Имам әулиелерді мойындамағаны үшін "Асыл арнаны" сынға алды
2016 ж. 31 қазан
4228
2
Ақтөбедегі адасқан ағым жетегінде жүргендермен жұмыс істеуге келген сақалды имам ерекше пікір білдірді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
«Бұл сақалдың өскеніне 25 жыл болды. 1991 жылдан бастап имаммын. Ол кезде салафи деген ұғым жоқ болатын. 25 жыл болған сақалды қазір өзгерте алмаймын. Аталарымыз қойған сақал. Абай да, Шәкәрім де, Ахмет те сақал қойған. Қазір терроризм шықты деп оған өзгеріс жасай алмаймын. Менің сақалыма ешкім ештеңе айта алмайды. Мен имаммын, мемлекеттік қызметкер емеспін. Менің өз құқым бар. Сол үшін де мемлекеттік қызметке кірген жоқпын. Қазір қоғамда түсінік бар. Сақалды көрсе террорист деп шығады. Әсіресе, Ақтөбеде көшеде жүргенде ала көзбен қарап жатқанды сеземіз. Бұрын ондай емес, құрметпен қарайтын еді. Түсіндірме жұмыстары жүрсе, болашақта мұның бәрі шешіледі», - дейді Ақтөбеге 230 адаммен ілесіп келген түсіндіру тобының мүшесі, Қызылорда қаласы мешітінің имамы Дайрабай Серікбайұлы.
Бұрынғы бас мүфтидің көмекшісі қолында құзыреті бар танымал адамдардың салафизмді қолдап отырғанын ашып айтып, «Асыл арна» телеарнасының кемшілігін тізбектеді.
«Өз адамдарын тығып отырған танымал адамдар бар. Өнер, мәдениет саласында да бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Өздеріңіз білесіздер, «Асыл арнаның» бір кемшілігі бар. Олар ешқашан әулиені мойындамайды. Әулиелер туралы ешқашан бағдарлама түсірген емес. Ол - үлкен кемшілік. Себебі біздің қазақ аруақ сыйлаған», - дейді ол.
Сақалды имам жат ағымның жиындарын біле тұрып, тосқауыл қоя алмаған мемлекетті кінәлады.
«Мен өзім мұсылмандар діни басқармасында бас мүфтидің көмекшісі болып жұмыс жасадым. Сол кезде «Уахабизмнің бүлігі» деген кітап жазған едім. Тәжікстанда соғыс болып тыйым салынды, Өзбекстанда тыйым салынды. Бәрі қашып Шымкентке келді. Шымкенттен кейін Қазақстанның барлық қалаларына кетті. Мемлекет олардың түбінде біздің елге келетініне сол кезде мән берген жоқ. Салафизмге тыйым салмаса да олардың ұстаздарының әлеуметтік желіде уағыз жүргізуіне тыйым салу керек. Жастар сонда тартынады. Салафизмге тыйым салуды халық талап етіп отыр. Салафизмнің механизмін тауып, тоқтату керек. Себебі қаншама адамды құртып отыр», - дейді имам.