Еңбегі – елге мұра, ұрпаққа үлгі
2016 ж. 12 қазан
3296
0
немесе Құрал Ержановтың ұлт бірлігі жолындағы төрт ерлігі
Иә, біз кеше ғана арамыздан кеткен ағамызды еске алып, артында қалған көп ісінің ішінен төртеуі жөнінде ғана сөз етпекпіз. Құрекеңнің бірінші ерлігі сонау тоқсаныншы жылдардың басында кеңес өкіметі құлап, республикааралық байланыс біткен күрт үзілген, біздің еліміз сонда да болса Ресеймен екі арадағы келісімге сәйкес рубльге адалдық танытып, өз ақшамызды айналысқа енгізбей жүрген кезімізде (бұл мәселеде қырғыз ағайындардың бізге қарағанда саяси алғырлық танытқанынын мойындауымыз керек) ресейлік «сабан ақшаның» астында қалғанымыз, соның салдарынан тыңғылықты дайындалып үлгермесек те 1993 жылдың 15- қарашасында 1 доллар = 4,70 теңге деген бағаммен төл ақшамыз дүниеге келген кезеңде орын алған болатын. Ол заман бүгінгідей жылына орта есеппен 30-40 млрд. теңге мемлекет қаржысы игерілмей қалатын мамырақан заман емес-тін. Керісінше, халық бюджет тапшылығының зардабын тартудай-ақ тартып жатқан уақыт. Міне, сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Зауытбек Тұрысбеков бұрынғы облыстық отын базасының негізінде құрылған «Сары-Арқа» акционерлік қоғамының президенті Құрал Ержановқа қысқы отын алуға жағдайы жоқ халықтың жай-күйін ұғынуды, көмірді босата беруін өтінеді, қаржы түскен соң есеп айрыласа жататынын айтады. Бәрі бір елдің азаматы, оның үстіне бір сөзді қазақ деген ұлт түгілі батыстың іскерлері уақыт күтпейтін сәт туып қалса мұхиттың бір жағынан екінші жағына миллондаған доллардың дүниесін ауызша келісіммен жіберіп жатпай ма, Құрекең де келіседі. Әйтсе де, мемлекет дегеніңіз қиын шаруа ғой, түрлі себептермен долларға шаққанда 6 миллионға жуық көмірдің қарызы уақтылы қайтпайды (1994 жылдың басында доллардың құны 54 теңге болса, 1995 жылдың жазынан 1999 жылдың сәуіріне дейін 72 мен 84 теңге арасында тұрды). Кешігіп барып 1,5 млн. долларға тең теңге ғана түседі. «Сары-Арқа» акционерлік қоғамының қарағандылықтардың алдындағы қарызын жабуым үшін қаланың ортасындағы бірнеше элиталық пәтерім мен үйлерімді сатудан басқа амалым қалмады» дегені бар-ды бірде Құрекеңнің. Іскерлер әлемінде «нағыз қиындықтан соң нағыз өрлеу басталады» деген ұғым бар, қарыздан құтылған Құрал Ержанов та қанатын кеңге жая бастайды. Оның үстіне бір адамға ауыр соққанмен игілігін ел көрді ғой. Соның арқасы шығар, «Сары-Арқаның» да тасының өрге бұрынғыдан да қарқындап домалай бастағаны. Атасы Ержанның малды адам болғанынан ба, немересі де тек дүниенің соңына түсуді ойламай, Созақтағы Қарабура әулиенің ескірген кесенесін жаңарту туралы, қалада мешіт салу туралы ойлана бастайды. Жалпы, сол кезде кеңестік діни қапастан шыққан халық үшін қалталы азаматтардың жаппай мешіт сала бастағанын атап кету керек. Міне, осы уақытта... «Бір күні үйге келсем, – деген еді Құрекең бұдан бір-екі жыл бұрынғы бір әңгімеде, – арасында шаяндық белгілі жазушы ағамыз Еркінбек Тұрысов бар, облыстық атқарау комитеті төрағасының орынбасары, облыстық қаржы басқармасының бастығы болған Таңатар Қазақбаев, «Бөген» кеңшарының көп жыл директоры болып істеген Бәйдібек (фамилиясын ұмытып қалыппын) деген ақсақал, «Красная нива» кеңшарында істеген Мыңбаев деген ақсақал, біраз қадірлі қария күтіп отыр екен. Ол кісілердің маған келген шаруасы былай болып шықты. – Әулие Домалақ анамыздың басына жақсы бір кесене тұрғызайық деп едік, соның әйтеуір реті онша келіңкіремей жүр, – деді ағалар маған. – «Қолға аламыз, істейміз» деген жігіттер, уәделерінің үдесіне шыға алмай қалып жатыр. Құрал, қалқам, сен қолға алшы осы істі. Сол Домалақ анамыз жатқан ауылды мекемеңнің қарамағына кіргізіп алсаң тіпті дұрыс болар еді, ауылдағы халықтың жағдайы нашар, көбісінің жұмысы жоқ, бос жүр. – Мақұл, – дедім мен. – Баталарыңызды беріңіздер! Ақсақалдар батасын берді. 