Қазақтан ғылымға белгісіз антиген табылды
2016 ж. 15 қазан
3609
1
Астанадағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы мамандары қазақтың бойынан трансплантология барысында алмастырылған мүшенің ұласып кетуіне жол бермейтін антиген тапты, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Германиядағы адамның лейкоцитарлық антигендерін тіркейтін арнайы ұйым аталмыш антигенді өз базасынан таппаған және қазақстандық мамандардың жаңалығына таңданыс білдірді.
«Біздің барлығымызда лейкоцитарлық антигендер бар. Олардың сәйкессіздігі донордың мүшесін реципиентке ауыстыру кезінде қиындықтар туғызуы ықтимал. Сондықтан біз екеуінің де гендерін қараймыз. Олардың сәйкестігін тексереміз. Олар расталған кезде ғана адам мүшелері мен тіндерін алмастыра аламыз. Біз пациентті тексеру кезінде әлемге белгісіз, ғылымда тіркелмеген мүлдем жаңа гендерге тап болдық. Олар белгілі бір дертке әсер етпейді, белгілі бір патологияларға да соқтырмайды. Оларды бұрын анықтамалғанының себебі, қазақтарды мұндай деңгейде әлі ешкім зерттеп көрмеген», - дейді иммунологиялық типирлеу зертxанасының меңгерушісі Аида Тұрғанбекова.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы төрағасының орынбасары Сәния Әбдіраxманова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұxбатында, «DQB1*03:82» деген атауға ие болған жаңа антиген өте қарапайым екендігін айтты, дегенмен ол бірқатар қиындықтар туғызуы ықтимал.
«Біз бұл мутацияның әсерінен емес, атадан балаға тұқым арқылы таралып келе жатқан нәрсе екенін дәлелдеу үшін отбасылық тексеріс өткіздік. Дәлелдедік, нәтижелерін Германияға жібердік. Олар бұл антигеннің, расымен, бұрын-соңды ешкімнен табылмағанын мәлім етті. Бұл ген отбасындағы тек бір адамнан табылып отыр. Ол дертке шалдықпасын деп тілейміз. Себебі ол ген мүше алмастыру кезінде кері әсер беруі ықтимал. Оған донор табу қиын болады. Ол әлемде жалғыз», - деді Сәния Әбдіраxманова.
Айта кету керек, аталмыш ген секвенирлеу кезінде, құны 80 млн теңге болатын құрылғының арқасында табылды.
«Осы зертxананың арқасында 2011 жылдан бастап Қазақстанда трансплантология қарқынды дамыды. Бұл зертxанасы болмаса, транплантология жасау мүмкін емес. Сондықтан қан үлгілері ең алдымен осында түседі», - дейді С. Әбдіраxманова.