Асқар Жұмаділдаев: Ағылшын тілі варварлардың тілі деп есептелген
2016 ж. 22 қыркүйек
6197
28
Танымал математик Асқар Жұмаділдаев Алматыдағы жиында физиканы адам ана тілінде жөндеп ұқпай, оны ағылшын тілінде ұқтырамын деген бос әңгіме екенін айтты. Бұл туралы NUR.KZ хабарлайды.
Асқар Жұмаділдаев бұл сөзін Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиынында айтты. Академиктің айтуынша, ол балалардың ағылшын тілін меңгеруіне қарсы емес, бірақ олардың бастауыш сыныптан бастап үш тілде миын ашыту дұрыс емес.
"Исаак Ньютон бірінші рет ағылшынша мақала жазғанда, жұрттың бәрі қарсы шыққан. Ол кезде ғылым тілі латын тілі болатын. Ағылшын тілі неміс тілі сияқты варварлар тілі деп есептелген. "Бұл тілде ғылым жасауға болмайды. Қалай, сен не істеп отырсың, күпірлік жасап отырсың. Бәрі латын тілінде болуы керек деген" пікірлер айтылған. Бірақ қазір латын тілі қайда, ағылшын тілі қайда? Демек, заман тұрғысынан, тарих тұрғысынан алғанда, "дүние алма кезек" екенін түсінуге болады. Бір кезде білінбейтін, айтылмайтын, ештеңе шықпайды дейтін тілдер алға дамып кетті. Ешкім білмейтін халықтар алға шығып кетті. Сондықтан, біз, бұл арада міндетті түрде қазақтың тілі ғылым тіліне айналуы керек дегенді мақсатқа айналдыруымыз керек. Шыға ма, шықпай ма оған бас ауыртудың керегі жоқ", - деді ол.
Еске салсақ, Алматыда Қазақстан мектептеріне үштілділікті енгізу мәселесіне арналған IQ Studio сараптамалық жиыны болып өтті. Оған академик Асқар Жұмаділдаев, журналист Әміржан Қосанов, қоғам қайраткері Дос Көшім шақырылып, енгізілгелі отырған реформаға қатысты пікірлер мен ойлар ортаға салынды.