Бас прокурор қазақстандықтарға 10 сотық жер беру туралы заң жобасын жасауды ұсынды
2016 ж. 03 қараша
7928
5
3 қараша күні Бас прокуратурада Жақып Асановтың төрағалығымен жерді өз бетімен басып алуға қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланып, бас прокурор бірқатар ұсыныстар білдірді деп хабарлайды Baq.kz.
Бас прокурор бұл мәселені жақын арада шешу керек екенін айта келе, аймақтарды аралаған прокуратура өкілі Ержан Тұрмағамбетовке нақты тапсырма берді.
«Осы жағдайға қатысты елбасының тапсырмасы бар. Біз енді осыны тез арада қарастырып, қандай жолы бар екенін анықтап, ойласып, үкіметке нақты ұсыныс беруіміз керек. Таяудағы митингтен кейін әріптестеріміз өңірлерге барды. Ержан Тұрмағамбетов (Бас прокуратура басқармасының аға прокуроры) 8 аймақты аралады. Барлығымен сөйлесті. Өз көзімен көрді», – дейді ол.
Бас прокурор парламент депуттарымен, тиісті министрліктермен бірлесе отырып, қазақстандықтарға 10 сотық жер беру туралы заң жобасын жасауды ұсынды.
Айта кетейік, жиында жер телімдерін заңсыз басып алуға тосқауыл қою жөнінде Бас прокуратура мен ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе отырып жасаған жоба таныстырылды.
Жоба жұмысы негізгі үш бағыт бойынша құрылған: жерді басып алуға себеп болатын жағдайларды жою, осындай фактілердің алдын алу жүйесін жетілдіру және жерді басып алумен байланысты жағдайларды құқықтық тұрғыда шешу.