Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекет
2016 ж. 09 қараша
3248
0
«Әділдікке жақ болу, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болу»
3-қараша күні Шымкент шаһарындағы Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының ғимаратында «Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы рөлі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Қаладағы түрлі партия өкілдері мен қоғам белсенділері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, журналистер қатысқан бұл отырыс аталған филиал төрағасы А.Орманның баяндамасымен ашылды. Біз шешеннің сөйлеген сөзін ықшамдап беруді жөн көрдік. «Келер жылдың желтоқсанында «Алаш» қозғалысына 100 жыл толады. Осынау бір ғасырлық қастерлі жол несімен сипатталады, қандай тәжірибелік тағылымы болды? Кез-келген ұлт үшін мемлекеттілігі – басты құндылық болып табылады. Әлихан Бөкейхан айтқандай «мемлекеттілігі жоқ халық – жетім халық». Алаш идеясының өзегі де ұлттық мемлекеттік дербестік еді. Алаш көшбасшылары – Еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген реформаторлар (Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы) бастаған ұрпақ болса, Түркістан автономиясын жариялаған, жапондықтарды үлгі тұтқан шығыстық (Мұстафа Шоқай) бағыттағы ұстаным да маңызды болатын. Дүрбелеңге толы дүниеде еліміздің ешбір сына қағылмастай тұтас болуы айрықша маңызды. Ол үшін алдымен қазақтың бірлігі, қазақтың маңына топтасқан барша этностардың бірлігі керек. Ешкімді де ұлтына, дініне, тіліне қарап бөлмеу, кемсітпеу – зайырлы мәдениетті елдің белгісі. Алаш көшбасшыларының ұлылығы да сонда, олардың таптық жіктелуге де, ұлттық томаға-тұйықтыққа да ұрынбауында. Олар өзге азшылықтағы ұлттар өкілдерінің құқығын шектемейтін қазақ ұлтының елді біріктірушілік идеясын Алаш Орда үкіметін сайлаған съездің өзінде-ақ жария еткен. ...Бүгінгі Қазақстан халқының 65 пайыздан астамын қазақтар құрайтыны рас. Халықаралық құқықтық нормаға сәйкес бір этностық топтың үлес-салмағы 65 пайызды құраған жағдайда, ол ұлттық мемлекет болып табылатыны басшылыққа алынуы тиіс және оған барлық этникалық қауымдастық та мүдделі болғаны жөн. Осы тұрғыда Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана екенін, бірліктен айрылған елдің қаңғып қалатынын» айтқаны ойға оралады. Біздің партия демократияның шынайылығына дәлел бола алатын: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» саяси жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге кірісуді тым алысқа созбай бастаған оңды болады деп есептейді. Өйткені Алаш көсемдері сол алғашқы кезеңнің өзінде жергілікті өзін-өзі басқару идеясын қозғаған. Жергілікті биліктің міндеттеріне білім беру, денсаулық сақтау және шаруашылық жүргізуді жатқызған. Сондай-ақ, ХХ-ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан бастаған озық ойлы қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясының бағдарламасындағы «Әділдікке жақ болу, нашарларға жолдас, жебірлерге жау болу» қағидатын өзінің бағдарламасының бірі ретінде қарастырады. ...Алаш қайраткерлері қазақ жерін сақтауды, оның автономиялық мемлекеттігін, тұрақты әскерінің, экономикасының, ұлттық мәдениетінің және тілінің негіздерін қалауда орасан зор саяси, заң шығарушылық, ғылыми жұмыстар жүргізді. Олар тарихи бұлтартпас деректермен Республикамыздың шекарасын негіздей және қорғай алды, елдің жалпы дамуының бағытын анықтады және т.