1996 жылы болатын. Үлкендерден бата алған соң бірден кірісіп кеттім. Өйткені, мешіт салсам деген жобам бар еді, соны пайдаланбақшы болдым. Кесене салатын жерге ақ силикат кірпіш, тағы біраз зат апарып түсірдім. Сөйтіп жүргенде бір күні үйге қасында бір-екі кісі бар ақ «Волгасымен» Еркінбек Тұрысов ағай келді. Бірақ, үйге кірмеді. – Өтінішпен келдік, – деді. – Айтыңыздар, құлағым сіздерде. – Өткендегі сіз бен біздің арамыздағы әңгімені облыс әкімі Зауытбек Тұрысов, Алматы облысының әкімі марқұм Заманбек Нұрқаділов естіген екен, мені Зауытбек шақырып алып, «Құралға жасаған өтінішіңізді қайтып алыңыз, көке. Анамыздың тараған елдің ішінде де қаржылы жігіттер бар ғой, өзіміз саламыз» деді. Мен: «Құрал іске кірісіп кетті, құрылыс заттарын апарып та тастады» дегеніме де көнбеді... – Еркінбек аға, еш оқасы жоқ, – дедім, басқа не айтамын?..» Әрине, ондай шешім қабылдаған ел ағаларын әбден түсінуге болады. Әсіресе, тұла бойы намыстан жаралған Заманбек марқұмды. Өйткені – олардың айтып отырғаны да дұрыс. «Домалақ ана иісі қазаққа ортақ» десек те, артында қалған қалың ұрпағы болғаннан кейін бірінші кезек – солардікі. Тек, биліктегілердің алдынан өту ақсақалдар ойына келмеген болса керек. Екінші жағынан, «Құрал Ержанов ақыры бастап қойған екен, онда оның қасына өзіміздің жігіттерден бір-екеуін қосайық, тізе қосып жұмыс істесін» дегенде, әне, сонда нұр үстіне нұр болар еді-ау деген ойға еріксіз бой ұрасың... Ақсақалдар да тегін адамдар емес қой, Алла-Тағаланың өзі Кіші жүздің басқа бір баласын, сонау 360 әулиелі Маңғыстаудан сәулетші Сайын Назарбекті ғимарат авторы етіп әкеліп қосу арқылы аталардың ойының дұрыстығына қолдау көрсетіп, «ей, қазағым, сенің жүретін жолың осы жол – қандай ұлы істе болсын ошақтың үш бұтындай үшеуің бірге болатын жол!» деп нұсқап отырған жоқ па?.. Ойға алғанмен орындалмай қалған арман – «Домалақ ана» кесенесінің хикаясы Құрекеңе жаңа талпыныс әкеледі. Ол енді Қарабура әулие кесенесін салуға шындап кіріседі. Осы жерде Қарабура кім еді деген сұраққа да аз-кем тоқтала кеткен артық болмас. Қалың жұрт «Қарабура әулие кім?» дегенде білетіні екі нәрсе. Біріншісі – оның Қожа Ахмет Яссауидей ислам әлеміндегі орны ерекше адамның жаназасын шығарғаны. Екіншісі – Қарабура қабырғалы қалың Тама руының ұраны екені. Біреуінің өзі-ақ кез келген қан сүт емген қазақы пенденің атын мәңгі өшпестей етуге жетіп жатыр. Ал, бұл жерде екі бірдей бақ бір адамның басына қонып тұр... Есімің елдің ұранына айналу үшін сол елге сіңірген еңбегің де ересен зор болуы тиіс. Әдетте бұндай мәртебеге ең алдымен қол бастаған батырлар мен ел бастаған көсемдер ие болатын. Қолдағы бар мәліметтерге қарап Қарабура сол кездегі артына ерген тайпаның көсемі болған деуге толық негіз бар. Екіншіден, Қарабураның тайпалардың көп көсемдерінен айырмашылығы да, артықшылығы да оның терең білім иесі болуында жатыр. Исламға толық бет бұрған, Бұқарада білім алған Қарабураның араб жерінен келген исламды қазақ табиғатына, оның салт-дәстүріне, тәңіршілдіктен қалған құндылықтарына кіріктіре отырып үйлесімін тапқан, сөйтіп, әйгілі Яссауи жолын салып кеткен замандасының ілімінің мейлінше кең тарауына өлшеусіз еңбек сіңіргені – Яссауи бабамызды қайтыс боларының алдында шәкірттерінің «жаназаңызды шығаруды кімге тапсырасыз?» деген сұрағына: «Менің жаназамды шығаратын адам бурасына мініп өзі келеді» деп жауап беруге жетелейді. Осылайша пәни мен бақилықтың екі тізгінін тең ұстаған Қарабура әулиенің ескерусіз, елеусіздеу қалған кесенесін жаңғырту күні-түні есінен шықпай жүрген, әрі ескі кесенеге қол тигізгісі келмеген Құрал ғимаратты қалай салудың шешімін таппай көп қиналады. Себебі, отызыншы жылдардың ішінде кеңес өкіметі құрған «Құдайсыздар қоғамының» «әулие деген кім өзі?» деп, кесенені бұзбақшы болған мүшелерінің бірі табанда жан тапсырып, бірі жынданып кеткені елдің есінде. Сөйтіп жүргенде бір күні түсіне оған Қарабура әулие кіріп, «егіз сегіз етіп сал» деп аян береді. Арқасына ауыр жүк түскендей болған, түнгі сағат төртте шырт ұйқыдан оянған ол шынында да ғимараттың бабаның өзі қалаған жобасын сызуға кіріседі, солай етіп салып шығады... Құрекеңнің соңғы он жылда қасында жүрген, ең жақын адамының біріне айналған жасы кіші замандас досы, заңгер Жаңабек Әбішев 2008 жылы Шымкент қаласында Қарабура атындағы мешіттің ашылу жиынында сөйлеген сөзінде іскер азаматты Әмір-Темірге теңеді. Неге? Қандай себеппен болсын – Алла-Тағала түсіне аян берсе де, өзі есепсіз төккен елдің қаны үшін кешірім сұрағысы келсе де – әйтеуір, бір де бір шайқаста жеңіліп көрмеген жаһангер Түркістанда әулиеге арнап керемет кесене тұрғызды. Соның арқасында елдің аузына «ә» дегенде Әмір-Темірдің қанша халықты қырғынға ұшыратқаны емес, әулиенің басына үй-жай салғаны түседі. Екінші жағынан, сондай кесене салынбаса Қожа Ахмет атамыз бен Түркістан шаһарының атағы да қаншалықты алысқа тарайтыны тағы да бір Аллаға ғана аян. Олай болса, Жаңабектің сөзінің жаны бар деген сөз. Шынында да, әулиенің жаңа кесенесінің ашылуын халық 1997 жылы жазда ұлан-асыр той жасап өтті. Әділдігін айта кету керек, кесенені салуды Құрал түгелімен өз мойнына алса, тойға 400-ге жуық киіз үй тігу де, бәйгеге тігілген темір тұлпарлар да, басқа да ас та төк мол шығын халықтан жиналған қаржы есебінен атқарылды. Содан бері жыл сайын маусым айында әулиеге арнап ас беру бұлжымас дәстүрге айналған. Әр жылы оны Таманың әр руы көтереді. Кейде ақша жинала қоймай, қаржыдан қиыншылық туып жатса, жетпеген жеріне Құрекең өзі қосып келді. 2008 жылдан бері асты идеясы көп Жаңабектің бастамасын құп көрген облыстар өткізе бастады. Ең алғаш алыстан атыраулық азаматтар жетті арқаланып. Одан кейін маңғыстаулықтар көршілеріне қолдау көрсетті. Жамбыл облысы, Алматы қаласы, Қызылорда мен Ақтөбе облысы. Жаңабектің бұл идеясына сенімсіздікпен қараған, тіпті «облыстар біткен соң қайтесіңдер?» деп келемеж еткісі келгендерге өмірдің өзі жауап беріп жатыр. Биылғы асты қалың қоңыраттың атынан оның бір руы, бұдан бес ғасыр бұрын өзінің өтініші бойынша Қарабураның қасына жерленген әулие Құрбан атаның ұрпақтары берді. Болашақта арғын мен қыпшақ, дулат пен адай, т.т. рулар өткізеді деген болжам бар. Келесі жылдың кезегін «кезектен тыс бізге беріңіздер» деп қырғыз ағайындар сұрап алды. Жалпы, Қырғызстанда Қарабураның атында тұтас бір ауданнан бастап, 14 нысан бар екен. «Қарабура тағы», «Қарабура шыңы», осылай кете береді. «Жақсы – ортақ» деген – осы. Өмірден өткеніне он ғасырға жуықтаса да, әулие артында қалған түркі тектес елдердің басын қосуға ұйытқы болып жатыр... Құрал Ержановтың артында қалған тағы бір өнегелі ісі – айналасында қазағы, өзбегі, ұйғыры бар, ұлтымыздың тарихында ең ұзақ уақыт – 42 жыл тақта отырған, жай ғана отырмаған, қазақтың басына шын мәнінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды орната білген бірден-бір басшы – Хақназар хан бастаған 7 көсем, батыр мен ғұламалар жерленген Қарабура әулие кесенесін табиғи түрде пантеонға айналдыра білді. Ол жерде кәзір бүкіл адам атаулының асылы, батыс әлемі мыңжылдықтар тоғысында «Адамзат тарихына ең үлкен ықпал еткен тұлға» деп баға берген (Шыңғыс ханды сол сарапшылар «өткен мыңжылдықтың адамы» деп таныды), Алла-Тағаланың одан бұрынғы пайғамбарлардай белгілі бір ұлтқа, халыққа емес, бүкіл адам қауымына жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ә.с.) пайғамбардан бастап 300-ден аса адамның қабірінен топырақ әкеліп қойылды. Құрекең сонау 1996 жылы Асанәлі Әшімов, Илья Жақанов секілді ағаларымен «міне, мына жерде әулиенің бурасының мүсіні қойылады, мынадан былай қарай пантеон орын тебеді» деп бұл идеясымен бөліскен екен. Марқұмның жетісін берген жиында ел ағаларының біреуі: «Біздің билікте отырған ағайындар Созақтағы Қарабура кесенесіндегі пантеоннан үлгі алып, енді Астанада ұлттық пантеон салмақшы» деп атап өтті. Құрал Ержанов осы жолдардың авторы мен аты аталған Жаңабек Әбішевтің «Шымкент шаһарындағы Кіші жүз жігіттерінің басын қосайық, бұл қазақтың үш жүзінің басы табиғи түрде қосылған, қала берді қожасы мен төресінің тұтас ауыл-ауыл болып қоныстанған жалғыз өлкесіндегі барлық қазақтың бейресми түрде бірігуінің бастауы болсын» деген ойын бірден қолдай кеткен еді. Және қолдағанын іспен көрсетіп: «Менің үлкен деген атым бар ғой» деп, ырымшыл халық емеспіз бе, «Ынтымақ» деген кафедегі бірінші басқосуды өз мойнына алып өткізген еді. Сол жиында сөйлеген сөзімде мен: «Бұның сыртқы көрінісі – Кіші жүз жігіттерінің ұйымы болғанымен, ішкі мазмұны тек қана ұлттық деңгейде болуы тиіс, жүздің мәселесін ауызға алушы болмайық, олай етсек жанбай жатып өшкеніміз» деген едім. «Ішкі саясат, ұлттық қауіпсіздік деген мемлекеттік ұйымдардың азаматтарын да шақырып отыруды ұмытпайық» дегенмін. Айтқандай-ақ, бір күн өтпей жатып, комитет жігіттері Жаңабекке телефон соғыпты: «Сіздер не ұйымдастырып жүрсіздер?» Жаңабек: «Келесі отырысқа шақырамыз, келіңіздер, көріңіздер» депті... Сол жиынның нәтижесі ретінде біз 2009, 2010 жылдары қала тұрғындарына арнап Наурыз мерекесін ұйымдастырдық. Әнші, күйші, жыршыларды шақырдық. Бірақ, біздің бастамамыз ары қарай қолдау таппады... Біз бүгін өзін жамандаған адамдар жайында да сыртынан ғайбат сөз айтпайтын Құрал Ержановтың төрт ісі туралы ғана төрт ауыз сөз айттық. Ондағы мақсат не еді? Кім қандай қызметте немесе қандай лауазым иесі болғанына қарамай қазақтың ауызбіршілігіне титтей де болсын өз үлесін қосып жатыр ма, жоқ па, бүгінгі басты мәселе осы болып тұр. Егер бес саусақ бірігіп жұдырық бола алсақ – өркениет көшіне ілігіп кетеміз. Біріге алмасақ – арысы жеріміздің мына жағын орыс, мына жағын қытай, қалғанын қалғандар алып қою қаупі төніп тұр. Одан қала берді тілімізден, дінімізден айрылу қаупі бүгін-ақ қара қоюланып төбемізге төніп келеді. Адам шығыны да басталды... «Тілі жоқтың ділі жоқ, ділі жоқтың діні жоқ, бұл үшеуі жоқтың ұлты жоқ» деп еді Ахмет Байтұрсынов. Бұл үшеуіне ол кезде жоқ жерден айрылу деген қатер қосылды бүгін. Әзірге оның бетін 5 жылға шегергендей болдық. Есесіне қытайлық 51 зауыт деген басқасы шықты... Иә, әрқайсымыз өз шамамыздың келгенінше ұлт алдындағы парызымызды (арабшадан аударсақ – міндет) да, борышымызды да Құрал Ержанов секілді қолынан келгенше аянбай өтесек қана болашағымыз баянды болмақ. Таңдау – өз қолыңызда... Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz