Бас прокурор: Радикалдарға қарсы тұру үшін ауызбіршілік керек
2016 ж. 31 қазан
1714
0
Ақтөбедегі бір айлық жұмысын қорытындылаған бас прокурор қолына құран ұстап көрмей, елге бүлік жасап жүргендерді сипаттап берді.
Бас прокурор жат ағыммен күресу жолында ауызбіршілікті күшейту негізгі жұмыс екенін айтты. Ол әрбір қазақстандықты саяси сауатты болуға шақырды.
«Әлемде радикализмнің кесірінен көп мемлекеттер бүлініп жатыр. Мықты деген елдердің өзі қара жамылуда. 65 миллион босқын үйін тастап, далада қаңғырып жүр. Осы сұмдыққа қарсы тұру үшін ауызбіршілік қажет. Әрбір қазақстандық саяси жағынан сауатты болуы тиіс. Ақтөбенің кей ауылдарында әрбір үйге кіруге тырыстық. Жұмысқа қалай тұруға болады, несие, жәрдемақыны алу жолдарын, медициналық көмекті түсіндірдік, көрсеттік, оқыттық. Өзіміз де біраз нәрсеге көзімізді аштық. Тәжірибелі мамандар діннен адасып жүрген 766 азаматпен жеке сөйлесті. Кейбірінің бетін бері қайтардық», - дейді бас прокурор.
Бас прокурор Қазақстанда ауыл әкімдері үшін арнайы ақпараттық база әзірленіп жатқанын айтты. Онда әрбір тұрғынның барлық жағдайы, отбасы құрамы, мал басы, жұмысы секілді мемлекет үшін қажетті басқа да мәліметтер енгізіліп жатыр.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бас прокурордың Ақтөбеге екі рет келгенін «тарихта қаласың» деп қалжыңға айналдырды.
«Кеше бұл кісіге қалжыңдап жатырмын. Біз тарихта қалатын шығармыз. Бір айдың ішінде мемлекеттің бас прокуроры Ақтөбеге екі рет келді. Жақсы нәрсемен келді деп айту керек, жаман нәрсемен келмеңіз», - дейді Бердібек Сапарбаев.