т. Жаһанданудың қазіргі кезеңінде бұл идеялар мен бастамалардың баға жетпес құндылық болып табылатынына күмән жоқ. Сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың бағдарламасынан бір де кем емес «Алаш» партиясының бағдарламасы біріншіден, бөлінбейтін территориясы бар қазақ елін тәуелділіктен азат елге айналдыруды; екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Мысал үшін, Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан: – «Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, сол заманның өзінде нарықтық экономикаға, ұлттық бизнестің дамуына үндеді. Алашордалықтар жерге ең алдымен қазақ ие болып, жердің астыңғы-үстіңгі байлығын қазақ пайдалансын деген ниетте болып, бұл мәселені «Қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп қазақ қоғамы алдына өткір қойған. ...Сондықтан да үдемелі индустриялдық-экономикалық даму мемлекеттік бағдарламасының басты формуласы: білім – ғылым – өндіріс болуы тиіс. Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік ресурстары ең алдымен ұлттық мүддеге қызмет етуге тиіс. Бұл кез-келген одақтарда, ұйымдарда Қазақстан өнімінің және Қазақстан кәсіпорындарының басымдығы үшін күресуіміз керек деген сөз. Алаш мұрасын жалпы адамзаттық құндылықтар және ілгерішіл экономикалық ойдың үлгілері ретінде халықаралық деңгейге шығару және насихаттауға күш жұмсау қажет. Алдағы 2017 жылы – Алаш ұлттық автономиясынының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл – ұлттық демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Осыған орай «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаттары Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Б.Ә.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда: бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел» деп атап көрсете отырып, «Алаштың» 100 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуге шақырған. Бұл депутаттық сауал «Қазақ үні» газетінде жарияланды (16-қазан 2016 ж). Осы ауқымды іс-шараны салмақты әрі сапалы өткізу баршамыздың абзал борышымыз деп санаймыз».Қазақ тарихындағы ең қаралы екі күн
Бұдан кейін осы жолдар авторы «Алаш қайраткерлерінің қатесі – қазақ тарихындағы ең қаралы екі күннің бірі» деген тақырыпта қосымша баяндама жасады. Олар қай күндер? ...1710 жылы Арал теңізі маңындағы Қарақұмда Кіші жүзге хан болып сайланған Әбілқайыр Еділ бойының қалмақтарына қарсы майдан ашып, оларды Жем өзенінің бойынан тықсырып, Жайықтың арғы бетіне өткізіп тастайды. Одан кейін Орта жүз ханы Қайыппен бірлесіп, бірнеше рет жоңғарға қарсы жорық ұйымдастырады. 1717 жылы Аякөз маңында жеңілсе, 1720 жылы сол маңайда өш алады. Жоңғарлар 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыда» Түркістанды да басып алған кезде енді ең үлкен қатер Еділ қалмақтарының ханы, қонтайшы Цеван Рабданның туған қайын атасы Аюкенің қазақтың ту сыртынан ұруы екенін жақсы ұғынған Әбілқайыр 1723 жылы жазда, 1724 жылы жиырма мың сарбаздан тұратын қолмен батыстағы қалмақ иеліктеріне шабуыл жасап, оларды бері беттей алмайтындай етіп тізе бүктіреді. Әбілқайыр содан кейін 1724 жылы Түркістан, Сайрам, Ташкентті жаудан азат етеді. Бірақ, 7-8 айдан кейін тыңнан келіп қосылған жоңғар күші басымдық жасап, бұл қалаларды қайтадан тастап шығады. 1726 жылы көктемде Сәмекемен бірге Еділ қалмағын тағы бір рет шауып алғаннан кейін, Әбілқайыр оңтүстік пен шығыстағы қазақ жерін жаудан азат етуге біржолата кіріседі. Ол Кіші жүзден әрқайсысы он жігітке татитын 20 мың сарбазын ертіп келеді. 