Араб шейхтары елімізде қызыл кітапқа енген құстарды қырып жатыр
2016 ж. 28 қыркүйек
6578
1
Жамбыл облысында араб шейхтары Қызыл кітапқа енген құстарды қырып жатыр деп хабарлайды 31 арна.
Бірақ олар, жазадан жалтарып кетуі бек мүмкін. Аңшылыққа шыққан араб азаматтарын прокуратураның шешімімен тәртіп сақшылары босата салыпты.
Серілік жасап бой сергіту үшін Араб әмірлігінен келген мына азаматтар Бетпақдалада білгенін істеген сыңайлы. Бес аспабы түгел араб азаматтары мінген жол талғамайтын көліктерінен бір дана шалажансар «қарабауыр бұлдырығы» және бесеуінің өлі денесі тәркіленді. Бұдан басқа дуадақ етіне ұқсас екі қап пен аңшы мылтығы және жеті оқ табылды.
Белгілі болғандай аңшы мылтығы мен жеті оқтың рұқсат құжаттары жоқ. Қызыл кітапқа енген құстарды қырудың жазасы қатал. Бірақ жайшылықта тауық ұрлағанды түрмеге тоғытатын тәртіп сақшылары, табиғатта тұқымы сиреп бара жатқан құстарды атқан арабтарға әмірі жүрмей қалыпты. Анығы прокуратура өкілдері бұл істі ұсақ-түйекке балапты.
"Қозғалып отырған қылмыстық іс орта дәрежедегі құқық бұзушылық болып табылады. Тергеу амалдарын жүргізу барысында күдікті облыс аумағынан шықпауға және тергеуші органдарға белгіленіп тұруға міндеттелген. Қазір шетелдік азаматтар Жамбыл облысының аумағында", - дейді Жамбыл облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Абырой Халықұлы.
Дегенмен ұсталған арабтардың нақты қай мекенжайда тіркелгені айтылмады. Бір анығы кінәсі дәлелденсе үш жыл бас бостандығынан айрылады немесе үш мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Саятшылық үшін шалғайдан келген азаматтарға соңғы жаза тиімді екені хақ. Айта кетейік күдіктілер Қазақстанға дуадақ тектес құстарын будандастыру үшін келіпті.