Назарбаева Қарағандыда сотталған мұғалімге қатысты мәлімдеме жасады
2016 ж. 13 қазан
2126
0
Парламент сенатының жалпы отырысынан кейін депутат Дариға Назарбаева Қарағандыда сотталған ұстаз Юрий Пактің ісі бойынша құжаттарды тыңғылықты қарап шығу туралы Бас прокуратураға сауал жолдағанын айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы ретте депутат прокуратурадан тиісті жауап келгеннен кейін, өзінің ой-пікірін айтатынын хабарлады.
Еске салсақ, Юрий Пакқа 2015 жылдың 14 сәуірінде Қарағандыдағы ЦУМ ғимаратына «бомба» қойды деген айып тағылды. Себебі оның ұялы телефонынан шұғыл әрекет ету қызметтеріне қоңырау түскен. Ер адам бомба қоятындығы туралы хабарлаған.
Ұстаз сотқа өзінің бұл іске қатысы жоқтығын айтып-бақты. Оның айтуынша, қоңырау шалынған уақытта ол әріптес-әйелдерге парталарды тасуға көмектесіп жүрген. Телефон бұл уақытта көрші кабинетте, сөмкесінің ішінде жатқан.
Айта кетейік, осы айдың басында Қарағанды облысы Қазыбек би аудандық соты физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакты жалған лаңкестікпен айыптаған атышулы іс бойынша үкім шығарды. Сот процесі кезінде Пак өзінің кінәсіз екенін айтумен болды.
Сонымен қатар қазақстандықтар жалған лаңкестік үшін екі жылға сотталған қарағандылық мұғалімге қолдау білдіріп, петицияға қол қоюда. Петиция президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазылған. Онда жазалау үкімі шыққан физика пәнінің оқытушысы Юрий Пактің ісін қайта қарау сұралған.