ПӘКТІК, ЖАТЫР ТАЗАЛЫҒЫ ҺӘМ ҰЛТТЫҚ МӘСЕЛЕ
2016 ж. 11 қараша
5559
1
Батыстық насихатқа еліктеудің шегі болсайшы? Бүгінде жас қыздарды тәрбиелеу деген тақырыпты көтерсең болды, «артта қалғандық» деп қарсы шығатындар көп. Және қызға қырық үйден тиым дегенге қарсы келетіндер де әйелдер. Ұлттық тәрбие, қазақ тағылымы деген ұғымның өзі әшейін жай сөз сияқты болып кетті. Жарнама үшін, айту үшін қолданатын сияқтымыз.
Бірақ қыздарды бұрынғы замандағыдай қатал ұстау (оның өзін сақтау мақсатында) кейін қалып, еркіндікке барлық жағынан жол ашылған заманда «қой, болмайды» деген сөз ұлға да қызға да әсер етпейтіндей. Жұрттың барлық баласы бұзылып кетті демейміз, әрине. Бірақ республикадағы жеткіншектердің ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу фактілерінің көбеюі бәрімізді алаңдатары сөзсіз. Бір жылда елімізде 100 мыңға жуық аборт болады екен. Ал жүкті әйелдердің 3 пайызы 13-15 жастағы жасөспірімдер. «Пандаланд» порталының ақпаратына сүйенсек, 2012 жылы «Республикалық салауатты өмір салты орталығының» зерттеуі нәтижесінде Қазақстанда балалардың (мұндайларға тіпті бала деп айтуға аузың бармайды) шамамен 14 жасында жыныстық қатынасқа түсетіні анықталған. Ал жасөспірімдердің 60 пайызы ерте жастан жыныстық қатынасқа түсуді дұрыс деп есептейді екен.
Бүгінде қаптаған жезөкшелер ұяшығына атпалдай азаматтарды қойып, студент жігіттерге дейін баратын болды. Соның кесірінен отыз жыл бұрын мүлдем болмаған жыныстық аурулар кең тарауда. Бойжеткендердің арасында пәктігінен мектепте жүріп айрылғандар да аз емес. Бұл ұлт үшін қасірет емей не? Біз қайда барамыз? 10-14 жастағы 32 мың жасөспірім қыз бала туған Бразилияның жолына түсуге бет алдық па? Әлде Батыстың алпауыты Ұлыбританияның соңынан кетіп барамыз ба? Ұлыбританияда жылына 50 мың нәрестені жасөспірімдер дүниеге әкеледі екен. Бәлкім бізді еліктірген АҚШ болар? Ол жақта босанған әйелдердің 40 пайызының жасы кәмелетке толмаған. Кейде ойлайсың, некеге заңды түрде тұрмай-ақ өмір сүру ұстанымын қолдайтын Испанияға еліктей ме, біздің жас ұрпақ деп. Испанияда некеге тұруға 15 жастан бастап рұқсат етіліпті. Ресейде де некесіз туған балалар саны барған сайын көбейіп барады. Бұл елде некесіз туған балалардың 40 пайызын дүниеге 15-ке толмаған жеткіншектер әкелген.
Жуырда Ресей депутаттары некесіз жыныстық қатынасқа түсуге заңмен тиым салуды ұсынды. Дұрыс-ау. Үлкендердің күштеуімен жыныстық қатынасқа түсу мәселесін былай қойып, жастардың өз еркімен ерлі-зайыпты тіршілікті тым ерте бастау мәселесін көтеріп отырмыз. Некесіз бала туу, тұрмысқа шықпай жатып жыныстық қатынасқа бару әйел затының болашағына, дәлірек айтсақ, оның өз денсаулығы мен келешекте туылар сәбиіне үлкен әсер етеді.
