Есікте Жібек Мусинованы зорлағандардың бірі жазадан құтылып кетуі мүмкін
2016 ж. 27 қазан
2056
0
Есік қаласында Жібек Мусиноваға қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Осы істің басы-қасында жүрген #НеМолчиKZ қозғалысының көшбасшысы Дина Смаилованы «заңгерлік білімі жоқ» деген желеумен сот залынан шығарып жіберген.
Қоғамдық қозғалыстың өкілі ретінде сот отырысына қатыса алмаған Дина Смаилова бұл жайттың астарында айыпталушы Алмас Ермеков пен жергілікті мәслихат хатшысының арасындағы туыстық қатынастың жатқанына сенімді.
«Не үшін деп ойлайсыздар? Мен түсіндіріп берейін. Алмастың (Ермеков –ред.) жергілікті мәслихат хатшысына туысқандық қатынасы бар. Алмасқа қатысты бізде сұрақ көп. Өйткені ол осы қылмыстың басында тұрған адам. Ал, оны ДНҚ сараптамасы көрсетпей отыр. Сараптама нәтижесі тек Асхат деген айыпталушыға айғақ тапты. Ал биологиялық сараптама қорытындылары бойынша оны бірнеше адам зорлаған болуы мүмкін. Мен бұл жерде туыстық байланыстар іске қосылғанын сеземін. Сараптама тапсырыс бойынша істелген. Оған қалай сенуге болады?», - деп күйінеді қозғалыс басшысы.
Қозғалыс мүшелері және Жібек Мусинованың жақындары сараптама нәтижесін қайта тексерту қажеттігін айтуда.
Осы кездесуде сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны Гүлмира Қабышеваның ісі бойынша біраз жайттың басы ашылды. Қозғалыс мүшелері сотқа дейінгі тергеудің тек бір ғана ұрып-соғу фактісі бойынша жүріп жатқанынан хабардар етті. Дина Смаилованың айтуынша, Гүлмира Қабышеваның қорғаушысы бұл процестен бірнеше бапты көріп отыр. Мұнда зорлау, ұрлап кету, үй қамағында ұстау, сабау, жәбірлеу әрекеттері орын алған.
Бұдан бұрын Гүлмира Қабышева басынан өткен жайды портал тілшісімен бөліскен болатын.