Д. Кенжетай: Мемлекет теріс ағымдарды заңмен тыйып отыруға тиісті
2016 ж. 11 қазан
2951
1
Зайырлы мемлекетте дін және саясатқа қатысты ұғынылуы шарт танымдар мен тіркестер бар. Олар мыналар "діни саясат", "дін саясаты", "саяси дін". Бұлар мемлекет пен дін қатынастарынан туындайды. Мемлекет пен дін – ұлт болмысы қабатынан орын алған ерекше институт. Екеуі де өзара қоғамдағы орны мен рөлін мойындай отырып, құқықтық, демократиялық ұстанымды басшылыққа алады. Бұл жерде дін құбылысы да мемлекет сияқты (теократиялық емес), құқықтық, демократиялық ерікке бой ұсынып, халықтық билікке бағынады.
Енді осы жердегі "діни саясат" мәселесіне ойысар болсақ, еліміздегі бұл сала Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арқылы жүргізіледі. Бұған мемлекет араласпайды. Діни саясаттың мазмұнында муфтиаттың барлық іс шаралары жатады. Мешіт, медресе салу, діни білім беру және оны ұйымдастыру, мазхабтар аралық келісімді қолға алу, діни тәжірибені жандандыру, діни танымды көтеру, діни сананы насихаттау, діни сенімді түсіндіру шаралары бірақ бұл шаралар да халықтық билік пен құқықтық шеңбер ішінде ғана мүмкін. Бұған еліміздің конституциясы кепілдік береді. Ал енді "дін саясаты" тіркесіне келсек, бұл саланы мемлекет, жоғарыдағы құқықтық конституциялық ұстанымдар мен заңдық қағидалар негізінде жүзеге асырады. Мысалы ата заңымызда дін құбылысына қатысты баптар "діни сенім ар ождан бостандығы" тармақтарымен қорғалады. Бұл зайырлылық ұстанымының басты функциясы. Мемлекет қоғамдық талапты ескере отырып, заңда "ханафи мазхабы мен православия" туралы олардың тарихи, мәдени, рухани тәжірибесін ескеріп бап қабылдады. Бұл мемлекеттің болмыстық, құндылықтық, тарихи, кеңістіктік, өркениеттік қабатына деген міндеті болатын. Бірақ бұл мемлекеттің осы діндерге басымдық беруі ретінде емес, жоғарыдағы құндылықтық қабаттарды негізге алатындығын көрсететін дәстүрлі мемлекеттілік анықтама талабы болатын. Сосын зайырлы елдегі діни білім беру, діни бірлестіктерді тіркеу, олардың діндер аралық қатынастарын реттеу, бақылау, қадағалау сияқты іс шаралар кіреді. Ал енді "саяси дін" тіркесіне қатысты іс шараны да мемлекет өз құзіреті шеңберіне алады. Мысалы саяси ислам деген анықтама ішіне кіретін фундаментализм, экстремизм, терроризм сияқты идеологиялық мазмұндағы, дінді құрал ретінде қолданып, елді тұтастыққа емес, бүлікке, тұрақсыздыққа, лаңкестікке, фанатизмге жетелейтін саяси, партиялық, идеологиялық шаблондағы, түсініктегі, платформалардағы топтарды айтамыз. Мемлекет зайырлы ұстанымды басшылыққа алатын болғандықтан бұл топқа заңмен тыйым салуы тиіс. Мысалы ата заңымызда діни партия, идеологиялық платформа, ұлттық негіздегі саяси құрылымдарға рұқсат бермейді. Енді осы шаблонға сай, саяси сипат алған кез келген діни топтар мен жамағаттар егер бар болса, олардың критериилері табылса, қоғамда көрініс тапса, әрине мемлекет араласып, заңмен тыйып отыруға тиісті.
Досай Кенжетай
Abai.kz