1726 жылы Ордабасыдағы жиында Әбілқайыр хан қазақтың Бас қолбасшысы, ал Қанжығалы Бөгенбай батыр оның орынбасары болып сайланғаны белгілі. Кезінде үлкен дау тудырған (оның себебіне тоқталып жатпай-ақ қоялық) «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта Қазыбек бек Тауасарұлының өзі: «Әбілқайырдың қолбасшыға лайық екені әмбеге аян болатын. Өйткені, Ясыны 30 ұлысымен қайтарып алудағы, Еділдегі қалмақтар шабуылынан қазақты қорғаудағы, түрікпендердің шабуылына тойтарыс берудегі оның ерлігі ұшан-теңіз» деп атап көрсетуге мәжбүр болған... Алғашқы шайқас Ордабасы тауының етегінде өткен. Бадам стансасынан кейінгі Бірлік ауылы мен бұрынғы Мамаевка, бүгінгі Көлтоған аулының арасындағы ұзын жотадағы қаптаған үлкен төмпешіктер – сол кезден қалған бауырластар зираты. Бұдан соң «Қалмаққырылған» мен «Аңырақайда» жоңғардың белін сындырған қазақ қолы 1730 жылға қарай өз жерін Балқашқа дейін азат етеді. Мен үшін төл тарихымыздағы бірінші қаралы күн – осы Аңырақайдағы жеңістен соң Тәуке ханның баласы Болат хан қайтыс болып, оның орнына үш жүзге ұлы ханды сайлау қажеттігі туғанда бәйгені шаппай алып тұрған Әбілқайырды қазақтың игі жақсылары «құлатып жіберген» күн. Ашығын айту керек, игі емес, іс жүзінде күйкі жақсылардың «4 жылда Балхашқа дейінгі жер азат етілді, жоңғарды «Қалмаққырғанда» бір қырдық, «Аңырақайда» белін сындырдық, ол енді басын көтере алмайды, қалған жерді азат етуге Әбілқайырсыз-ақ өзіміздің күшіміз де жетеді, «мавр сделал свое дело, мавр должен уйти» деген ұстанымын ұстанғандары көзге ұрып тұр. Бұндай болады, бауырлары шын мәнінде сатқындыққа барады деп мүлдем ойламаған Әбілқайыр Еділ қалмақтары мен орыс казактарының, түрікпендер мен хиуалықтардың шабуылына күнде ұшырап отырған еліне қайтады. Онымен бірге Кіші жүздің жігіттерінің қайтқаны қайтады, қайтпағаны «қайда жүрсек те өзекті жанға бір өлім ғой, тағы бір 3-4 жыл шыдасақ, жоңғарды түгел қуып, елді тұтас азат етіп бір-ақ қайтпаймыз ба» деп қалып қояды. (Сол себепті Кіші жүз руларының Қазығұрттан Алтайға дейін аумақтағы ойдым-ойдым жұрнағы әлі күнге дейін бар). Бірақ, қаһарлы да көреген қолбасшысынан айрылған қазақтар соғысты ары қарай табанды түрде жалғастыра алмайды да, Орта жүз бен Ұлы жүздің қалмақтың қол астында қалуы тағы жиырма бес жылға созылып кетеді... Тарихымыздағы екінші қаралы күн деп 1919 жылы И.Сталин кеңес өкіметінің қазақ жеріндегі өкілі мен осы өкіметті мойындаған Алаш қайраткерлерін Қазақстанға басшы тағайындау үшін шақырғанда, Ә.Бөкейханнан басқасы түгел қатысқан қайраткер аталарымыздың: «Әліби Жангелдин – тұңғыш бәлшебек, ол өте қайраткер екенін ісімен дәлелдеді. Бірақ, біз үш жүзге бөлінетін халықпыз, Жангелдин болса өз жүзіне қарай бұра тартып кетуі мүмкін. Сондықтан, бізге орыс немесе басқа бір бейтарап ұлт өкілін басшы етіп жіберуіңізді сұраймыз» деп, Сталинді есінен тандыра таң қалдырып, қазақ елі өзін-өзі басқаруға жарамайтын ұлт етіп көрсеткен, бөтендердің келуіне жол ашып берген күнді атауға тиіспіз. С.Пестковский есімді поляк бастаған бұл көш Ф.Голощекиндермен жалғасып, Г.