. Пенде сенбесе сенбесін, адал екенімді Құдай көрсе болды маған!
Бұл сайысты не үшін ұйымдастырдым? Дүкенім жаңа тәй-тәй басып келе жатқан соң, жарнама қажет болды. Әрі Таразда тұратын бір бүлдіршінге жиналған қаржының белгілі бір сомасын көмек ретінде берсем деймін. Бұл әділ сайыста ешкім ұтылмайды деп ойлаймын. «Бұл пирамида ма, лоxотрон ба» деп жазып, звондап жатқандар да жетеді, оларды да түсінем, xалық әбден алданып, ауызы күйіп қалған ғой…
-Жанат Бақыт алдағы уақытта халыққа қандай қырымен танылуы мүмкін?
-Білмейм шыны керек)). Кез келген жұмысты істеп кетемін, адал еңбекте көкірек кермеймін. 1 курстан бастап еңбекке араластым, осы жасыма дейін тәуба, ешкімге «Мың теңге берші» деп көрмеппін. Марқұм әкемнен де, жолдасымнан да ақша сұрап көрмеппін. Шүкір, он екі мүшем аман, жас кезде тыпырлай беру керек! Еңбек етсең Алла да жолыңды айқара ашады. Бірақ тек таза жолмен ғана ақша табу керек. Қазіргі күні әкемнің газетін басқарып отырмын, дүкендерім бар, болашақта кім білсін қай қырымнан танылатынымды, қай салада жүрсем де абырой берсін…
-Бала-шағаның, отағасының күтімі, үй шаруасы, жұмыс, кәсіп. Әңгіме жазатыныңыз бар, газетіңіз бар, әлеуметтік желіде де белсендісіз. Барлығына жалғыз Жанат Бақыт қалай үлгереді?
-Үлгерем деген адам үлгереді. Бастысы, жалқаулық дегенді әсте ұмыту керек. Рас, арасында уақыт жетпей қалады. Таңғы 6-да тұрам, түнгі 2-де жатам, туғаннан жалғыз кемшілігім — өте аз ұйықтаймын. Шіркін, онға дейін ұйықтасам ғой деп армандаймын кейде.
-Жетістікке жетуіңізге, ел алдында осындай абыройға ие болуыңызға жолдасыңыздың қолдауының арқасы деп білеміз. Жалпы ол кісі қандай жан? Немен айналысады?
-Жолдасым Ершат газ саласында қызмет етеді. Арамыз 4 жас. Биыл танысқанымызға 17 жыл бопты. Бір баланың туылып, ер жетіп, отау иесі болатын уақыты. Ол мені 8 жыл күтті. Арасында ренжісу, түсінбей қалу деген болмады емес, болды. Бірақ барлық «қиындықтарды» ақылға жеңдіріп, ақыры бас қостық. Күте білген жігіт-алады.
Екеуміз қыз-жігіт боп жүргенде кафеде тамақ ішу тұрмақ, жолға жететін ақшамызға балмұздақ алып қойып, үйге жаяу қайтатынбыз. Жолдың ұзақтығынан, аяғым қажап қан сорғалап келе жатса да, сыр білдірмейтінмін. «Ақшаң жоқ, үйің, машинаң жоқ» демедім. Бірақ кейін көлікті де, үйді де қол ұстасып бірге жүріп алдық. Екеуміз де адал еңбекпен келген нанның қадірін «өте жақсы» білеміз. Ол өте ақылды. Үнемі маған бағыт-бағдар беріп отырады. Бірдеме болса ақылды содан сұраймын. Күйеуі әйелінен ақыл сұрағаннан, әйелі күйеуінен сұраған жақсы көрінеді ғой сырт көзге))). Ешқашан ұрсыспадық, бір-бірімізді қас-қабақтан білеміз. Сыйластық болса, отбасының тіреуі мықты болады екен. Сеніңіз.
-Кейде ол кісі тарапынан бәрін тастап, үйде отырғаныңызды қалайтын жағдайлар болмай ма?
-Жоқ, керісінше «әйел адам үйде отырса, өз-өзіне қарамай кетеді. Үйде отырған әйел іші пысып, түрлі бөтен ойға беріліп, жұмыстағы еріне тиісе береді. Содан ұрыс шығады. Инстаграмнан жетістікке жетіп жүрген әйелдерге қарап іші күйеді, жүйке ауруына ұшырайды. Өйтіп қайтесің? Одан да жұмыс та жаса, үйге де қарауды ұмытпа, сен үлгересің бәріне)» дейді.
—Біздің қыз-келіншектерге кеңесіңіз болсын, отбасының беріктігін, жылылығын қалай сақтауға болады? Келіншектердің жанұяның ұйытқысы болып отыруына көбінде не жетіспейді деп ойлайсыз? Өз тәжірибеңізбен бөліссеңіз.
-Ерлі-зайыптылар ренжіскенде, біреуі ауызын суға толтырып отыруы керек. Ауызына ақ ит кіріп көк ит шығатын әйелдер бар. Ерінің намысына тиетін сөз айтады. Сөзден жеңілген ер адам соңында қол көтереді. Бір-біріне деген көңілі суиды солай. «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық», қанша жерден ынжық, не тентек болса да, ол еркек, күйеуің. Сыйлауың керек. Сол ер-азаматқа әуелі қол көтеретін, не қолындағы затты лақтыратын әйелдер бар. Үйі жиылмай қоқып жататын, тамағы быламықтан әрі, заттары домаланып әр жерде жатын көкбет әйелден еркек құтылғанша асық болады. Үйіне келгісі келмей, жылуды басқа үйден еркектер сол себепті іздейді.
Ал үйі мұнтаздай таза, киімі үтіктеулі, кешкі 7-де тамағы дайын, «Ақша берсей, қатыныңмын ғой! Баланы саған не үшін тудым!» деп қылқылдай бермейтін, ата-енесі келсе «аx,уx» деп жақтырмай ала көзденіп жүрмей, сыйлайтын, өзінің сымбатына да қарап, үнемі әдемі боп жүретін, балаға дұрыс тәлім-тәрбие берген әйелден еркек өлсе де айырылмайды!
-Әңгімеңізге рақмет!