Мұхамеджан Бас мүфти бола ма?!.
2016 ж. 05 қараша
7869
13
Соңғы уақытта елімізде зиялы қауым өкілдері мен теріс діни ағым өкілдері арасындағы текетірес белең алып барады. Әрине, біздер зиялы қауым өкілдері тұтас өз пікірін ашық айтуға батылдары жетіп жатыр деп айта алмаймыз, өкінішке орай. Бірақ, қажет жерде сүйектен өткізіп тұрып айтып жүрген ағалар аз емес.
Қазіргі таңда дін саласы қоғамның басты бас ауруына айналып кетті. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та "Сәләфизимге заңмен бұғау салмай күресуге болады" деп екіұдай пікір айтып қалды. Нақты қандай шаралар атқарылып жатқаны да белгісіз. Дін комитетінің қайта сайланған төрағасы Ғалым Шойкиннің соңғы уақытта біз көрген жалғыз жұмысы "Кейбір мешіттерде уағыз орыс тілінде де жүргізілу керек" деген басшысының сөзін әлеуметтік желіде жанұшыра қорғағаны. Дұрыс емес демейміз. Бірақ, комитеттің нақты сәләфтардың көсемдерімен күресуге шамасы келе ме? Келмесе, ол комитеттен не қайыр?
Әйтпесе, Нұрлан Ермекбаев та, оның қарамағындағы Ғалым Шойкин де депутаттардың арасында, не өзге де лауазымды қызметтерде отырған, әсіресе, қауіпсіздік саласында қызмет етіп жүрген сәләфиттерді білмейді деп ойлайсыз ба? Олардың атын атап, ел алдына шығаруға бұлар неге батпайды?
Ия, жаңа министрлік пен ескі комитеттің жұмысына қайран қалып отырғанымызша, ел арасында жаңа шу шықты. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы алдағы жылы қызметінен кетіп, оның орнына Мұхамеджан Тазабеков мүфти болуға талпынып жүр деген сыбыс шыққалы, қоғам алаңдаулы болды.
Жақында ғана қазақтың маңдайына біткен ғалымы, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов "Тазабектің үйінде 20 уахабшымен бас қостым. Олар депутаттардың арасында да, қауіпсіздік саласында да бар" деп ашық айтып, қалың уахапшы-сәләф біткенді жоймаса, ұлтқа үлкен қауіп төніп тұрғанын жалпық жұртқа жеткізіп еді. Әрине, Бауыржан Момышұлының тәрбиесін көрген, бүгінде 90-ға келген абыз ақсақалға сенбеске лажымыз жоқ.
Ия, ел ағалары уахапшы деп айыптаған адам Бас мүфти болғанда, қазіргі діни ахуал не болар екен... Дегенмен, біз үзілмейтін бір үмітпен осы салаға жауапты құзырлы органдар ел үшін дұрыс шешімді қабылдайды деп сенеміз.
Ибраһим Зиярат,
qazaquni.kz