Колбинмен аяқталды... Наполеонның: «Бұл қылмыс емес, одан да ауыр нәрсе, бұл – қате!» деген сөзі бар. Біз бүгін аталарымыздың тек жақсы жақтарын, олардың ұлтқа сіңірген есепсіз еңбегін ғана айтып қоймауымыз керек. Міндетті түрде олардың, кімнің болғанда да, қателерін де айтуға тиіспіз. Себебі, біз бабаларымыз бен аталарымыздың қателерін талдамасақ, дұрыс қорытынды шығара алмасақ, дәл сондай салдарының салмағы өлшеусіз ауыр болатын қатені тағы да қайталайтын боламыз! Келесі болып сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекетті университетінің доценті Гауһарбек Тілеуқұлов Алаш қайраткерлерінің бізге қалдырған ең үлкен мұрасы деп олардың ұлтты білім алуға үгіттегенін айтуға болатынына, сол жолда олардың өздерінің де аянбай еңбек еткеніне тоқталды. Әлихан Бөкейхан: «Стратегия – түсінікті, енді тактикаға көшейік» деп, ол тактика білімді болу десе, 1920 жылы Ташкент қаласында ашылған «Қазақ халықтың ағарту институтында» Иса Тоқтыбаев, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов, Мұхтар Әуезовтердің сабақ бергенін, Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың «Әліппесін» жасағанын, Қаныш Сәтбаевтың «Математика» оқулығын жазып шыққанын тілге тиек етті. Бұдан соң сөз алған еңбек ардагері Әбдіғаппар Мырзалиев: – Біз ең бірінші кезекте қай өлкеде жүрсек те, қай аудиторияда болса да көпшілікке қарата «Жерлестер! Құрметті астаналықтар!» деп емес, тек қана «Отандастар!» деп айтып үйренейік! Біртұтас ұлт екенімізді елдің санасына осылай құя берейік, – деп бастады сөзін. – Және. Жаңа тарихшы, ұстаз ініміз білімді болудың маңызына тоқталды. Оның маңызды екеніне дау жоқ! Дегенмен, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес – мінезден!» деген жоқ па еді? Мінез дегеніміз болмыс-бітім деген сөз емес пе? Бізде кәзір ұлттық намыс қалған жоқ. Оның орнына қызғаншақтық, бірінің табысын екіншісі көреалмаушылық өте жоғары. Кешегі халқымызды қынадай қырған, 120 мың азаматамыз түрмеге тоғытылып, 25 мыңы атылған «37-жыл» зұлматы біздің күншілдігіміздің, алауыздығымыздың, іштарлығымыздың салдарынан туған. Мен 25 жыл милицияда қызмет етіп келіп, одан кейінгі 15 жыл білім саласында жұмыс істедім. Екі ауданда білім бөлімін басқардым, 7 жыл мектепте директор болдым. Бізде бүгін білімнің өзі жоқ! Мектеп оқушылары кітап оқымайды. Оның ішінде алдарыңызда сайрап отырған менің төрт балам да оқымайды. Неге? Себебі, орта сондай. Мен Сайрам аудандық білім бөліміне басшы болып тағайындалған күннің ертесіне аудандағы 75 мектептің директорларын жинап алдым. Оларға қойған бірінші сұрағым мынау болды: – Кім жатқа қанша өлең оқи алады? Бір адам оқи алмады! Тіпті, мектепте бәрімізге жаттатқан, Абайдың «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр мылқау, танымас, тірі жанды» деп басталатын әйгілі «Қыс» деген өлеңінен бастап 17 өлеңінің біреуі де естерінде қалмаған... Ахмет атамыз: «Халыққа қаншалықты қызмет етсең, көретін азабың да соншалықты көбейеді» деген екен. Кәзір ұлтқа сол аталарымыздай қызмет ететін азаматтар азайып келеді, осы отырғандардың ішінде де олар бір-екеу ғана... Саяси қуғын-сүргін мұражайы директорының орынбасары Серікбаева Гүлмираның сөзі нақты ұсыныс жасауымен ерекшеленді: «Биыл Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталмай қалды... Ал, бұл тұрғыда менің ұсынысым: «Ақ жол» партиясы, оның ішінде сіздер «Алаштану» тақырыбына көшпелі семинар ұйымдастырсаңыздар. Көлік пен қаржы бөлсеңіздер. Қалған жағын осында отырған тарихшылар, журналистер, қоғам белсенділері мойнымызға аламыз...» Жиынды Анарбек Орман: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақи даналықты басшылыққа ала отырып, «жақсылық – жамандық, адал – арам, алғыс-қарғыс, обал-сауап» деген адами ұғымды ескеріп, Алаш қайраткерлерінен үлгі ала отырып, Құранда айтылғандай қолымыздан келгенше жақсылық жасауға кіріссек, ісімізді Алла оңғарар!» деген тілекпен қорытты. Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz