АСТАНА ІРГЕСІНДЕГІ АУЫЛҒА «САФИНКА» АТАУЫ ЛАЙЫҚ ПА?
2016 ж. 07 қазан
2114
0
Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин мырзаның назарына!
«Софиевка – Ақмола облысы Целиноград ауданындағы ауылдық округ орталығы. Ауыл – аудан орталығы Ақмола ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 63 шақырымдай, Астана қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 22 шақырымдай жерде, Сілеті өзенінің жағалауында орналасқан. Тұрғындары: 2009 жылғы есеп бойынша 2,0 мың адам. Тарихы: Іргесі 1954 жылы Тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты қаланды. 1965 – 1996 жылдары астық өсіретін кеңшардың орталығы болған. Софиевкада кеңшар негізінде құрылған шаруа қожалықтары жұмыс істейді» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Жолым түсіп Астана қаласының маңына сапарға шықтым. Алдымнан тұрғындарының басым көпшілігі (бәрі десе де болады) қазақтардан тұратын «Софиевка» деген елді мекен кездесті. Жергілікті тұрғындар «Сафинка» деп атайды екен. Сол жердегі тұрғындардан ауылыңыздың аты неге «Сафинка» деп сұрадым. Сол ауыл тұрғындарының берген жауабы мынау: – Кешегі Кеңес заманында осы ауылда қолдан арақ (самогон) жасап сататын София деген кемпір тұрыпты. Сол жердегі тың игерушілер мен сол маңда тұратын өзге де тұрғындардың бәрі сол кейуанадан, тіпті алыс жерлерден де келіп самогон сатып алатын болыпты. Содан сол елді мекен күні бүгінге дейін «Сафинка», сол ауылға баратын жол «Софинская трасса» деп аталып келеді екен. София шешей арағынан қаншама адам зардап шегіп жұмыстан қуылды, отбасынан ажырады, қаншама адам сол трасса да мас күйінде жол оқиғасына ұшырап, өмірмен қош айтысты немесе жарымжан болып қалды десеңізші. Обалы не керек, ауыл тұрғындары бұл мәселені сан рет көтерген. Ауылдың арқасүйер азаматтары талай рет БАҚ арқылы да дабыл көтеріп, елдімекен атауын өзгертуді сұраған. Бірақ селт еткен бір басшы болмапты. Атам Қазақтың Ата салты, соған сәйкес Қазақстан Республикасы заң талаптары бойынша да елдімекен, даңғыл, көше атауларына халқына қалтқысыз қызмет жасап, ұрпағына үлгі болған ұл-қыздарының аты берілетіні мәлім. Арақ мұсылман баласы үшін харам саналатыны да түсінікті. Бұл Қасиетті Құран Кәрімде де айқын көрсетілген. Ал біздің Үкімет осы арам аспен елді былғаған кісінің атына елді мекен атауын беріп қойып үнсіз отыр. Қасиетті Құран Кәрімнің, Атам Қазақтың Ата салтының және Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес тиісті шара қолдануды өтінеміз! Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы qazaquni.kz