Қазақ «жатыр тазалығы» деп босқа айтпаған. Кавказдағы ұлттардың еркекпен некесіз жақындасқан әйел затын қатаң жазалау туралы ережелері де ұлтты сақтау мақсатында ерте заманнан келе жатыр. Жатыры былғанған әйел таза ұрпақты дүниеге әкелмейтіні ғылымда да дәлелденген. Мәселен, Калифорния ғалымдары қолданбалы цитология бойынша зерттеу жүргізіп, әйел ағзасы жақындасқан барлық еркектің генетикалық ақпараттарын бойына сіңіріп, сақтайтынын анықтаған. Бұл генетикалық ақпарат оның дүниеге әкелетін баласына да көшеді екен. Демек, әркіммен жыныстық қатынасқа түскен әйел дүниеге келер баласына өзі жақындасқан еркектердің генетикалық ақпараттарын тасымалдайды деген сөз. Әйелдің ішкі ағзасында жақындасқан еркектердің барлығынан қалған сперматазоидтар генетикалық тізбек құратын көрінеді. Ғалымдар осы генетикалық тізбек арқылы әйел қанша еркекпен төсектес болғанын білуге болады дейді. Ал әйел ағзасында сақталған ДНК фрагменттерін зерттеу арқылы еркектердің жасы, бойы, салмағы, тіпті мінез-құлқына дейін анықтауға болады. Қазақтың «Есік көргенді алма, бесік көргенді ал» дегені босқа емес. Бұл заңдылық аң-құсқа да қатысты. Мысалы, кептер асыраушылар жай кептер ерекше сұрыпты кептеріне «тиіп кетсе», ұрғашысын бірден өлтіреді екен. Өйткені ол тұқым бұзар кептерлерді туады. Элиталық иттердің клубында асыл тұқымды ит қаңғып жүрген иттен күшіктесе бүкіл тұқымы құрыды деп біледі екен. Кеңес кезінде мынандай оқиға болған. МГУ-дың биология факультетінің аспирантурасында оқитын зиялы әулеттің қызы орыстың сары жігітімен отбасын құрады. Бір қызығы екеуі де сары болғанмен қара бала туылады. Төңірегіндегілер әлгі қызды МГУ-да оқитын қара нәсілді шет елдіктердің бірімен жақындасқан шығар деп күдіктенеді. Бірақ сәбидің анасы өзінің күйеуіне адал екенін айтып, ақталады. Артынан белгілі болғандай, бұл қыз студент кезінде негр жігітпен жүріпті. Жүріп қана қоймай, үйленер деп оймен әйелі де болған. Негрдің генетикалық ақпараты сары күйеуден туылған балаға берілген екен. Бұл туралы "REN tv"-ның документалды фильмінде айтылған.
Мамандар тұрмысқа шықпай тұрып, еркектермен жыныстық қатынасқа түскендер мүшеқап, т.б. қорғаныштық заттарды қолданса да жатыры міндетті түрде ластанатынын дәлелдеп отыр. Қыз баланың пәктігін сақтауы, ұл баланың да үйленгенге дейін тәнін таза сақтауы ерте заманнан барлық халықтарда болған. Мәселен, славян, арийлерде біздің заманға дейінгі мыңжылдықтарда тек пен қан тазалығы туралы ережелерді берік ұстанған. Әйел күйеуге шыққанға дейін жақындасқан еркектің ДНК тізбектерін тәнінде сақтайтынын Шведтің молекулярлық биология институтының ғалымдары да дәлелдеген. Институт директоры Артур Мингрейм әйел туатын баласына күйеуінің ғана емес, оған дейін төсектес болған еркектердің барлығының генін беретінін айтады.
Ресей ғалымдары мынандай қызық оқиғаны баяндайды: орыстың бір қызы өзі ұнатқан жігітке тұрмысқа шығуға бекінеді. Той күні белгіленіп қойған соң қыз оған алдын ала әйел болуға келіседі. Бірақ тойға бірнеше күн қалғанда жігіттің дүкен тонап, істі болады. Жігіт қамалып кеткен соң қыз басқа біреумен танысып, шаңырақ көтереді. Бір ғажабы, одан туған баласы мектеп жасынан баукеспе ұры боп, айналасындағылардың заттарын ғана емес, мектептің қоймасына дейін тонапты дейді. Міне, баланы адал азаматтан туса да, оған дейін тегі ұры жігітпен жақындасып қойған соң нәтижесі әлгіндей болған. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде қыз баланың бой тазалығына мән беру керек деп дабыл қағылуда. Өйткені қыздардың бұзылуы жаһандық процеске айналып барады. Бұл қоғам болып талқылап, тек сөз жүзінде көтеретін мәселе емес, әрине. Әркім өз отбасын назардан шығармай, ұл-қызының немен айналысып жүргенін білуі тиіс. Қыздың амандығына, бұзылмауына бүкіл қоғам жауапты десек те, бұл іс алдымен ата-анаға міндеттелетінін ұмытпаған жөн.
Айғаным Біртуар,