Қазақстанда қажылық мемлекеттің қадағалауына алынбақ. «Терроризм мен экстремизм туралы» заңға осындай өзгертулер енгізу ұсынылып отыр. Өйткені, 5-ші парызды өтеуге барып, артынан теріс ағымдардың жетегіне еріп кету жағдайлары көп екен.
Ғалым Шойкин: Қажылыққа барғандар әртүрлі діни ағымдардың арбауына түсіп жатады
2016 ж. 18 қазан
1913
0
Талқылауда тағы да азаматтарды тіркеу басты тақырып болды. Әртүрлі тәжірибелер айтылды, жаңаша әдістер ұсынылды. Әзірге нақты шешім жоқ. Жиналғандардың соңынан сөз алған дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, діни туризмді мемлекеттің қадағалауына алу керек деген өзгертудің енгізілетінін айтты.
«Біздің азаматтарымыз қажылыққа барғанда, умраға барғанда әртүрлі діни ағымдардың арбауына түсіп жатады. Сондықтан бұл тетікті де біз белгілеуіміз қажет заңдарымызда. Бұл діни рәсім ретінде болған соң, ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ұйымдастырылуы қажет деп санаймыз»,- дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істери комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Осылайша, сырттағы ағымдардың ықпалын азайту көзделген. Алайда, ең алдымен ел ішіндегі ахуалды реттеу маңызды болып отыр. Осы орайда айдың басында бас прокурор бастаған ағарту тобы Ақтөбеге арнайы барып, лаңкестіктің түп себебін анықтауға кіріскен. Тероризм жасады деп айыпталып, түрмеде отырғандармен тілдескен теологтар, бастапқы тұжырымдарымен бөлісті.
«Шындығын айтқанда 70-80 пайызы райынан қайтып, шынайы өкініп жылап отыр. Өздерінің адасқандығын біліп. Өйткені білімінің жоқтығынан. Сұрай келгенде, тіпті кейбір азаматтардың Абылай ханның, Шоқан Уәлихановтың, жалпы қазақтың көрнекі ғалымдары, батырлары сынды тарихи тұлғаларын білмейтін азаматтар бар», - деді Бас мүфтидің кеңесшісі Қуат Раев.
Бір айта кетерлігі, жаздағы лаңкестікке атсалысқандардың ішінде сол күнге дейін байыпты теріс ағымды ұстанушы болып саналғандар екен. Яғни, әп-сәтте радикалдық әрекетке баруға шешім қабылдады деген сөз. Осыны ескерген дінтанушылар, қаладағы өзге жамағатпен де жұмыс жүргізген. Алайда, арнайы ағарту тобы келді дегенді естіген дәстүрлі емес ағымдағылар мешіттерге келуді сиретіпті. Оның үстіне, қоғамның өзі оларды оқшаулап, тәрбиелеуге итермелеп жатқан көрінеді.
«Тіпті ол жат ағымда жүрген отбасының көрші-қолаңдарының өзі олардан үркіп, «қай күні жарып жібереді екен» деп, «қай күні зиян келтіреді екен» деген үрейде болғаннан кейін ол адамның өзіне күнделікті ауыр тиеді. Сондықтан осы ойдан қайтуды қойып, «тіпті намазды оқымаймыз» деп жатқан жат ағымдар да бар»,- дейді ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы.
Бұл бір аймақтағы ғана жағдай. Ағарту тобы, терроризм мен экстремизм үшін сотталғандардың дені орыс тілінде сөйлейтін азаматтар дейді. Яғни, уағыздарын интернет арқылы тыңдайтындар. Сондықтан, қажет жағдайда орыс тілінде де уағыз айтуды жолға қою ұсынылып отыр.