Ерасыл Әубәкіровтің мәйітін қала сыртына Аян Мейірбаевтың әпкесі тастап кеткен
2016 ж. 14 қазан
5497
13
2016 жылдың ақпанында із-түзсіз жоғалған Ерасыл Әубәкіровтің мәйітін қала сыртындағы қалың қарға Аян Мейірбаевтың әпкесі - Айым Мейірбаева апарып тастаған деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аян Мейірбаевтың әкесінің адвокаты Ерлан Бекполов Әубәкіровтің денесін қала сыртына апарып тастаған Айым Мейірбаеваның жазадан құтылу себебін түсіндірді.
«Түсіндіріп өтсем, Ерасыл Әубәкіровтің мәйітін Аян Мейірбаевтың көлігіне салған - Нұрбек Әжімбай. Ал, Аянның апайы Айым Мейірбаева көлікте мәйіт жатқанын білмей, оны мініп жүре берген. Көлікті авто жуу бекетіне апарған Айым мен мекеменің екі қызметкері мәйітті сол жерде көрген. Қылмыстық іс материалдарында мәйітті табу сәті көрсетілген», - деп хабарлады Аян Мейірбаевтың әкесінің адвокаты.
«Айым Мейірбаева мәйітті қала сыртына шығарғаны рас. Бірақ, ол да, отбасы мүшелері де көлікте мәйіт жатқанын білмеген. Айым Мейірбаева - жас қыз, Аянның басынан өткен оқиғалар оны әбден қорқытқан. Сол сәтте Аян Мейірбаев күдікті болып жүрген еді. Сондықтан, Айым Мейірбаеваның әрекеті тексерілді. Тергеумен келісімге келе отырып, Айым Мейірбаева мәйітті қайда тастағанын көрсетіп берді. «Айым Мейірбаева неге жауапқа тартылмады?» дегенге қатысты айтар болсам, осындай жағдайларға байланысты қылмыстық кодексте мындай түсінік бар: қылмыстық кодекске сүйенсек, жақын туысы ретінде осындай әрекеттерді жасырғаны, полицияға хабарламағаны үшін жауапқа тартпауға болады деген түсінік бар», - деді Мейірбаевтың адвокаты.
Мейірбаевтың қорғаушысы айтқандай, Айым Мейірбаева мәйітті өзі жалғыз көтере алмайтын еді.
«Ол расымен жалғыз емес еді, оған көмектескен адамдар да болған оқиғадан бейхабар еді. Тергеу Айым Мейірбаеваға көмектескен адамдарды анықтаған жоқ, қазір олар іздестіріліп жатыр», - деді Бекполов.
Еске сала кетейік, Астана Медицина университетінің студенті Ерасыл Әубәкіров ақпан айында аяусыз өлтірілген болатын. 10 ақпанда Астана қалалық ІІД-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Әубәкіровтің мәйітін қар астынан тауып алды.
Адам өлтірді деген күдікпен басында төрт адам - Аян Мейірбаев, Андрей Тихоненко, Виталий Шерстенев және Нұрбек Әжімбай ұсталған еді. А.Мейірбаев қылмыстық істе ең басты күдіктілердің бірі болған.
Бірақ кейін Аян Мейірбаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды, 7 мамырда Астана прокурорының келісімімен Аян Мейірбаев босатылды.
Ал 12 қазан күні Астана қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Асxат Әшірбеков медициналық университеттің студенті Ерасыл Әубәкіровтің ісі бойынша сот үкімін шығарды.
Сот барысында қылмыс жасады деген күдікпен жауапқа тартылған Нұрбек Әжімбай, Виталий Шерстенев пен Андрей Тихоненколарға 11-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.